"Мына қорапты ала кетіңізші, сізді күтіп алады"... мұндай өтінішті жолаушылар ұшаққа отырар алдында әуежайда естуі мүмкін. Алайда мұның салдары қандай болатынын көбі ойлана бермейді. Сондықтан Air Astana компаниясы мен Алматы халықаралық әуежайы жолаушылар арқылы сәлемдеме беріп жіберу дерегі жиілегенін мәлімдеп, жолаушыларды бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Бейтаныс адамнан ұшаққа отырар алдында зат алудың жазасы қандай?
Ұшаққа отырғалы жатқан жолаушылардан құжат немесе түрлі зат беріп жіберу – заңсыз әрекет. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабына сәйкес, тиiстi тiркеусiз хабарлама жіберу арқылы кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Мұндайда жеке тұлғаларға – он бес, түрлі кәсiп субъектiлерiне жиырма бестен жүз елу айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.
Бұдан бөлек "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 105-бабына сәйкес, әуе кемесінің бортына немесе әуежайға қылмыстық мақсаттарға арналған қаруды, қауіпті құрылғыларды немесе материалды кіргізуге тыйым салынған.
Сондықтан бейтаныс адам берген сәлемдеме ішінде заңсыз заттар болуы мүмкін.
Затты заңды түрде басқа қалаларға қалай жіберуге болады?
Air Astana әуе компаниясы зат тасымалдауға арналған MyMAIL экспресс-пошта қызметін ұсынады. Ең жылдам әрі қауіпсіз саналатын бұл сервиспен Қазақстан, Қырғызстан, Ресей қалаларына зат жіберуге болады. Жеткізу мерзімі 5 сағаттан басталады.
MyMAIL арқылы құжат, дәрі-дәрмек, киім-кешек, салмағы 5 килограммға дейінгі заттар мен автобөлшектерді жіберуге болады.
Қызмет құны – Қазақстан қалалары бойынша тариф түріне байланысты 2 мың мен 10 мың теңге аралығында, ал Қырғызстан мен Ресей бойынша 4000 мың мен 20 мың теңге аралығында.
My MAIL экспресс-поштасы туралы толық ақпаратты Air Astana компаниясының сайтынан білуге болады.