Заманауи графикалық дизайн. IGRAPHIC дизайн-бюросы

IGRAPHIC – графикалық дизайн, брендинг, инфографика мен презентациялық видеоролик, ақпараттық визуализациялауға маманданған отандық бірегей дизайн-бюро. Оның арт-директоры Владимир Лукашов Massaget порталына бюроның тәжірибесімен бөлісіп, графикалық дизайнның қыр-сыры жайлы айтып берді.

Владимир Лукашов / Фото жеке мұрағаттан алынды

– IGRAPHIC қалай құрылды?

IGRAPHIC дизайн-бюросы ресми 2015 жылы құрылды. Бірақ біз серіктесіміз Бағлан Айдашовпен оған дейін де бірге жұмыс істедік. Қазақстандағы алғашқы инфографикаларды жасай бастадық. Кей жұмыстарымыз тіпті шетелде танымал бола бастады. Алғашқы клиенттеріміз пайда болып, біртіндеп көбейе берді. Осылайша, компания ашып, мүдделес кәсіби мамандарды жинау керек деген ой келді. Қазір IGRAPHIC-тің өз командасы бар, бірақ штатымыз онша үлкен емес, бірнеше графикалық дизайнер, моушн-дизайнер, аналитик пен аккаунт-директор бар.

– Командаңыз жайлы айтып берсеңіз. Бюроның идеал жұмыс жағдайы қандай?

Компанияны Бағланмен бірге құрғанымызда кеңседегі жұмыс жағдайын бірден белгілеп алдық. Бастысы, әрине, комфорт. Ұжымымыз тату, ұйымшыл, бәрі бірін-бірі құрметтейді. Команда таңертең сағат 10:00-да құлшыныспен келіп, 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл ресми жұмыс уақыты.

Біздің командаға қосылу оңай емес, іріктеу аса мұқият өтеді. "Команда" деген сөзді осыған дейін бірнеше рет қолдандым, тектен-тек емес, себебі бұл сөз бізді тек көрнекі түрде емес, расымен іске келгенде, жобаларды орындауда ұйымшыл, бір механизм екенімізді көрсетеді деп ойлаймын. Бұған дейін бізде тек бір адам істеген жоба болған емес. Біз жүкті бәрін бөліп беріп, жұмыстағы міндеттерді нақты айқындауға тырысамыз.

– Жұмыс процесі қалай жүреді?

Алдымен біздің аккаунт-директор клиенттен тапсырысты қабылдап, керек ақпараттарды жинайды. Жоба құнына, мерзіміне келіскен соң, арт-директорға хабарлайды. Ол жоба жетекшісін тағайындап, онда нақты қай қызметкерлер жұмыс істейтінін белгілейді. Кейде аутсорспен де айналысамыз, яғни тек белгілі бір жобаларда серіктес болуға дайынбыз.

Тапсырысты талқылап, идеялар жинай бастаймыз. Ең ұтымдылары іріктеліп, презентацияның концепциясы жасалады. Әдетте бір презентацияда бірнеше концепция болады. Тапсырыс беруші ұнағанын таңдап, жоба жүзеге асады. Жобалар әрдайым өз мерзімінде, келіскен форматта тапсырылады.

– Клиенттер неге IGRAPHIC-тің қызметіне жүгінуі тиіс?

Біз тек сапалы нәтижені көздейміз, бейстандарт тәсіл арқылы жобаға беріліп кірісеміз. Біздің клиенттер – бізге сенім артатын, тек әдемі суретті ала салмай, дизайн арқылы нақты мәселені шешуді қалайтындар.

Go Viral халықаралық фестиваліне арналған айдентика

– Бір сұхбатыңызда коммерциялық емес, шығармашылық жобаларды көбірек жасаймыз депсіз. IGRAPHIC-тен қандай дүниелер күтуге болады?

