Күнделікті үйден оқу орнына не жұмысқа барып-қайту үшін қала тұрғыны бірнеше сағат уақытын қияды. Онсыз да уақыт тапшылығынан зардап шегетін заманауи адам жолға құртқан уақыты зая кетпес үшін жол кезінде пайдалы бір істі қолға алуы керек. Ұзақ жолды қысқарту амалдарымен танысайық.
Қазір әр адамда заманауи смартфон болады. Техниканың қызығын осы ұзақ жолдар кезінде көре аламыз. Бірақ Angry Birds ойнап, уақытты бос өткізгеннің орнына, смартфоныңызға қызықты кітап жүктеп, жолда соны оқып жүрген дұрыс. Оқуға уақыт жоқ деп кітап оқудан қалсаңыз, ұзақ жолдар сіз үшін керемет шешім болмақ. Қысылып тұрған автобустың ішінде кітап оқуға мүмкіндік жоқ десеңіз, кітаптың аудионұсқасын жазып, құлақшын арқылы тыңдаңыз. Бұл кеңес сонымен қатар рөлде отыратын көлік жүргізушілеріне де пайдалы.
Өз уақытын жоғары бағалайтын іскер кісілер пайдалы дүниемен айналысқаны дұрыс. Мысалы, ағылшын тілін оқыңыз. Қосымша курстарға уақыты (ақшасы) жетпейтіндер телефонына аудиосабақтар жазып алсын.
Күнделікті таңмен асығып жүгіріп шығып, соңына дейін оянып та үлгермейміз. Жолда ойыңызды жинақтап, бүгінгі күнді ойша жоспарлаңыз. Қажет болса, күнделікке жазып алыңыз. Істелмей қалған істер, маңызды шаруалардың бәрін еске түсіріп, орындалу уақытын белгілеңіз.
Достар мен туыстарыңызға хабарласуға уақыт жоқ па? Ал осы жолға кеткен сағаттар ше? Қазіргі өмір қарқыны мүлдем бос уақыт қалдырмайтыны рас, бірақ бұл жақындарыңызды ұмытып кетудің себебі болмасын. Автобуста қоңырау шалу ыңғайсыз болса, SMS хабарлама жазуға да болады.
Тақырып бойынша:
Жол кептелісі кезінде не істейсіз? Жүргізушілердің тілін білесіз бе?Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: xorst.ru