- Негізгі бет
- Жаднама
- Түйенің түр-түсі жайлы...
Түйенің түр-түсі жайлы не білесіз?
Түйе – көшпелі қазақ халқы үшін жылқыдан кейінгі тіршілік үшін мәні зор, көшуге де, мінуге де қолайлы, еті мен сүті құнарлы азық, жүні киім-бұйым жасауға аса қажет төрт түліктің бірі.
Түйеде жылқы, сиыр сияқты ала-құла, қара ала, тарғыл, шұбар, жирен, торы және тағы басқа түстер кездеспейді. Түйе басқа малдар сияқты жыл мезгіліне, жасына қарай түлеп, түгін өзгертіп отырғанымен тек ақбоз бен қара түстің аралығындағы бірыңғай қоңырқай реңктерден ары кетпейді.
Бір ескертетін жағдай, түйенің түгі жасына қарай (бота, тайлақ, құнанша, дөненше, буыршын) сондай-ақ күйіне, қоңдылығына және жыл мезгіліне байланысты түлеуіне қарай да (ит жүн, жабағы, боздақ, өлі жүн, шуда, көтерілген жүн, қылшық) өзгеруі де мүмкін. Мәселен, ақ түйе (ақ атан, ақ нар, ақ інген, ақ бота, ақ тайлақ) дегенде қазақтар шудасы бірыңғай ақшыл болып келетін түйені айтады. Бірақ ол борлаттай ақ шаңқан немесе ақ шағаладай әппақ түсті түйе емес. Шымқай ақ түсті түйе кездесе бермейді. Сондықтан болуы керек ақ түсті аруана, ақ інген, ақ бура қазақ дәстүрінде жалпы төрт түлік малдың басы, киелі, қасиетті жануар болып саналған. Ақ түсті түйені қазақтардың қадір тұтуының себебі де осында болса керек. Ақ түсті түйені халқымыз тек бір қатал сертке, ырымға байланысты соймаса, басқа жағдайда соймаған.
Қара түйе (қара бура, қара нар, қара тайлақ, қара інген) Ш. Жанәбілевтің пікірінше, түгі қара қошқыл болып келген түйе; демек ол шымқай қара емес.
Қызыл нар – "таза қанды лекті таза тұқымды аруанаға не біртуардың інгеніне шөгергеннен туған түйе. Мұндай нардың түгі қызылдау, өзі күшті, өркеші артына қарай бейім...". Демек түйе түсіне байланысты түстер қызыл – ақшулан, күлгін қызыл түстер және бұл түстер тек нар түйелерде ғана кездеседі екен.
Қараша – қылшық жүні қараға айналған қос өркешті түйелердің түсі. "Көк түйе" деп аталатын түйе шын мәнінде шымқай көк түсті емес, ақшыл көк, бозалаңға жақын түстегі түйе.
Боз інген дегендегі боз шымқай ақ емес, ақшыл көкке жақын түс. Сары түйе – түгінің түстері бірыңғай сары, сарғыш болып келеді.
Түйені түстеп атаудың тағы бір дәстүрі олардың басына, қапталына, сауырына, иығына, құйрық, құлақ, ерін, танау, маңдай түгіне, қасқасына, т.б. түр-түс ерекшелігіне байланысты болып келеді. Мәселен; ақ бас нар – денесіне қарағанда басының түгі ақ не боз болып келетін нар түсі; ақ сары бас атан – бас түгінің маңдай, ерін жағы ақшылдау боылп, құлақ, мойын, жақ тұсының бәрі сары, не сарғылт болып келетін атанның түсі. Қасқа бас түйе – маңдай түгі тұмсығының (кеңсірігінің) үстіне дейін ақтау болып келетін түйе.
Ақ қаптал түйе ауыр жұмыстарға көп салынып, арқасын қомша қажап, қапталы кетіп, жүні түскен және оның орнына ақ жүн шығып ала-құла болып тұрған түйе.
Ала бас нар – жаратылысынан басының кей жерлеріне ақшыл түк бітіп, жалпы денесі алаланып тұратын түйе.
"Сырға толы түр мен түс" кітабынан
Н. Үсенова