Шығармашылық жобаларды жиі жасап жүрміз. Ол – коммерциялық жобалардан босап, өзімізге қызық тақырыптарда қиялдап, еркін көсілетін жобалар. Сол арқылы тек қиялымызды шыңдап қоймай, тәжірибе, білім жинаймыз. Сондай процесс кезінде өз шрифтімізді жасап көреміз деп шештік, кейін оны қазақстандық "Неделимое" фильмінің постері мен титрына қолдандық. Сол сияқты анимациялық видеолар жасап жүрдік, кейін ол біз ұсынатын қызмет түріне айналды. Инфографика да сондай, бюроның бөлек қызмет түріне айналды, қазір біршама қор жиналып қалды.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Фирменный шрифт для кинофильма «Неделимое» @nedelimoe.film ⠀ Фильм «Неделимое», снятый в жанре криминал, с элементами комедии. Дебютная полнометражная работа режиссера Олжаса Ахметова вышла в широкий прокат 14 декабря 2017 года. В дизайн-бюро IGRAPHIC разработан шрифт, который использовался для титров фильма «Неделимое» и стал фирменным и узнаваемым элементом отечественной киноленты. Таким образом, это первый шрифт разработанный в стенах дизайн-бюро IGRAPHIC. Это специально уплотненный монолитный шрифт, соответствующий концепции и стилю фильма. Данный шрифт предназначен для написания крупных акцидентных заголовков. Он приспособлен под разные алфавиты, на основе латинских и кириллических языков. ⠀ Дизайнер – Владимир Лукашов Отдельные благодарности дизайн-бюро выражает Захару Ящину, Кириллу Малыхину и Даниилу Воробьёву за рекомендации и конструктивные предложения по разработке данного шрифта.

Публикация от IGRAPHIC (@igraphickz)21 Дек 2017 в 7:43 PST

– Жұмыстарыңыздың ішіндегі әзірге ең сәтті жоба қайсы?

Жобаларды сәтті немесе сүйікті деп бөлмейміз. Бізге әр жұмыстың маңызы зор, әрқайсы өзінше ерекше. Бірақ бюроның ең танымал жобасы – қазақтың әйгілі тұлғаларының мотивациялық портреттері. Бұл иллюстрациялар еліміздің әр бұрышында бар – батыс Қазақстанның ауылдық мектептерінен бастап Бас прокуратурасына дейін.

– Иллюстрациялық портреттерден бөлек, желіде IGRAPHIC жасаған Love is, Telegram-стикерлер де аса танымал. Тағы қандай ерекше жобалармен қуантасыздар? 

Бюро аталған жобалар арқасында танылды, күмәнсіз. Бірақ бұл біз істеген біраз дүниенің кішкентай бөлігі ғана. Оның барлығы бірдей жұрт назарына іліккен жоқ. Мысалы жақында жарыққа шыққан "What if" (Ал егер) арнайы жобасын ерекше атап өтуге болады. Алдағы уақытта жаңа сайт іске қосылады, сол жерде біздің дизайн бюроның барлық жобасы жарияланады. Болашақта әлі талай шығармашылық жобалар болады, әзірге егжей-тегжейлі айтпай тұра тұрайық, кішкентай құпия болып қалсын.

– 2018 жылы шілде айында IGRAPHIC 10 000 теңгелік қағаз ақшаны жариялап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Егер Ұлттық банктен ұсыныс түссе, теңгенің жаңа дизайнын жасауға дайынсыздар ма?

Иә, 10 000 теңге біраз шу тудырды. Шынымды айтсам, мұндай реакция күтпедік және интернетте жариялаған соң жарнамаға бір тиын да құртпадық. Бізге теңгені минималистік, заманауи кескіндегі өзге қырынан көрсету қызық болды. Әлеуметтік желілерге жүктеп, адамдардың пікірін білгіміз келді. Пікірлер екіге жарылды. Бірақ көбіне ұнаған сияқты. Біздің концептіге тіпті Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер назар аударады деп күтпедік. Бұл концепт арқылы біз қиялға ерік берсе, ақшаны да өзгеше түрлендіріп жіберуге болатынын көрсеткіміз келді.

Бізге Ұлттық банк ресми ұсыныс жасайды дегенге сену қиын. Себебі банкноттарды арнайы компаниялар жасайды, олар тек ақшаның дизайнын ғана емес, қорғаныс функцияларын да назарға алады. Қалай болғанда да бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймыз.

– Шабытты қайдан аласыздар?

Біздің өз жұмыстарымызға әрдайым көңіліміз толмайды және бұдан да жақсы жасауға болатын еді деген ойда қаламыз. Бұл келесі жобаларда бар күшімізді салуға итермелейді. 

Қазақстан қалаларының ауасының ластану деңгейі

Құрт қаптамасының концепциясы

ҰБТ-ға арналған видеоинфографика

Бізді шығармашылыққа қатысты дүниенің бәрі шабыттандырады. Ең сүйікті дереккөзіміз – бүкіл әлем дизайнерлерінің жұмыстары жарияланатын behance.com шығармашылық порталы.

– Тұтас дизайн саласында қазір қандай жетекші трендтер бар?

