- Негізгі бет
- Жаднама
- Үйде жұмыс атмосферасын...
Үйде жұмыс атмосферасын жасау және оны сақтау құпиялары
Адамдардың көпшілігі кеңсеге бармай, жайлы бөлмесінде жұмыс жасауды армандайды. Алайда үйде жұмыс жасап көргендер оның қаншалықты қиын екенін, соның ішінде жұмыс атмосферасын сақтап қалуда келеңсіздіктер туатынын біледі. Өзіңізге таныс төрт қабырғадан жалығып кетпеудің және маман ретінде тиімділігіңізді жоғалтып алмаудың әдістерін ұсынамыз.
Жұмыс орнын жасап алыңыз
Үйде тиімді жұмыс жасаудың бірінші және басты ережесі – дұрыс жайластырылған жұмыс орны. Әрине, барлық адамда бірдей шетелдік фильмдердегідей жұмысқа арналған бөлек бөлмелі болуға мүмкіндігі жоқ. Бірақ ұсақ-түйектен тазартылған үстел мен ыңғайлы орындық, сонымен қатар жұмысқа қажетті блокнот, қалам, мамандағыңызға байланысты пайдалы кітап секілді заттар керек. Дұрыс жайластырылған жер басқа нәрсеге алаңдамай, жұмысқа жылдамырақ зейін қоюға көмектеседі. Бұл ереже гардеробқа да тікелей қатысты: ұйықтауға киетін пижамамен жұмыс үстеліне отырмаған жөн. Жұмыс процесіне еніп кету үшін ресмиге жақын киініп алғаныңыз дұрыс.
Жұмысты таңертеңнен бастаңыз
Үйде жұмыс жасасаңыз да, түске дейін ұйықтап жата бермеңіз. Өзіңізді қолға алып, жұмысқа таңертең ертемен кірісуге тырысыңыз. Жұмысты қаншалықты ерте бастасаңыз, соншалықты ерте аяқтайсыз. Шаруаларды соңғы сәтке қалдыра беру кеңседе де, үйде де бітпейтін жалқаулыққа алып келеді.
Жұмыстар тізімін жасаңыз
Адам кеңседе отқанда жұмыстан басқа ештеңемен айналысуға мүмкіндігі болмағандықтан қалай болғанда да оның "жауынгерлік рухы" оянады. Ал үйде жұмыс жасау кезінде қандай да бір тапсырманы өткізіп жіберсеңіз, сізге ол туралы ескертіп отыратын адам жоқ. Сондықтан күнде кешкісін немесе таңертең ертемен бір күнге арналған жоспар құрып, бірінші кезекте және одан кейін не істеу керек екеніңізді жазып қойыңыз. Бұл еш тапсырманы ұмыт қалдырмауға көмектеседі.
Тынығуға уақыт бөліңіз
Күндік жоспарыңызға міндетті түрде жұмыс үзілісін де енгізу керек. Бұл әрине, бірінші кезекте демалуға қажет. Бірақ, сонымен қатар сол уақытты әлеуметтік желіге бөлуге болады. Әйтпесе, әлеуметтік желіге үнемі алаңдай беретін боласыз. Кеңседе ұялы телефонмен ұзақ алаңдауыңызға бастығыңыз бен әріптестеріңіз мүмкіндік бермейді, ал үйде жұмыстарыңызды ұмытып, оған барлық уақытыңызды кетіру қаупі бар. Сондықтан өзіңізге талап қойыңыз: ұялы телефонды тек үзілісте пайдаланған жөн.
Үй шаруаларына алаңдамаңыз
Жақындарыңызға үйде жұмыс жасаудың да кәдімгі жұмыс екенін айтып түсіндіру маңызды. Сондықтан үй шаруаларына алаңдай беруге болмайды. Бастапқыда қиын болады, отбасы мүшелері жиі өтініш айтады, мазаңызды алады. Алайда оларға дұрыстап түсіндірсеңіз, соған үйрене бастайды.
Жұмыстан тыс уақытты қалай өткізетініңізді ойланыңыз
Кеңседе жұмыс жасаған кезде қалай десе де сыртқа шығасыз. Кеңседен үйге қайтқан кезде жолда дүкенге соғасыз, киноға барып қалуыңыз мүмкін немесе достарыңызбен кездесесіз. Үйде отырған адам осының бәрінен құр қалғандай көрінеді. Алайда тек кәсіби міндеттеріңізбен ғана айналысуға болмайды. Бастапқыда ерінсеңіз де, апталық жоспар жасауды әдетке айналдыру керек: оған жақын жердегі саябаққа барып жүгіру, достармен кездесу секілді қызығушылықтарды енгізу керек. Егер бұлай істемесеңіз, үйде жұмыс жасау кеңседе жасағаннан гөрі адамды әлдеқайда жаман сезіндіреді. Күнде бір нәрсе қайталанып жатқандай көрінеді.
Бір күн қоғамдық жерде жұмыс жасаңыз
Жұмыс күндеріңізді ерекшелеудің бір әдісі – жақын жердегі жайлы кафеде жұмыс істеу. Wi-Fi желісі бар тыныш жерге барып, дәмді тіскебасар мен кофеге тапсырыс беріп, жұмысыңызға кірісіңіз. Бұл басқаша ойлануыңызға және үйге алаңдамауыңызға көмектеседі.
Әріптестеріңізбен байланысты үзбеңіз
Үйде жұмыс жасағанда тек бір жауапты адаммен ғана хабарласпай, барлық әріптестеріңізбен байланыста болуға тырысыңыз. Хат жазыңыз, әлеуметтік желіде дос болыңыз. Білмегеніңізді ұялмай сұраңыз.
Ынталы болыңыз
Үйде жұмыс жасаудың кеңседегіден аса айырмашылығы болмау керек: егер ары қарай дамығыңыз келсе, ынталы болыңыз. Қызықты жобалар мен идеялар ұсыныңыз. Даму үшін қосымша мастер-кластарға, курстарға барыңыз және жиі кітап оқыңыз. Кеңседе болып жатқан әр жобаға өз көзқарасыңызды білдіріңіз.