- Негізгі бет
- Жаднама
- Үйлену тойындағы куәгерлердің...
Үйлену тойындағы куәгерлердің міндеттері
Жылы мезгілдер келе салысымен қыз ұзату мен үйлену тойлары белең ала бастайды. Бәлкім, оқырмандардың кейбіріне куәгер болуға қолқа салып қойған да болар? Бір қарағанда үйлену тойында куәгерлер екі жастың жанында еріп қана жүретін сияқты. Алайда, той күні олардың міндеті ұшаң-теңіз. Олар күйеу жігіт пен қалыңдықтың ыңғайлы, еш алаңсыз жүріп-тұруымен қатар, той алдындағы қыдырысты қызықты өткізуге, ыңғайсыз сәттердің туындап қалмауына жауапты болады. Сол себепті атаулы күннің ауаны осы екі дос-құрбыға байланысты. Күйеу жігіт пен қалыңдықтың бойдақ туыстары да куәгер бола алатынын атап өтейік.
Тойға дайындық
Куәгерлердің жауапты миссиясы салтанатты кешке дейін көп бұрын басталады: ереже бойынша, қыз жолдас қалыңдыққа көйлек таңдауға, сонымен қатар фотограф табу немесе қалыңдық гүлі, әшекейлері сияқты ұсақ-түйек заттарды дайындауға көмектеседі. Қыз жолдас тойға қандай көйлек киетінін қалыңдықпен алдын-ала келісіп алуы қажет, өйткені, көп жағдайда той киімдері бір түсті ұстанады немесе қалыңдық қыз жолдастың көйлегі оның гүлімен үйлесімде болғанын қалауы мүмкін.
Заманауи тойларда куәгерлер күйеу жігіт пен қалыңдықты қуанту үшін ерекше тосын сый жасап жатады. Жастарды немен қуанта алатыныңызды ойланыңыз, бәлкім, достарыңызбен бірлесіп қойылым қойып, би билеп берерсіз, немесе екі жастың махаббат хикаясы жайлы сурет альбом, не бейнеклип жасарсыз?
Жігіт жолдас, өз кезегінде, күйеу жігітке көмектеседі, мысалы, той көлігін жалға алу жұмыстарына немесе қонақтарға арналған көлікке жауапты бола алады. Сонымен қатар куәгерлер қалыңдық пен күйеу жігіттің той алдында өткізілетін кешін ұйымдастырады.
Той күні куәгерлердің рөлі ұшаң-теңіз: олар тойдың басынан, соңына дейін жас жұбайлармен бірге болып, әрдайым көмекке келуге дайын болуы қажет. Олар қандай жағдай болмасын көтеріңкі көңіл күйде болып, екі жастың көңілін көншітіп, шынайы күліп және қонақтарды әңгімемен, бимен алдандыруды бір сәтке ұмытпаулары қажет.
Той күні
Қағида бойынша, той күні жас жұбайлар ерте тұрып, дайындықты бастап кетеді. Және куәгерлер сол дайындықтың алғашқы минутынан екі жастың жанынан табылуы қажет. Куәгерлер жас жұбайлардан да ерте тұрып, алдын ала дайындалып, бет-әлпеттерін реттеп, екі жастың дайындығына атсалысуы керек.
Екі жасқа достық қолдаудан бастап, корсетті қысып байлау, көйлек үтіктеу сияқты көмек қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар көбіне той фотосессиясы күйеу жігітпен қалыңдықтың дайындығынан басталып кетеді, мұнда сіздің қатысуыңыз бен көмегіңіз аса қажет. Куәгерлер аса жинақы болып, АХАЖ-ға қажетті екі жастың құжаттары, сақиналары мен басқа да заттарына жауапты болғаны дұрыс. Сонымен қатар некелесу аяқталған соң неке куәлігіне ие болғаны жөн.
Той күні қалыңдықтың керек-жарағы салынатын сөмкесі болмайды, сол себепті барлық қажетті ұсақ-түйек заттар қыз жолдаста болуы керек.
Қыз жолдаста мына заттар болғаны абзал:
- айна,
- тарақ,
- шашқа арналған лак,
- бірнеше шаш түйреуіш немесе шаш қыстырғыш,
- ерін жылтырағы,
- қосымша колготка немесе шұлық,
- тегістеуіш майлық,
- опа,
- ине-жіп,
- иіссу,
- пластырь,
- дымқыл сулық,
- ауруды басатын дәрі,
- ауыз қуысын сергітуші құрал.
Кейбір жағдайда қалыңдықтың сіңлілері мен жеңгелері қалыңдық сатып алу ғұрпын өткізеді: күйеу жігітке түрлі байқаулар ұйымдастырып, ақша алады. Күйеу жолдас, кейбір жағдайларда, күйеу жігітке артылған жүкті өз мойнына алып, қажет болса құн төлеуге де көмектескені құпталады.
Неке тіркеу кезінде куәгерлер қол қоюлары қажет болады, алайда ол үшін құжаттың қажеті болмайды. Дәстүр бойынша жас жұбайды ең бірінші болып куәгерлер құттықтайды, ал кейін гүлдер мен сыйлықтарды қабылдауға көмектеседі. Сонымен қатар куәгерлер қонақтарды ұжымдастыруға, суретке түсуге тұрғызуға немесе жас жұбайларды сыртта салтанатты түрде күтіп алуды ұйымдастыруға көмектесуі керек.
Куәгерлер алдын ала раушан гүлі жапырақтарын сатып алып, қонақтарға таратып, АХАЖ-дан шыққанда жас жұбайларға шашу ғұрпын ұйымдастырса болады.
Тойда куәгерлер екі жастың екі жағында отырады. Куәгерлер айтатын тілектерін алдын ала дайындап алғаны жөн, әсіресе олардың жеке қасиеттеріне тоқталып, есте қалған қызықты оқиғаларын әңгімелеп берсе тіпті жақсы.
Куәгерлер тойда ұйымдастырылатын барлық байқауларға қатысуға дайын болуы қажет. Сонымен қатар, асаба қолқа салса, байқау ұйымдастыруға көмектесіп жібергені де құпталады.
Тойда, даулы мәселе туындап қалған жағдайда, куәгерлер тез арада қонақтардың қарым-қатынасын реттеп, әзіл-қалжыңға айналдырып жібергені дұрыс. Қыз жолдас қалыңдықтың бетіндегі бояу жағылып кетпеді ме, әлде моншағы түзу тұр ма, бәрін қадағалап жүруі керек. Жігіт жолдас та күйеу жігіттің галстугы мен салтанатты киімдерін бақылауда ұстайды. Әрине, жігіт жолдас та, қыз жолдас та бұл күні ішімдік ішуден бас тартқаны абзал. Куәгерлер елдің соңында, ендігі көмектері қажет емес екеніне көздері жеткен соң барып қана үйлеріне қайтады.
Сурет: yvision.kz, www.tvc.kz, dk-studio.kz, savepic.net
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
"Гүлді қалай қағып алсам екен?