2014 жылдың жобалары өте сәтті жүзеге асты. Ғарышты толығымен танып-білу жолында бұл жыл да ерекше болмақ.
Ағымдағы жылда Күн жүйесіндегі ең алыс ғаламшар Плутон туралы нақты ақпараттар алуға мүмкіндіктер болады. Америкалықтардың «Жаңа көкжиектер» (англ. New Horizons) атты ғарыш аппараты осы жылдың шілде айында аталған ғаламшар атмосферасына жетеді деп жоспарланған. Ал наурыз айында «Dawn» зонды Марс пен Юпитер аралығында айналатын астероидтар айлағындағы ең кіші ғаламшар болатын Церераға қонады. Церера – адам баласына белгісіз, сырты мұзбен қапталған астероид. Оның қыртысында табиғи тұтынуға болатын су бар болуы ғалымдар тарапынан тұспалданған. Ендеше Церера адам өмір сүруіне қолайлы мекен болуы да мүмкін.
Әрине бұл жоспардағы жобалардың барлығы емес. 67Р/Чурюмов – Герасименко кометасына қондырылған «Розетта» (ағыл. Rosetta) модулінің жұмысы 2015 жылдың соңына дейін жалғасын таппақ. Ал Virgin Galactic ғарыш аппаратының сәтсіз жарылысқа ұшырауына қарамастан жеке меншік компаниялар жобаны соңына дейін жеткізуді мақсат еткен. Осы секілді маңызды болған жаңа жобаларға тоқтала кетсек.
«Жаңа көкжиектер»
«Жаңа көкжиектер» ғарыш аппараты Күн жүйесінің бойымен тоғыз жылдан бері Плутонға қарай бағытталып ұшуда. Айта кетсек, NASA агенттігі аталған аппаратты Плутон мен оның табиғи серігі Харонды зертеу үшін 2006 жылы ұшырған болатын. «Жаңа көкжиектер» шілде айында ғаламшарға жетіп, Плутон бетіндегі сұр түсті дақтардың не екенін анықтайтын болады.
MESENGER
Меркурий орбитасында төрт жыл бойы айналып, зерттеу жұмыстарын жүргізген ғарыш аппараты өз миссиясын аяқтайды. Астрофизиктердің есептеуі бойынша, оның жанармайы наурыз айына дейін жетуі керек болған. Бірақ соңғы есептеулер MESENGER аппаратының тағы бір ай ақпарат бере алатынын дәлелдеді.
Тұтылу
Бұл жылда Айдың екі рет толық тұтылуы орын алады. Нақтырақ айтсақ, 4 сәуір мен 28 қыркүйек күндері Жердің табиғи серігі ғаламшарымыздың көлеңкесінде қалып қояды. Ал егер наурыз айында Арктикаға жақын мекенде болуды жоспарласаңыз, Күннің тұтылуын (20 наурыз) да толық көруге мүмкіндігіңіз болады. Ал қыркүйек айына қарай Африка мен Үнді мұхитындағы аралдарды мекен етушілер Күннің жартылай тұтылуын тамашалайды.
Үлкен Адронды Коллайдер (ҮАК)
Үлкен Адронды Коллайдердегі швейцариялық физиктер 2012 жылы Хиггс бозонын тауып еді. Бірақ ҮАК орталығының соңғы екі жылда қайта жөндеуде болғандығынан бозонның қаншалықты алыста жатқанын анықтау үдерісі тоқтап қалған болатын. Енді ағымдағы жыл оның жаппай іске қосылуы жүзеге асырылмақ.
Церера суы
Ғалымдар өткен жылы Церера астероидынан (кіші ғаламшар) судың қалдығын анықтаған. Берілген гипотезаға орай Церераның 40% аумағын су алып жатыр екен. Бұл судың астында сублимациялар мен жанартаулардың болу мүмкіндігін көрсетеді. Dawn ғарыштық аппараты наурызға қарай Церера орбитасына жеткен кезде ғалымдар осы секілді гипотезалардың қаншалықты шындыққа жанасуын анықтайтын болады.
eLISA миссиясы
Еуропа Ғарыш Агенттігі дайындап жатқан eLISA жобасының мақсаты галактикадағы қара ойықтардың соқтығысуынан пайда болатын гравитацияның салмағын анықтау. LISA Pathfinder модулі ағымдағы жылы ұшырылып, ғарыш қабаттарын өлшеу технологиясын пайдаланатын алғашқы аппарат болмақ.
«Розетта»
Бұл ғарыш аппаратының миссиясы енді басталды. Ол 67P/Чурюмов – Герасименко кометасының Күнге бағытталған траекториясын бақылау үстінде. Оның негізгі мақсаты Күнге жақындаған сайын одан шығатын сәуленің артуын анықтау болмақ. Сонымен қатар, Күннен бөлінген газ бен тозаңның мөлшерін есептейді. «Розетта» кометасы ақпан айында Күнге жақындай түседі. Ғалымдар сол кезде түсетін ақпаратты өңдеуге дайындық үстінде.
Жеке сегмент
NASA мен SpaceX сынды ғарыштық инжинирингпен айналысатын дербес компаниялар адамдарды Жер атмосферасының сыртқы қабатына жеткізуді ойластырып отыр. SpaceX компаниясының бас директоры Элон Маск Dragon аппаратының көмегімен Халықаралық Ғарыш Станциясына қажет заттарды тасымалдауды ұсынып отыр. Ал өткен жылдың қазан айында Orbital Sciences компаниясына тиесілі «Антарес» зымыраны ұшу барысында жарылып кеткен болатын. Компания орын алған қателіктерді ескеріп, Cygnus ғарыш аппаратын орбитаға дайындауды жоспарлап отыр. Аталған аппарат «Атлас-5» зымыранының бортында ғарышқа жеткізілмек.
Сурет: www.1366x768.ru, www.nasa.gov, www.spacex.com.
Оқи отырыңыз:
NASA: «Марсқа адамдар 1979 жылы қадам басқан»
Жер орбитасымен виртуалды тур (Видео)
Қытайдың ғарыш аппараты Айды зерттейді
Халықаралық Ғарыш Станциясының қалай құрылғаны туралы
Әлемдегі ең үлкен телескоп салынады