- Негізгі бет
- Жаднама
- Үйде отырып бастауға...
Үйде отырып бастауға болатын 13 бизнес
Біздің қоғамда «бизнес бастау өте қиын, қымбат, әрі барлығының қолынан келе бермейді» деген пікір басым. Сондықтан болар, көп адамдар кәсіп бастауға жүрексініп, әлеуметтік әрі қаржылық жағдайын жақсартуға тырыспайды, нақты шешім қабылдауға асықпайды. Негізінде бизнес дегеніміз, қарапайым сөзбен айтқанда, еңбек, яғни еңбек ету дегенді білдіреді. Ал еңбектенем деген адамға жұмыс әрдайым табылады. Алдына нақты мақсат қойып, тиянақты жоба жасап, ұйымдастыра білген адам тіпті үйінде отырып-ақ өз кәсібін бастай алады. Ол біреулер үшін қосымша кәсіп түрі болса, біреулерге негізгі іс болуы мүмкін. Осы орайда сіздердің назарларыңызға үйде отырып бастауға болатын 13 бизнес түрін ұсынамыз.
Тәтті тағамдар пісіру
Егер сіздің аспаздық қабілетіңіз бен тәтті тағамдар дайындауға деген құлшынысыңыз болса, үйіңізді кішігірім кондитерлік бизнеске айналдырсаңыз болады. Кекс, бәліш, маффины, торт, капкейк, макарун, муале, міне, осының барлығын дайындай аласыз. Оны әлеуметтік желі арқылы сатуға болады. Басында кішігірім ассортиментке тоқталып, сол бойынша өнім бағасын белгілеңіз. Содан кейін біршама тәжірибе жинақтаған соң, үлкен тойға, туған күнге, балалар мейрамына арналған торттарды дайындауға кіріссеңіз болады. Үй тағамдарын дайындау кезінде өте мұқият болыңыз. Ас бөлмеңізде тағамдарды дайындау мен сәндеуге қажетті барлық құрал-жабдықтар мен ас өнімдерінің болуы шарт.
YouTube арқылы табыс
2017 жылдың басында аталмыш сервисты қолданушылар саны миллиардтан асты. Олардың ішінде көпшілігінің жеке арнасы да бар. Біреулер үшін бұл жай ғана хобби, ал біреулерге нағыз бизнес көзіне айналып отыр. Сіз де YouTube-та өзіңіздің жеке каналыңызды ашып, әр түрлі жолмен жарнама жасау арқылы бизнеспен айналыссаңыз болады. Бұған әрине аздаған ептілік керек. Сіздің түсіретін видеоларыңыз қызықты, көрермен көңілінен шығатындай тартымды, лайк пен пікір жинай алатындай болуы шарт. Ең бастысы мұнда көрермен жинау. Егер миллиондаған көрермен жинай алсаңыз, онда жолыңыз болды деп есептеңіз. Әрине сізге бейнекамера, смартфон, монтаждаушы бағдарлама, компьбтер, интернет сосын ең бастысы креативті идея керек.
Копирайтинг
Яғни, мәтін жазу. Аталмыш іспен айналысу үшін аса үлкен міндет қажет емес. Жазу үшін тәжірибелі филолог болудың да қажеті шамалы. Егер сіздің жұмыс істеуге деген ерекше құлшынысыңыз бен тілді жақсы деңгейде игерген біліміңіз болса, осы мамандық бойынша жұмыс тауып кете аласыз. Бастапқы капитал керек емес, дегенмен бойыңызда энтузиазмның болуы үлкен артықшылық болар еді. Қажетті деңгейде қызмет етіп, жақсы пайда көріп жатсаңыз, жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелуге де болады.
