Үрмебұршақ – бұршақ тұқымдасына жататын дақыл. Отаны – Оңтүстік, Орталық Америка және Үндістан. Қазіргі кезде бүкіл әлем елдерінде өсіріледі. Ертеректе тағамға пайдаланумен қатар, ағартқыш заттарға, опа жасауға қолданған екен. Клеопатраның өзі бетіне үрмебұршақ маскасын жасайтын болған.
Құрамы мен қасиеттері
Үрмебұршақты шикілей жеуге болмайды. Құрамындағы улы компоненттер жоғары температураның әсерінен ғана жойылатындықтан, кемінде 10 минут қайнату қажет. Құрғақ бұршақты дайындар алдында суға салып қою қажет. Осының әсерінен асқазанда тез қорытылуға кедергі келтіретін зиянды заттардың ыдырауы жылдамырақ жүреді.
Қызыл үрмебұршақтың құрамында В тобының дәрумендері өте мол, әсіресе, иммундық, жүйке жүйелеренінің қызметіне, терінің жақсаруына әсер ететін В6 дәрумені көп. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы адамға күніне 20-40 грамм жасұнық қажет екенін хабарласа, 100 грамм үрмебұршақта 25 грамм жасұнық бар. Жасұнық күні бойы тоқ жүруге, қатерлі ісіктің алдын алуға, қандағы қант деңгейін бірқалыпты ұстауға, ағзадағы зиянды заттарды шығаруға көмектеседі. Үрмебұршақ құрамында крахмал, көмірсулар мен нәруыздар мол. Сонымен қатар С, B1, В2, В6, РР дәрумендері, макро- және микроэлементтер (әсіресе, мыс, мырыш, калий), түрлі қышқылдар, каротин бар. Үрмебұршақтың касиеттері ет пен балыққа жақын келеді. Құрамында күкірттің көп болуы буын ауруларына, өкпе жолының ауруларына, асқазан жолындағы инфекцияларға қарсы ем бола алады. Бұршақ қанның қызыл түйіршіктерінің түзілуіне, иммундық жүйенің жақсаруына әсер ететін темірге де өте бай. Сонымен қатар, үрмебұршақтың несеп айдайтын, ағзаны тазалайтын қасиеті де бар. Мырыш көмірсулардың алмасуына көмектеседі.
Қарсы көрсетілімдері
Үрмебұршақты қарт кісілерге, гастритпен, тоқ ішегі қабынған, асқазан жарасы, өт қабынуы, артық тұздың жиналуымен ауыратын науқастарға жеуге болмайды.
Бұршақты шикі күйінде жеу улануға әкеп соқтыруы мүмкін. Көптеген адамдарға үрмебұршақ жақпайтындықтан, іштің кебуі мүмкін. Мұны болдырмас үшін, үрмебұршақпен бірге аскөк жеген дұрыс. Қызыл үрмебұршаққа қарағанда ақ үрмебұршақ іш кебуді аз тудырады.
Керек дерек
• Ертедегі Грекияда үрмебұршақ жармасы кедейлердің тағамы саналған, қазір бүкіл әлемде пайдалы тағамдардың көшін бастап тұр.
• Корея, Жапония, Қытай елдерінің тұрғындары майда бұршақтарды жеуді жөн санайды және оның өзін майдалап ұн ретінде пайдаланады. Бұршақ ұнынан дәмді тоқаштар, тіпті, ерекше тәтті кәмпиттер де жасайды. Жапон парфюмерлері үрмебұршақтан түрлі сусабындар мен опа жасап шығаруда.
• Бүкіл әлем қанша үрмебұршақ тұтынса, бір ғана Ұлыбритания тұрғындары сонша қуырылған үрмебұршақ пайдаланады.
Дайындаған: Назерке Смағұл
Сурет:syl.ru, lifegid.com