- Негізгі бет
- Жаднама
- Ұйқы тыныштығы үшін...
Ұйқы тыныштығы үшін керек кеңестер
Адамдар өмірінің үштен бірін ұйқымен өткізеді. Яғни, 60 жастың 20 жылы, 75 жастың 25 жылы ұйқымен кетеді. Бұл ұйқының адам өмірінде маңызының өте жоғары екендігін көрсетеді. Өкінішке орай, көп адам түнемелік ұйқы тыныштығы бұзылмауы үшін не істеуі қажет, ұйқыға қалай дайындалып, оянған соң қандай іспен шұғылданғаны жөн, оның қарапайым талаптарын біле бермейді. Сол себепті, біз бүгін ұйқы тыныштығы туралы әңгіме қозғамақшымыз.
Негізінен, ұйқыға ертерек жатуға дағдыланған жөн. Ағзаны бір мезгілде ұйықтауға үйрету – денсаулыққа өте пайдалы. Бұрын ұйқыға ерте жатпасаңыз, оған үйрену алғашқыда қиынға соғуы мүмкін. Бұған қапаланбаңыз.
Ұйқыға ерте жату үшін мына ақыл-кеңестерді орындауға тырысыңыз: ұйықтар алдында теледидарды көрмеңіз. Әсіресе, жаңалықтарды тыңдамаңыз. Теледидар бағдарламасы, оның ішінде кейбір тосын, жағымсыз жаңалықтар адам миын әртүрлі мәселелерге толтырып, мазасын алады, ойға батырады. Ондай жағдайда ұйықтап кету оңайға түспейді. Сол себепті, ұйықтар алдында қуанышты, көңілді ойларға берілгеніңіз дұрыс.
Жатын, яғни, ұйықтар бөлме қараңғы болсын. Өйткені, көздің қабақтары жұқа келетіндіктен, ұйықтап жатқан көз мимен бірге терезеден түскен жарыққа да, теледидар сәулелеріне де, электронды оятқыш сағаттың сандарына да мазасызданады.
Пәтеріңіздегі, үйіңіздегі ұйықтайтын бөлменің тыныш болуы, сырттан ішке ешқандай дыбыстың естілмеуі өте маңызды. Компьютердің гуілі, көршілердің айқай-шуы, сөндірілмеген теледидардың дауысы ұйқының тыныштығын бұзады, адамның жүйкесін шаршатады. Осыған орай бөлмеңізде тыныштандырғыш майы бар –лаванда аромашамын жағып қойғаныңыз дұрыс. Және де жастықтың ішіне «ұйқы келтіретін» әртүрлі шөптерді салып қоюға да болады. Бұл шөптер: лаванда, сәлбен. Бір қызығы, Фэн-шуй кеңесшілері адамдарға жақсы ұйықтау үшін қара түсті төсекке жатуды ұсынады. Олардың айтуынша, мұндай төсекте көз шырымын алғандардың ұйқысы қанып, өздері тынығып тұрады.
Адам табиғатын, оның ұйқысын зерттеушілер төсекке жатқанда «мен таңертең сағат соншада ұйқымнан тұрамын» деп бірнеше рет қайталап айтса, осы уақыт миында сақталып қалып, ойлаған кезінде оңай тұрады, - дейді. Өмірде іске асыруға жеңіл ақыл-кеңес, сынап көруге болады.
Дереккөз: info-tses.kz
Н. Үсенова