Ақпараттық сайт немесе блог ашу
Бұл үдеріс айтарлықтай үлкен еңбекпен жүзеге асады. Себебі, басқа бір сайтта істегеннен гөрі, өзіңнің жеке сайтыңды ашу, оны ары қарай дамыту біраз тер төгуді қажет етуі мүмкін. Осы орайда сіздің оған лайық біліміңізден бөлек, жұмыстың жақсы жүруі үшін контент-менеджер, бағдарламашылар, дизайнерлер, seo-оптимизаторлар керек. Егер барлығын өзіңіз атқарамын деп шешсеңіз, көретін бастапқы капитал көлемі көп болмайды. Ал егер кәсіби мамандар көмегімен, кеңесімен істер болсаңыз, қажетті қаражат көлемі де өсетіні шарт. Дегенмен есте сақтаңыз, сайт арқылы түсетін пайда бірден қомақты бола қоймайды. Сондықтан алдын-ала қажетті сомманы жинап, кейіннен сайт ашуға да болады. Барлық кіріс пен шығыс көлемін мұқият есептей алсаңыз, әрі сайтыңыздың сапалы болуына ұжыммен мүдделі болсаңыз, болашақта тиімді бизнес түріне айналатынына сенімді болыңыз.
Контент-менеджер, модератор
Әлеуметтік желілердегі танымал топтардан және басқа да түрлі форумдардан аталмыш жұмыс түрін табуға болады. Бастапқы капитал қажет болмағанымен, бұл орынға сіздің лайықты портфолиосыз алмауы да әбден мүмкін. Модератор, әдетте, тәртіп сақтау мақсатымен ұрыс-керістің алдын-алу, хабарламаларды жөндеу, спамдарды жою сынды жұмыстармен айналысады. Оған қосымша оқырмандардың сұрақтарына жауап береді. Бұл қызметпен айналысуға нақты бір лицензия немесе рұқсат қағазы қажет емес.
Интернет-дүкен ашу
Бұл бизнес түрі бүгін үлкен сұранысқа ие екендігі белгілі. Жұртшылықтың көп бөлігі де дүкендерді аралап жүргеннен гөрі, ғаламтор арқылы тапсырыс бере салғанды жөн көреді. Дегенмен, нарықтағы бәсекелестік жоғары екендігін ескеріңіз. Сіз бастайтын бизнес, ондағы тауар қандай да бір белгілерімен артықшылықтарға ие болса ғана, қызметтің алға қарай жылжуы мүмкін. Алдын-ала нарықты зерттеп алыңыз. Бастапқы капитал сіздің тауарыңызға, қызметіңіздің сапасына байланысты анықталады.
Студенттерге арналған қызмет түрлерін ұсыну
Аталмыш қызмет түрі үнемі сұранысқа ие. Курстық жұмыс, реферат, баяндама, эссе жазу, емтихан сұрақтарына жауап дайындау, есеп шығару, түрлі сызбаларды сызу, дипломдық жұмыс жазу, зерттеу жұмыстарын орындау, түрлі кеңес беру т.б. Арнайы қызмет түрлерін ұсыну үшін сіздің белгілі бір бағыттағы біліміңіздің болғандығы маңызды. Қызмет түрін ғаламтор, әлеуметтік желі, сайт арқылы да ұсынуға болады, бірақ кейіннен студенттермен тікелей жұмыс істеген тиімдірек. Егер сіздің жасаған жұмысыңыз бір адамға ұнаса, ол сізді міндетті түрде басқа да достарына айтады. Бастапқы капиталды қажет етпейді. Дегенмен, алданып қалудан сақтану үшін алдын-ала төлем немесе бөліп төлеумен келісімге отырған жөн.
Аудармашы қызметі
Тілді жақсы білу – сіздің бизнесіңіздің негізіне айналады. Тек қана сауатты болып қана қоймай, арнайы мамандандырылған терминдермен жұмыс істей алу маңызды. Яғни, түрлі журналдардағы мақаланы, сайттарға арналған жаңалықтарды және басқа да құжаттамаларды аудару арқылы табыс тапсаңыз бастап кетсеңіз болады. Егер ілеспе аударманы меңгерген болсаңыз ірі шараларға сұраныс міндетті түрде болады. Қазақстанда қазақ, орыс, ағылшын тілін қатар меңгерген ілеспе аудармашыларға сұраныс өте жоғары.
