Есім – дыбыстардан құралған жай ғана қарапайым сөз емес. Есім – біздің азан шақырып қойған атымыз. Біз өмірге келгенде кім деп аталсақ, бүкіл өмір бойы сол есіммен өзгенің жадында сақталамыз. Адам ғұмырында оның есімінің маңызы ерекше.
Аты-жөні қызық әлемде талай адам өмір сүріп жатыр. Есім туралы әңгімені таң атырып, кеш батырып айтуға да болады. Американдық зерттеушілердің айтуынша, адамның есімі әрі әдемі, әрі ерекше болған сайын оның өмірде жолы бола түседі. Сирек кездесетін есімдерді еншілеген жандардың ғұмыры басқалармен салыстырғанда сәттілікке толы болады. Мұны айтып жатқан мен емес. Американың білгіштері!
Бірақ адамның бағының қаншалықты екендігін оның есіміне қарап аңғаруға келгенде біз аузымызды жауып қаламыз. Өйткені бәрі де бақтан дәмелі. Ешкім де баласының жаман болғанын қалап есім таңдамайды. Бүгін біз арнайы сіздер үшін есімдерге байланысты әлемнің түкпір-түкпіріндегі қызықтарды түгендеп шықпақпыз. Сіздің есіміңізден де шулы есімдердің барынан хабардар болып отырыңыз!
- Есімің кім?
- Фейсбук!
Ағымдағы жылдың сегізінші наурыз күні египеттік бір әке өз қызының есімін азан шақырып, Фейсбук деп қойды. Жиырма жастағы Жамал Ибрахим әлемге әйгілі әлеуметтік желіні құрметтеп, қызын Фейсбук Жамал Ибрахим деп атаған. Topnews.ru ақпараттық сайтының хабарлауынша, Египетте бұл желіні 5 миллион адам пайдаланады екен.
Қайтыс болған адамның атын кімдер атамайды?
Кейбір халықтарда өмірден өткен адамдардың есімдерін атауға рұқсат берілмейді. Олардың есімдері аталған кезде о дүниелек жандардың рухтары елес болып келеді деп түсінеді. Африкалық масаи тайпасының ғұрпынша олардың есімдерін өзгертіп не басқаша атпен атау керек. Оңтүстікамерикалық гуахиро үндістерінде өлген адамның есімін атаған жан өзі де өлім жазасына кесіледі. Өмірден өткен адамның есімін атамау аустралиялық аборигендердің салтында да сақталған. Тіпті өлген адамның аттасы да өз есімін өзгертуіне тура келетін жағдайлар да бар.
Оның есімінің әр әрпі – балаларының есімдерінің бас әрпі
Ресейлік атақты кәсіпкер, меценат Савва Мамонтов өзінің есімінің бірінші дыбыстарынан бес перзентінің есімдерін қойған. Балаларының есімдерінің бас әріптері әкелерінің есімін құрайды: Сергей, Андрей, Всеволод, Вера және Александра.
Отандастарымыз аман-есен тұрар ма екен?
Қазақстандық ата-ана бірден өмірге келген төрт ұлдың есімін қойып та жаңалық ашқан болатын. Ұлдарының бір мезгілде төртеу болып өмірге келгеніне қуанған ата-ана олардың дендері сау болғанын тілеп ұлдарын Аман, Есен, Тұрар, Мекен деп атаған.
Есімсіздер де болған екен...
Ежелгіримдік әйелдердің өздерінің жеке есімдері болмаған. Егер бір отбасыда бірнеше қыз болса, оларды реттік атпен атай берген. Мәселен: Сегунда (екінші), Терция (үшінші) және тағы басқа.
Корейлерді шатастырып алу оңай
Біздің халқымыз есімге бай. Ал корейлерде олай емес. Оларды тектерімен оңай тауып ала алмайсыз. Әлемдегі 80 миллион корейге ортақ 300 түрлі тегі бар. Ал екі не үш әріппен аталатын есімдері оларда мыңнан асып жығылады. Сондықтан олардың арасынан аттастар көп кездеспейді. Көбінің тегі бірдей болғанымен, есімдері әртүрлі болып келеді.
Қарызға ақша алсаң, есіміңді кепілдікке қалдыр!
Квакиутль тайпасының үндістері біреуден қарызға ақша алғанда кепілдік ретінде өзінің есімін қалдырып кетеді. Ол қарызға алған ақшасын қайтарғанша оны ешкім өз атымен атамайды.
Тегі жоқтар да бар екен
Исландиялық тұрғандардың көбінің есімдері тегінсіз айтылады. Тек олар есімдерінің жанынан әкесінің атын қосады. Мәселен, Магнус Карлссон – Магнус Карлұлы, Анна Карлсдоттир – Анна Карлқызы.
Анналар қаншау?
Әлемдегі ең көп қойылған әйел есімі – Анна. Олар 100 милллион.
"- Пепси мен Кола! Танысқанымызға қуаныштымыз!"
