Бела Ганди (Bela Gandhi) — танымал жеке жаттықтырушы және америкалық ақылды қатынастар Академиясының (Smart Dating Academy) негізін қалаушы. Ол өз тәжірибесінен кез келген қарым-қатынасты 60 секунд ішінде күшейтуге болатынын айтты. Бұл негізінен біз ойлағаннан да жеңілірек екен.
Біз сіздермен достарыңызбен, жақындарыңызбен, сүйіктіңізбен, жалпы қоғаммен қарым-қатынасыңызды қалпына келтіру, қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүру жайында ой қозғап, сыр бөлісіп көрмекпіз.
Сүйіктіңізбен ара-қатынасыңызды күшейту
1. Бір-біріңізді 60 секунд құшағыңызға қатты қысып тұрыңыз. Құшақтасу адам баласына мүлде бөлек жан жылуын сыйлайды. Бұл уақытта жаныңызды кемірген қайғыңыз бір сәтке жеңілдейді.
2. Хат жазыңыз. Сүйіктіңізге оның қасында өзіңізді жайлы сезінетініңізді немесе онымен үнемі бірге жүру ұнайтынын жазыңыз. Өмірдің жарқын сәттерін еске салу арқылы сіз өз жартыңызға жағымды энергия сыйлайсыз.
3. Сүйіктіңіз жақсы көретін сусын мен десерт сатып алыңыз. Кішкене ғана зат боп көрінгенімен, бұлар сіздің оған деген қамқорлығыңызды көрсетеді. Әсіресе, қыздар жігітінің көңіл бөлгенін қалайды.
Достарға көңіл бөлу
4. Достық қарым-қатынасты жандандыру үшін досыңызға жай ғана қарапайым хат жазып көріңіз. Хатыңызда: «Мен бүгін радиодан сенің сүйікті әніңді тыңдадым да, екеумізге жуық арада жолығу керек секілді деп ойладым. Бәлкім, бір жерге отырып тамақтанып қайтармыз?» деп жазсаңыз болады.
5. Құрбыңызға еш себепсіз гүл сыйлаңыз немесе арнайы тапсырыс беріп, тұратын үйіне жіберсеңіз де болады. Хош иісті гүлмен бірге жылы сөзді хат салып жіберіңіз.
6. Жақын досыңызға онымен қарым-қатынасыңыздың мықты екенін айтып немесе оның жақсы көретін әнін салып, дыбыстық хабарлама қалдырыңыз. Кейін ол оны тыңдап, күліп, сізге де жылы пікірін айтуы мүмкін.
Балаларға қамқорлық
7. Таңертең жұмысқа шығып бара жатқан кезіңізде үстелдің үстіне балаңыздың сүйікті асы мен кішкене хат қалдырыңыз. Балалар сіздің қамқорлығыңызды үнемі сезініп жүруі тиіс.
8. Ұлыңызға (қызыңызға) таңғы ас немесе кешкі ас дайындап беріңіз. Онымен үнемі тілдесіңіз, қойған сұрақтарына мұқият жауап беріңіз. Кешкі ас ішіп отырған кезде оның бүгін немен айналысқанын, мектепте нендей қызықтардың болғандығын сұраңыз. Сабағын оқып-оқымағанын қадағалаңыз.
9. Реті келсе, үнемі балаларыңызды мақтап қойыңыз. Ата-анасынан жылы сөз естіген бала жақсы ұйықтайды. Мұндай сәттер отбасылық қарым-қатынасты одан әрі нығайтады және бұлар ұзақ уақыт есте сақталады.
Ұжыммен үнемі байланыста болу
10. Әріптестеріңізге анда-санда сыйлық жасап тұрыңыз. Тәтті шоколодтар әкеліп, бір дастарханда ыстық шәй ішіп, әңгіме-дүкен құрыңыз. Бұл ұжым бірлігіне тікелей байланысты. Бір әріптесіңіз жұмыс барысында сөйлесуге құлық танытпағанымен, дастархан басында ашылып әңгіме айтуы ғажап емес.
11. Сізге көмектескен кей әріптестеріңізге "рақмет" деп хат жазыңыз. Бір ауыз сөздің өзі адамның мерейін өсіріп тастайтынын естен шығармаңыз.
Өзіңізді де ұмытпаңыз
12. Өзіңізді бақытты ететін 7 нәрсенің тізімін жасаңыз. Әр күні тым болмағанда біреуін орындауға тырысып көріңіз.
13. Алғаннан гөрі берген көп жағдайда жақсырақ. Кафе немесе асханаға сізден кейін кірген адамға бір кесе шай алып беріңіз. Бұл күтпеген әрекетіңіз жымиған бейтаныс адамға ерекше әсер етіп, өзін бақытты сезінері сөзсіз. Оның сәл жымиысының өзі сіздің жүрегіңізге жылу ұялатады.
14. Қайырымдылық жасаудан қашпаңыз. Әлемге жақсы көзбен қараңыз!