- Негізгі бет
- Жаднама
- Ыстық күндері қалай...
Ыстық күндері қалай терлемеуге болады?
Тер бөліну бірнеше маңызды қызметтерді атқарады. Солардың бірі — жылуды реттеу. Сондай-ақ, термен бірге ағзадан уыттар мен алмасу өнімдері шығады. Бірақ қатты тершеңдік әрқашан ыңғайсыздық сезімін тудырады. Бұл проблемаға жиі жазда жолығамыз. Ыстық күндері қалай қатты терлемеуге болатынын қарастырайық.
Табиғи материалдардан тігілген киім таңдаңыз
Полиэстер, вискоза, нейлон және басқа да синтетикалық маталар ауаны нашар өткізіп, қатты терлеуге себепші болады. Ыстықта терлемес үшін табиғи маталардан тігілген киімдер таңдаңыз. Мысалы: мақта немесе зығыр. Олар денеге жағымды, ауаны жақсы өткізеді және салқындықты сақтауға көмектеседі. Табиғи жібек пен бамбуктан тігілген киімдер де жазда өзекті. Бұл маталар ылғалды жақсы сіңіреді, жағымсыз иісті жұтады және зиянды ультракүлгін сәулелерді жібермейді.
Таңғы кофеден бас тартыңыз
Дерматологтардың ойынша, таңын сумен бастайтын адамдарға қарағанда кофемен бастайтын адамдар ыстықта көбірек терлейді. Себебі кофеин жүйке жүйесін қоздырады, нәтижесінде, тер бөліну артады.
Жүректің ишемиялық ауруымен, ұйқысыздықпен және жоғары қан қысымымен қиналатын адамдарға да аш қарынға кофе ішу ұсынылмайды. Кофенің құрамында асқазан шырыштысын кептіретін илік заттар болғандықтан, оны созылмалы гастриті және жарасы бар адамдарға ішуге болмайды.
Арнайы гаджеттер қолданыңыз
Қолтық тұсында тердің ізі қалғанын қаламасаңыз, целлюлозадан жасалған арнайы ішпек қолданып көріңіз. Олар ылғалды жақсы сорады, аллергия бермейді және жағымсыз иісті ұстап қалады. Мұндай ішпектер кез келген киімнің қолтығына оңай бекітіледі.
Аяқтың жағымсыз иісінен арылу үшін табиғи материалдардан жасалған арнайы ұлтарақ пайдалануға болады. Олар антисептикалық қасиетке ие және бактериялардың көбеюіне жол бермейді. Әдетте, оларды жабысқақ негізде дайындайды, сондықтан оларды кроссовкаларға да, басы ашық аяқ киімдерге де қолдануға болады.
Қалың макияждан бас тартыңыз
Бет терлемес үшін, ал макияж ерімес үшін жазда жеңіл бьюти-өнімдер қолданған жөн. Тығыз тональді құралдар тері тынысын қиындатады, көп тер бөлінуін ынталандырады және ұсақ тесіктердің бітелуіне ықпал етеді. Ал ол теріде ластықтың жиналуына және уақыт өте безеулер мен бөртпенің пайда болуына әкеледі. Сондай-ақ, далаға шығарда бет пен денеге күннен қорғайтын факторы бар құрал жағу керек. Ол теріні ультракүлгіннің жағымсыз әсерінен қорғайды және тері ісігінің даму қаупін азайтады.
Қарама-қарсы душ пен жылы ваннаға түсіңіз
Жылдың ыстық мерзімінде тершеңдікпен күресу үшін жиі душқа түсуге тырысыңыз. Сондай-ақ қолтықтағы шаштардан уақытылы арылу ұсынылады, себебі оларға жағымсыз иістің пайда болуына ықпал ететін бактериялар жиналады. Қарама-қарсы душ пен сәлбен немесе емен қабығы қосылған ванна қабылдау ыстықта тершеңдікпен күресуге көмектеседі. Олар тері сапасына жақсы әсер етіп, сергек болуға көмектеседі.
Маман көмегіне жүгініңіз
Тершеңдік кейде ыңғайсыздық тудырады немесе ұялтады. Алайда ол кей жағдайда денсаулыққа қатысты проблемамен байланысты болуы да мүмкін. Мысалы, ол гормонды фон өзгеруінің салдарынан пайда болады. Сондай-ақ, ол қант диабетінің және басқа да қауіпті аурулардың дамуын ескертуі мүмкін. Сол үшін де тершеңдік кезінде терапевтке қаралған дұрыс.
Антиперспирантты дұрыс жағыңыз
Ыстықта қатты терлемес үшін антиперспирантты дұрыс жағып үйрену маңызды. Оны тек таза және құрғақ қолтық терісіне жағу керек. Қолданар алдында душқа түсіп, дененің табиғи кепкенін күтіңіз. Ылғал қалдығын мақта сүлгімен сүртіп алуға болады.
Сондай-ақ сезімтал және жұқа қолтық терісіне күтім жасай білу керек. Ылғал жоғалтуды төмендету және құрғақ теріні тыныштандыру үшін арасында ылғалдандырушы крем немесе кокос майын жағып тұрыңыз. Егер теріңіз сезімтал болса, құрамында спирті бар антиперспиранттардан бас тартыңыз.
Дұрыс тамақтануға тырысыңыз
Ұннан дайындалған тағамдар, тәттілер, алкоголь және қара шай тершеңдікті арттырады және әлсіздіктің себебі бола алады. Тұзды тағамдардан және фастфудтан бас тарту керек: олар ағзада тұз жиналуын ынталандырады, нәтижесінде, ісінесіз. Шөлдеген кезде газдалған тәтті сусындар емес, таза су, жасыл шай немесе лимон қосылған салқын сусындар ішуге тырысыңыз.
А. Жапатова