1979 жылы Пеннсильванияда өмірге келген екі балаға Пепси мен Кола деген есімдер қойылды.
102 әріптік аты-жөні бар қыз
Гавай аралдарының біріндегі мектепке жергілікті мейрамханалардың бірінің қожайыны қызын оқуға беріпті. Сенесіз бе, оның есімі мен тегі 102 әріпті құрайды. Қыздың аты-жөні қазақ тілінде «Гавайдың жан-жағын жұпар иіспен әрлендіретін тау мен даланың түрлі-түсті таңғажайып гүлдері» деген мағынаны білдіреді. Осындай ерекше есімді еншілеген ару сынып журналына аты-жөнін сыйғыза алмай әлекке түскен көрінеді.
- Тегің кім?
- 1792!
Осыдан біраз уақыттар бұрын Францияда ерекше тегі бар отбасы өмір сүрді. Олар өз тектерін 1792 деп атады. Ал бұл отбасында өмірге келген төрт ұл да ай аттарымен аталды. Осылайша олардың есімдері құжатта былай жазылды: Қаңтар 1792, Ақпан 1792, Наурыз 1792 және Сәуір 1792...
Карлсондарда шек бар ма?
Швецияда Карлсон тегін еншілеген 300 мыңға жуық адам өмір сүреді екен.
Америкадағы Смиттер қаншау?
Америкадағы адамдардың ең танымал тегі – Смит. Олардың саны шамамен 2,5 миллионға жетіп жығылады.
Қытайлар неге Ли-ге құмар?
Шамамен 90 млн қытайлықтардың тегі Ли деп аталады. Кейбірі оны есім етіп те өзіне еншілеп алған.
Әлемдегі ең ұзақ есім
Әлемдегі ең ұзақ есім 1478 әріптен құралған. Оны оқу үшін он минут уақыт кетеді. Есімнің ішінде тарихи орындар мен танымал дипломаттардың және дінтанушылар мен ғалымдардың есімдері кездеседі.
Ауырмайтын аурулар
Чикагодағы Джексондар отбасы өз балаларының есімдерін Ларингит (көмейдің қабынуы ауруы), Аппендицит (соқыр ішек бөлшегінің асқынып ауыруы), Перитонит (іш пердесінің қабынуы ауру), Тонзиллит (бадамша безінің қабынуы) деген есімдер қойып масқаралапты.
Урюрвкос пен Гагаринде қандай байланыс бар?
Ресейде әлі күнге дейін Урюрвкос есімі сақталған. Мағынасы – «Ура, Юра в космосе!»
Пикассо жәй ғана Пикассо емес!
Танымал суретші Пабло Пикассо көпшілігіңізге таныс шығар. Бірақ суретшінің толық аты-жөні осы 12 әріппен шектелмейді. 93 әріптен құралған оның нағыз аты-жөні Пабло Диего Хозе Франциско де Паула Хуан Непомукено Криспин Криспиано де ла Сантисима Тринидад Руиз и Пикассо. Пикассо испандық болғандықтан мұндай шұбыртпалы аты-жөндер оларда сирек кездеспейді.
Дельфиннің де өз есімі бар
Өмірге келген әр кішкентай дельфин өз есіміне ие болады екен. Бұл ойдан шыққан сөз емес. Мұны ғалымдар дельфиндердің ысқырық дауыстары арқылы анықтаған. Бір дыбыс шыққанда, біреуі жалт қараса, басқалай аталғанда екіншісі жалт қарайтын болған. Демек олар да бір-бірін өз есімдерімен атайды.
Қай хайуанды түйежолбарыс деп атауға болады?
Еуропалықтар керікті алғаш көргенде оны түйежолбарыс деп атаған. Мұндай хайуанды алғаш кездестірген олар керікті түйе мен жолбарыстың буданы деп ойлапты.
Тайларға тектің керегі де болмаған
1913 жылға дейін Тайланд халқының көп бөлігінде (әсіресе ауылдық жердің тұрғындары) тегі болмай, тек қана есімдерімен жүрген.
Фидель Кастро қонақта болғанда...
1963 жылы Фидель Кастро Свердловскте қонақта болған кезде қалалық АҚАТ бөлімінде жаңа туылған он бір нәресте Фидель Кастро есімімен тіркелген.
Наполеон есімі кімге қойылмайды?
Француздар жаңа туылған торайдың есімін Напалеон деп қоя алмайды.
Өзімен аттастары көп адамның жүйкесі жұқа болады
Психиатр мамандардың айтуынша, өзімен аттас 4 адамы бар жан басқаларға қарағанда психологиялық қиындықтарға тап болады. Олар көбіне өзінің аты жаман жағдайда аталып қалса, «Мен бе?» деп қолайсыз күйге түсетін болуы керек. Оның үстіне кейбір есімдер ұлдарға да қыздарға да ортақ болады. Бұл жағдай да сол есімді еншілеген адамның жүйкесіне оңай тие қоймасы анық.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: abc-news.ru