Карантин – соңғы бірнеше күнде қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі. Біреулер оны кеңседен демалуға мүмкіндік деп қабылдап, қуанып жүрсе, басқалары күнде үйде отыруды ойласа, хандраға түседі. Қалай десек те, бұл шаралардың барлығы адамның саулығы үшін жасалған дүние. Сондықтан карантиннің кемшіліктерін ойламай, үйде жұмыс істеудің жөнін байқап көріңіз. Бірақ үйде жасаған жұмыс кеңседегідей өнімді болуы үшін бірнеше ережені сақтаған жөн.
1. Теледидар қоспаңыз. Одан шыққан дыбыс сізді жұмыстан алаңдатпай қоймайды. Теледидардағы қандай да бір бағдарламаға қызығып кетсеңіз, көз ала алмай қалуыңыз әбден мүмкін. Егер күнде таңертең жаңалық қарап жүрсеңіз, сол әдетіңізді ғана қалдырыңыз. Содан соң маңызды жұмыстарыңызды бітіргенше теледидар пультін әрі алып қойыңыз. Егер басқа отбасы мүшелері теледидар қараса, басқа бөлмеге барып жұмыс істеңіз.
2. Киініңіз. Әрине, қатаң костюм кию міндетті емес. Үйде дресс-кодтан демалуға болады. Бірақ қалай-солай киініп отыруға да болмайды. Жинақы немесе әдемі киініп алу (үй киім болса да) жұмыс атмосферасын жасауға көмектеседі. Сондай-ақ әріптестеріңізбен шұғыл видео-байланыспен сөйлесу керек болып қалса да, жинақы отырғаныңыз жақсы.
3. Тамақ әкеліп қойыңыз. Күнде дүкенге бармас үшін бірнеше күнге жететін азық-түлік алып қойыңыз. Бұл тек күнделікті үйге қажетті азық-түлікке қатысты емес, мысалы, кеңседе сүйіп ішетін кофеңізді немесе тіскебасарыңызды да алып қоюға болады. Күнде не тамақ пісіремін деп, ойлануға уақыт кетірмес үшін алдын ала бірнеше күнге немесе бір аптаға арналған тізім жасаңыз.
4. Жұмыс кестесінен шықпаңыз. Үйде жұмыстан алаңдататын тұрмыстық шаруалар толып жатыр. Мысалы: кір жуу, тамақ пісіру, үй жинау. Бірақ оның бәрі уақытыңыз бен күшіңізді алатынын ұмытпаңыз. Сондықтан бұл істерді демалыс күндерге немесе кешкі уақытқа қалдырыңыз.
5. Жұмыс орнын ұйымдастырыңыз. Диванда жатып, жұмыс істеу карантиннің бір артықшылығы шығар. Бірақ бұлай жұмыс істеу денсаулығыңызға кері әсер етеді (мысалы, арқаңыз ауырады) және жұмыс процесіне байыппен қарай алмайсыз. Сондықтан бөлменің бір бұрышынан жұмыс үстелін ұйымдастырыңыз. Оған қажетті құжаттар, кітаптар, қалам және блокнот қойып қойыңыз. Жинақы кеңсе бұрышы жастық-көрпе шашылып жатқан жерден гөрі жұмыс жасауға көбірек мотивация береді.