Қазір барлық стиль мен тренд өзекті. Әр стиль уақыт өте келе қоғам мен шығармашылық субмәдениеттерге қарай жаңаша түрленеді. Мәселен, минимализм тренд ретінде шығармашылықтың бірнеше бағытына сіңіп кетті. Ол тек графикалық дизайнда ғана емес, веб-дизайн, сән, архитектура мен өзге де шығармашылық салаларда трендке айналды. Ал біз белгілі бір бағытқа қадалып қалмаймыз, әр жобаның табиғатына сай стилистика бойынша дизайн жасаймыз.

– Жобаларыңызға қандай құралдарды пайдаланасыздар?

Көп дизайн-студиялар сияқты дизайнға арналған графикалық бағдарламаларды қолданамыз. Кейде жобалардың қажеттігіне қарай фотограф, видеооператор, веб-технологтардың көмегіне жүгінеміз.  

Астана қаласының 20 жылдығына орай жасалған видеоролик

– IGRAPHIC портфолиосын ақтарып отырып, бюро компанияларға бастан-аяқ күрделі концепция жасайтынын байқауға болады. Бір жобаға қанша уақыт кетеді?

 
//


Кез келген жоба идеядан басталады. Оны тапсырыс берушіге жеткізу үшін біз концепциялар негізінде презентация ұсынамыз. Идеяны визуал түрде көрсету әлдеқайда оңай, сол арқылы жүзеге асырғымыз келген идеяға жақындай түсеміз, себебі таңдалған концепция жобаға кепіл болады. Клиент оны бекітіп, келесі жұмыстар соған негізделеді. Барлық концепция бірден қабылдана бермейді. Кейде қайтадан жаңа дүниелерді жасап жатамыз. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі, біз тапсырыс берушілермен бірінші кездескенде өзімізге керектің барлығын сұрап алуға тырысамыз.

Әр жоба күрделілігі мен көлеміне қарай уақыт алады. Мысалы қысқа мерзімді тапсырыс, логотип жасауға бес күн мен екі аптаға дейін уақыт кетеді. 

– Клиентке жұмыстарыңыз ұнамай қалған кездер болды ма?

Иә, ондай болған. Біз әзірге бастай сала бәрін мінсіз жасайтын компания емеспіз. Клиенттердің көңілі толмауына бірнеше себеп бар: клиент өзі не қалап тұрғанын білмейді яки ойындағысын дұрыс жеткізе алмайды немесе біз клиент ойын түсіне алмаймыз. Десе де, мұндай жағдайлар компанияда бірен-саран.

– Бюроның қызметкерлерінде кәсіби білім бар ма? Заманауи дизайнер үшін арнайы білім алған дұрыс па, әлде дизайнды өздігіңнен меңгеріп алуға бола ма?

Біздің командада тек бір дизайнердің бейіндік білімі бар. Қалғандары – өз бетінше үйренгендер. Бүгінде интернетің барда қысқа мерзім ішінде керекті білімнің бәрін сіңіріп, қажетті машықты үйреніп алуға болады. Бұл дизайнға да қатысты. Мықты дизайнердің негізгі қасиеті – таланты мен бірегей болуы. Сондай-ақ қазір сұранысқа ие дизайнер болу үшін жасампаз көзқарас қалыптастырып, табанды болып, өзіңді өзің шыңдап отыруың қажет. Өкінішке орай дизайн курстары, мектеп немесе арнайы оқу орындары нағыз керек білімді бермейді. Салдарынан көп дизайнер компанияларға тағылымдамаға алуын сұрап, көп нәрсені сол кезеңде үйреніп жатады.

– Жас дизайнерлерге қандай кеңес бересіз? Клиентпен жұмыс істеу тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

Дизайнер командада жұмыс істей алуы тиіс. Біраз маман үйде жұмыс істеуді қалайды. Бірақ адам командада едәуір биік деңгейге көтерілуі мүмкін. Оған мына факторлар әсер етеді: тәжірибе алмасу, жаңа білім алу, коммуникация.

Кез келген шығармашылық жобаны дұрыс түсіне білсек, сәтті шығады. Көбіне қарым-қатынасты дұрыс жасамай, тіпті коммуникацияны тұтас жоғалтып алып, екі тарап бір-бірін түсінбей жатады. Соның салдарынан нәтиже де көңіл көншітпейді, уақыт текке кетеді. Екінші маңызды критерий – клиенттің көбі шығармашылықтан алыс адамдар және оларға дизайнердің ойын түсіну қиын, сондықтан дизайнер өз ойын қандай да болсын тәсілмен жеткізе білуі тиіс.