Италияның Болон университетінің ғалымдары ең көне тірі ағзаны – тасқа айналған микроб қалдығын тапты. Мұхит түбінде, гидротермальды су бөлігінен табылған микроағзаның ғұмыры 3,42 млрд жылға тең.
Ғалымдардың айтуынша, табылған шөгіндінің арқасында көне дәуірде, яғни, архей кезеңінде өмір сүрген тіршілік иелерінің арасында оттегімен емес, метанмен тыныс алған микроағзалардың болғанын білуге болады.
Шөгіндінің табылған жері – Барбертон жасылтасты белдеуі. Яғни, Оңтүстік Африка Республикасы мен Мозамбик елінің арасында жатқан, көне архей кезеңіне жататын (шамамен, 4-2,5 млрд жылғы) шөгінділер жиналған белдеу. Бұл мекен – адамзатқа дейінгі дәуірде жер бетінде тіршілік болғанын айғақтайтын өңір.
Зерттеушілердің айтуынша, сол көне дәуірде өмір сүрген тіршілік иелері Есекқырғанда да тіршілік кешуге мүмкіндік бар-тұғын. Өйткені Жер шары мен Марстың экожүйесі ұқсас еді.
Бұл белдеуде әлімсаққа дейінгі шөгінділердің бұлай жиналып қалуына себеп болған құбылыс – салқын мұхит суы мен оның ішінен, гидротермальды бұлақтан шығып жатқан ыстық судың араласып жатуы. Мұндай химиялық элементі мол орта тіршілік кешуге өте қолайлы.
"Микроб шөгіндіге айналғанымен, жақсы сақталып қалған. Ыстық су шығып жатқан қуыстың бәрі кезінде тіршілік иелері көп жиналған сай-сала болғанға ұқсайды. Бірақ жанартау атқылап, экожүйенің біршама бөлігі жойылып кеткен сыңайлы", - дейді зерттеу тобының жетекшісі, Болон Университетінің профессоры Барбара Кавалацци (Barbara Cavalazzi).
Ғалымдардың айтуынша, бұл микроб – жер шарынан табылған әзірше ең көне ағза, экожүйе.
"Марс ғаламшарынан да архей кезеңіне ұқсас тіршілік иелерін тапқанбыз. Соған қарағанда Жер бетінен бөлек, өзге ғаламшарда да тіршілік бар деуге негіз бар сияқты. Бұл жаңалық астробиология үшін өте маңызды", - дейді Барбара Кавалацци.