Естеріңізде болса, Массагет порталы жастарды жұмысқа шақырып жатыр. Жұмысқа орналасқысы келетін кей оқырмандарымыз түйіндеме және оның жазылуы туралы сұраған. Сөздерін жерге тастамай, осы жазбамызды түйіндеменің жазылуы тақырыбына арнап отырған жайымыз бар.
Жүйелі жазылған түйіндеме – маман шеберлігінің, сауаттылығының көрінісі, жұмысқа қабылданар кездегі назар аударылатын құжат. Жұмыс беруші өз талабына сай қызметкер іздесе, сіз ол қойған талаптан да артық қабілетке ие екендігіңізді осы құжатпен-ақ дәлелдей аласыз.
Өтірік сөз түйіндемеңізді 0-ге айналдырады
Жалған ақпарат түйіндемеңізден көрінбеуі керек. Жұмысқа орналасу алдындағы кездесуде (собеседование) өтірігіңіз көрініп қалса, қиындық туады. Мысалы, бойыңызда жоқ "жеке қабілетіңізді" үсті-үстіне жазып жіберсеңіз, арты бір-ақ тұтамға айналады.
Сурет фоны сізді ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы тиіс
Түйіндемедегі суретіңіз сапалы, анық болсын және суреттегі фон сізді ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы тиіс. Киіміңіз де кеңсе стиліне тән болуы керек.
Қосымша ақпараттар сізді көрмей-ақ бейнелеп беруі керек
Түйіндемеде артықшылықтар, білім мен кәсіби біліктіліктен басқа қызығушылық, жетістіктер мейлінше мол әрі нақты жазылуы тиіс. Ресми стильден ауытқымай, бірізділік сақталып жазылса, жүйелі болады. Сапалы әрі сауатты жазылған түйіндеменің үлгісі ретінде сіздерге ұсынып отырмыз. Мына жерден жүктеулеріңізге болады. Түйіндемені толтырып болған соң, өзіңіз мұқият оқып шығып, сырттай бағалаңыз. Кем-кетіктер болса, түзетіңіз.