Фотограф
Фотограф қызметін атқаруға кәсіби деңгейде түсіретін фотоаппарат, түрлі объективтер және басқа да құрал-жабдықтар қажет. Одан бөлек сурет және оны қалай әдемі беру керектігі туралы қажетті білім, графикалық редакторлармен жұмыс тәжірибесі сынды міндеттемелердің болғандығы өте маңызды. Бірден арнайы фототүсірілімдер ұйымдастыру немесе жекеше түрде суретке түсіру арқылы тиімді жолдардың бірін таңдап, өз кәсібіңізді оңайлықпен бастап кете аласыз.
Бала күтушісі
Қазір қалалы жерде тұратын адамдардың көпшілігі жұмысбасты. Сондықтан балаларын бағатын адамды жиі іздейді. Бұл қызмет түрі әйел адамдарға арналған. Ол үшін педагогикалық-психологиялық білімнің болуы, жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ кешкі және демалыс уақыттарында жұмыс істей алатындай мүмкіндіктердің болғаны дұрыс. Қандай да бір лицензия, рұқсат қағаздың қажеті шамалы. Ал бұрын жұмыс істеген орындарынан алынған ұсыныс хат болса тіпті жақсы. Баланы ата-анасының үйіне барып қарауға немесе барлық жағдай жасалынған өз үйіңізде қарасаңыз да болады.
Тігіншілік
Үйде отырып атқаруға болатын ең тиімді бизнестің бірі – тігіншілік. Киім қысқарту, көрпе тігу, перде тігу әрқашан сұранысқа ие. Әрине, оның сәнді, барлығына ұнамды болуы үшін кәсібилік қажет. Бастапқыда тігін машинасы мен жіп сияқты құралдар қажет. Мұның шығыны онша үлкен емес. Мұнда бастысы ынта мен қолыңыздың шеберлігі. Бастапқыда үйрену үшін шеберлердің қасына үйренугі болып жұмыс істеп көрсеңіз де болады.
Әшекей бұйымдар жасау
Бұл үшін қолыңыздан бал тамған ұста болу міндетті емес. Әйел адамдарға қолайлы бұл кәсіпті бастау үшін қолыңыздың ептілігі мен аздаған ынта керек. Түрлі бұйымдарды жасауға арналған кеңестер youtube-ден қарап, идея алуға болады. Ал керек жабдықтар мен моншақ, түйіршік тәрізді керек заттарды сататын арнайы дүкендер бар. Ең арзанын барахолкадан аласыз. Жасаған өнімдеріңізді әлеуметтік желі арқылы сатуға болады. Бұл үшін инстаграм таптырмас құрал. Бұдан бөлек сауда орталықтарында әшекей бұйымдар сатушылармен келісіп сатуға болады.
Көлік жөндеу
Қазір әр үйдің алдынан көлік көруге болады. Елімізде бүгінде 4,5 млнға жуық тіркелген көлік бар. Алайда, бұзылса жөндей алатындар аз. Жөндей алғанның өзінде оған уақыты, құрал-сайманы, жөндеуге ыңғайлы орны бола бермеуі мүмкін. Әрине, моторын ашып, кузовтық жұмыстар үшін қымбат құралдар мен арнайы жабдықталған орын керек. Егер жер үйде тұрсаңыз есік алдыңызда отырып-ақ, жеңіл, жасалуы жылдам жұмыстарды істеуге болады. Әрине бұл үшін қолыңыздың ебі мен көліктен хабарыңыз болуы керек. Алдымен таныстарыңыздың көлігін жөндеу жұмыстарынан бастап көріңіз. Мүмкін уақыт өте келе ірі бизнеске айналдыруға мүмкіндік туатын шығар.
Дереккөз: 7kun.kz
Ж. Жұмағұлов