Футболдан Алматының «Қайрат» клубы ел премьер-лигасының ІІІ тур ойындарынан кейін-ақ бас бапкерсіз қалды. Ресейлік маман Александр Бородюк өз қалауымен қызметінен кетті. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.
- Клуб басшылығы жаттықтырушыны қызметінде қалдырғысы келгенмен, Александр Бородюк «Қайраттан» кету туралы шешім қабылдады. Клуб жаттықтырушының алдағы қызметтеріне сәттілік тілейді, - деді ресми хабарламада.
Айта кетейік, алматылық клуб ІІІ тур қорытындысы бойынша бар болғаны бір ғана ұпайға ие болған еді. Сондай-ақ, маусымдағы алғашқы ресми ойынында ҚР Суперкубогын жеңіп алған болатын.
О. Сансызбай