Кейбір мекеме "Өз тамағыңызбен кіруге тыйым салынған" деген жазуды іліп, ас-суды тек өзінен алуға міндеттейді. Мұндайды кафе, кино, аквапарк, компьютер және playstation клубтарда кездестіруге болады. Алайда мекемелердің бұл талабы заңсыз. Мысалы осындай құқықбұзушылық үшін 2018 жылы қыркүйек айында Астанадағы "Ailand" аквапаркіне 360 750 теңге айыппұл салынды.
Не себепті бұл заңсыз?
ҚР Конституциясының 26-бабына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Яғни жосықсыз бәсекеге тыйым салынады. Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі.
"Өз тамағыңызбен кіруге тыйым салынған" деу арқылы мекеме тұтынушыларға жанама түрде өз тауарын сатып алуға мәжбүрлейді. Бұл шектеудің заңсыз екені ҚР Азаматтық кодексінің 380-бабы мен "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 8-бабында жазылған.
ҚР Кәсіпкерлік Кодексіндегі 177-баптың 1-тармағында "Құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе оларды беруге бағытталған бәсекелестіктегі кез келген әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады" делінген. Мұндағы жосықсыз бәсеке дегеніміз – мекемелердің шектеуі, себебі олар өзге кәсіпкердің тауарына тыйым салып, өз тауарын ұсынады. Ал әдетте оның бағасы 3-4 есе қымбат болады.
Тыйым салынған жағдайда не істеу керек?
Егер мекеменің әкімшілігі жоғарыдағы заң талаптарын орындамаса, оған "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 163-бабындағы 1-тармақты көрсету керек. Мұнда кәсіптегі жосықсыз бәсеке үшін жеке тұлғаларға 50 АЕК (132 550 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 100 АЕК (265 100 теңге), орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне 360 АЕК (954 360 теңге), ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне 1600 АЕК (4 241 600 теңге) айыппұл салынады делінген.
Егер мекеме әкімшілігі өз дегенінен қайтпаса, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 713-бабына сай, монополияға қарсы органға хабарлау керек. Кейін мекемеге тиісті жаза тағайындалады.