Үнемшілдік құпиясы мен пайдасы

Үнемшілдік құпиясы мен пайдасы
Фото: bashny.net

«4 конверт» ережесі – кез-келген отбасыға бюджетті тиімді жүргізіп, артық шығынға ұшырамауға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл.

Жақында достарымның бірі шетелдегі  оқуын аяқтап келіп, отбасын құрды. Той жасады, шағын үй салды. Өткенде көлік алды. Бұл қалай? Жас отбасы, жұмысқа тұрғаны жаңа. Сырттай бұл қалай дегенді ойлап жүруші едім, бір күні сұрап тындым.  Досым  магистратураны Германияда оқып келген. 

Сол жақта оқып жүргенде зейнеттегі неміс қарияның үйін жалдап тұрыпты. Ақсақал ұзақ жыл қаржы саласында кеңесші болып жұмыс істесе керек. Сондықтан, екеуара әңгімеде қаржыны үнемдеу, табыс табу, қаражатты көбейту туралы жиі айтатын, кеңестерін жадыма сақтап алуға тырысатынмын, қазір пайдасы тиіп жатыр дейді. Соның арқасында, оқып жүріп табыс таптым. Ақсақалдың үйін көгалдандыру, тазалауы мойнымда болды. Демалыс күндері фермасына барып, көмектесетінмін. Нәтижесінде пәтерақыма, оқу шығындарыма төледім, қалған қаражатты үнемдеп, келген соң  той жасап, көлік алып, үй салдым дейді. Ал, үнем жолдарын ақсақалдың кеңестерінен алдым дейді. Досым ұстанатын қағиданың бірі – 4 конверт ережесі екен. Менің ойымша кез-келген  отбасыға бюджетті тиімді жүргізіп, артық шығынға ұшырамауға мүмкіндік беретін  тиімді тәсіл. «Қаржы мәдениеті» айдарының оқырмандары үшін толығырақ баяндап беруді сұрадым.

1) Ай сайынғы жалпы кірісім: 200 000 теңге.

2) Кірістің 10%-ын болашақтағы қаржылық мақсаттарым үшін сақтап қоямын. 200 000 теңгенің 10% алып тастаймыз = 20 000 теңге.

3) Айлық міндетті шығындарға (интернет, жарық, жылу, телефон т.б) 25 000 теңге. Осы мөлшерден асырмауға тырысамын. 

4) 45000 теңге автонесие төлеймін.

5) Шығындарды төлеген соң қолында  110 000 теңге қалды. Бұл соманы теңдей қылып 4 конвертке 27500 теңгеден бөлемін. Әрқайсысы 1 апталық бюджет. Енді 1 апталық шығындарды27500 теңгеден асырмауға тырысуым қажет. Әрине біз үшін бұл тым аз қаражат. Туған-туыстың қуаныш, қайғысы, той, өлім шығынсыз болмайды. Осындай тосын жағдайларға арналған қаражатты қосымша жұмыстар арқылы табуға тырысамын.

Ал апталық шығынды барынша үнемдеймін. Ол үшін шығыстарыңызды жоспарлаймын. Шығыс дәптерін сатып алыңыз. Әр күнгі шығындарыңызды тиынына дейін жазып отырыңыз. Қазақы көзқараспен бұл «шық бермес шығайбайлық», сараңдық  болып саналуы мүмкін. Бірақ, қалтаңызда тиын қалмай, әркімнен қарыз сұрап жүргеннен гөрі, осы дұрыс. Әрі мұны ең бай деген  қалталылардың көпшілігі ұстанады. Психологтар болса шығыс есебін жүргізетіндердің шығындары аз болатынын айтады. Апта соңында шығыс журналына  қарап – қаражатыңызды қайда кеткенін біле аласыз. Менің танысым «ақсақалдың айтуымен шығыс дәптерін жүргіще бастаған бірінші аптада шығындарыма қарап, ішім ашыды, көшеде кетіп бара шемішке, түрлі-түсті журналдар қысқасы болмайтын нәрселерді ала беріппін. Екінші аптада бәрін доғардым. Журналдағы ақпараттарды интернеттен-ақ оқи аламын, шемішкені шақпасам да болады».

