Apple швейцариялық сағат үшін 21 миллион доллар өтемақы төледі

Естеріңізде болса, қыркүйек айында SBB өзінің сағаттарына қатысты Apple компаниясының үстінен интеллектуалды меншік құқығын бұзды деп сотқа шағым түсірген еді. Осы жөнінде Массагет порталы бұрын хабарлаған болатын.  

Арада екі ай уақыт өткеннен соң, Apple компаниясы Швейцар федералдық теміржолдарына (SBB) вокзал сағаттарының бейнесін ұялы телефондарына пайдаланып, авторлық құқықты бұзғаны үшін 21 миллион доллар өтемақы төледі. 

Apple бұл сағаттарды iPad-қа арналған iOS 6 операциондық жүйесінде қосымша ретінде пайдаланған екен. Бұл іске қатысты теміржол вокзалының баспасөз хатшысы болса, Apple сияқты компанияның вокзал меншігіндегі сағаттарды пайдаланғаны үлкен мақтаныш екенін айтқан. Бірақ ол өз сөзінде SBB үшін бастысы өтемақы емес, авторлық құқықтың шынайы қорғалуы екенін басып айтты. 

SBB меншігіндегі бұл қызыл тілді сағаттарды 1944 жылы вокзал қызметкері Ханс Хильфикер (Hans Hilfiker) жасап шығарған екен. Кейін бұл сағаттар Швейцарияның символы дәрежесіне дейін көтерілген. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: mcdigital.ru