Досым ұстанатын үнем қағидалары:

- Үйден шықанда қажет заттардың тізімінсіз шықпаңыз.

- Көзсіз несиеге құмар болмаңыз. Мүмкіндігіңіз жететінін көзіңіз жеткенде ғана алыңыз.

- Жалақы  алаған күні ештеме сатып алмаңыз. Психологтардың анықтауынша жалақы алған күні  адамда автоматты түрде өзін бай сезінеді. Дүкенге кірсе, есепсіз сауда жасауы мүмкін.

- Дүкенде тек қолма-қол төлеуді әдетке айналдырыңыз. Төлем карталарын қолдансаңыз, ондағы шығындарды да бақылаңыз.

- Бай-бағлан сияқты көріну үшін қымбат телефондардың соңынан «жүгіруді» доғарыңыз.Қолыңыздағы  iPhone 5 тамаша жұмыс істеп тұрса, iPhone 6-ны алудың қажеті не?

- Апталық азық-түлікті қарныңыз аш кезде сатып алмаңыз. Қарны аш адам 2 есе көп алуы мүмкін.

- Жарықты өзіңіз отырған бөлмеде ғана жағыңыз.

- Қаражатты мақсатсыз жинайтын болсаңыз, жақын арада жұмсап тастайтыныңызға 100пайыз кепілдік беремін. Егер алдыңызға мақсат қойсаңыз, мысалы: көлік алуға, онда көлікті болуыңызға кепілдік бар. Ақша мақсатсыз ешқашан жиналмайды.

- Күнделікті басы артық шығындарыңызды 365 күнге көбейтіңіз, оны тағы 10-ға көбейтіп көріңіз. Үлкен көлемдегі басы артық шығын сізді ойландыруы керек. Бұдан соң темекі тартуды, күніне 4 шоколад жеп, үйде ас әзірлеу мүмкіндігі болса да, мейрамханадан іше салудан бас тартуып қаларсыз. Маған сабағыма ноутбук қажет болды. Бірақ, оның қымбаттығынан алғым келмейтін. Оның орнына күн сайын жұмыстан шыққан соң, компьютерлік клубқа барып ойын ойнап, көрші кафеден кофе ішуді әдетке айналдырғам. Осы сияқты бірнеше басы артық әдеттерімнің 10 жылдық шығынан есептеп көрсем, 6 300 000 теңген құртады екенмін. Бірден кофені үйден ішіп, компьютерлік ойынды доғардым. Ал, 5 айдан соң ноутбук алдым.

Неміс ақсақал маған қаражатты басқарудың 3 түрі бар дейтін:

1) Ақша таба білу.

2) Ақшаны жинап, сақтай білу.

3) Жинақталған ақшаны көбейте білу-инвестициялау.

Ақшаның «көзін тапса» кез-келген адам  таба алады. Үнемдеп, көбейте де алады. Тек, ерінбеу, ұқыптылық, алдыға мақсат қоя білу қажет. Мен пәтерінде тұрған неміс ақсақалдың бірнеше үйі, бірнеше көлігі, банкте қомақты қаражаты, бірнеше кәсібі бар. Өзі әлемді аралап, саяхаттауды ұнатады. Бірақ, өзі соған қарамастан үнемшіл. Қалтасының қалыңдығына қарамастан өзі тұрған үйіндегі бөлмелерді мен сияқты шетелдіктерге жалға беретін. Мұны ол екі түрлі себеппен түсіндіретін: біріншісі 1 тиын болса да кіріс кіргізеді. Екіншісі шетелдіктермен әңгімелесіп, олардың елдері туралы ақпарат алады. Әлгі ақпараттың арқасында қай елге саяхаттап, қай елден кәсіп ашса пайда табуға болатыны туралы дерек жинайды. Қазір 2 мемлекетте кәсіп ашқан, ол кәсіпті үйінде пәтерде тұрған мен сияқты бұрынғы студенттер жүргізуде. Неге екенін білмеймін, менен 2 жыл бойы жиған ақпаратын қорытқан ақсақал, біздің елден кәсіп ашқысы келмеді. Сірә, көп шашылады деп ойлаған сияқты.

Үнемшіл болайық!

forbes.kz

@. @assel_assanova