Тұтынушы құқығын білесіз бе?

Тұтынушы құқығын білесіз бе?
Фото: abcnews.go.com

Бүгінгі нарық заманында тауарды қайтарып беру немесе ауыстырып алу мәселелері әлі де болса өзектілігін жоймаған. Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушының құқығына нұқсан келтіретін жайттармен жиі кездесіп жатамыз. Сараң саудагерлер «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңды елеместен, себепсіз салдарға сүйеніп, тиісті ақшаны қайтаруға асықпайды.

«Тауар қайтарылмайды немесе ауыстырылмайды» деген хабарламаларды кейбір сауда нүктелерінен көруге болады. Алайда бұл хабарламалардың қаншалықты заңды күші бар екенін аңқау тұтынушы біле бермейді. Тауардың қай жерде, базарда, арзан немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, тұтынушы құқығын қорғайтын арнайы заңның барын естен шығармаған жөн.

Тұтынушы құқығы

“Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” заңның  7-бабында (3-тарау) тұтынушының құқықтары аталып көрсетілген. Қысқаша атап өтсек, тұтынушының:

–  тауарды немесе көрсетілетін қызметті иеленуге еркін шарт жасауға;

– өзінің құқығын қорғау саласындағы ақпаратқа қол жеткізуге:

– тауар, сатушы, орындаушы не дайындаушы туралы ақпарат алуға;

–  қауіпсіз тауарды сатып алуға, оны еркін таңдауға;

–  тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге;

– өзіне келтірілген залалды, соның ішінде моральдық зиянды толық көлемде өтетуге;

– тауарды/қызметті сатып алу фактісін растайтын құжат алуға;

– ұтыс түрінде берілген не орындалған тауардың/қызметтің сапасы бойынша ұйымдастырушыға кінә қоюға;

– тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;

– құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар.

Яғни, өнім Сіз үшін қауіпсіз болу керек. Баға, ел туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде толық, анық ақпарат алуға құқылысыз. Атап айтқанда, тауардың шығу тегі, дайындаушысы, өнімнің тұтынушылық сипаты, өнімді пайдалану және сақтау тәсілдері мен ережелері, дайындалған күні, тауардың жарамдылық және кепілдемелік мерзімі.

Сонымен қатар, тұтынушы өз құқығын қорғау үшін:

–  құқықты бұзған сатушыға сотқа дейінгі өтінішімен баруға болады;

– сатушының заңсыз әркеттеріне өкілетті мемлекеттік органдарға шағым түсіре алады;

– сотқа талап ету өтінішімен бара алады.

Сіз бұған құқылысыз. Оны қамтамасыз ететін талаптар міндетті және белгілі бір заң шеңберінде бекітілген.

 Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды

Әр сатушы немесе кәсіпорын сатқан тауары, көрсеткен қызметі үшін заң алдында бірдей жауапты. Егер 14 күннің ішінде тауардың ақауы байқалса, міндетті түрде жаңасына ауыстырылып немесе ақшасы қайтарылуы керек.

Жазбаша арыз

Тұтынушының жазбаша арызы мынадай болуы керек:

Өтініш берушінің аты-жөні және мекен-жайы;

Сатушының (орындауышының) нақты мекен-жайы және атауы;

Ерікті формада арыз түсіру үшін негізгі болып саналатын жағдайлар;

Жедел хат жолдаушы адамдардың шағым түсіру қатынасының негіздері: келісім-шарт, кепілді хат;

Тұтынушылардың бұзылған құқықтары;

Арыз талаптарынан бұзылған міндеттеме шарттары;

Материалдық талаптар есебіне негізделген сома;

Арыз қанағаттандырылмаған немесе белгіленген тәртіпте қарастырылмаған жағдайда құқықты қорғау үшін кейінгі сотқа жүгіну туралы ескерту.

Талаптарға негізделген құжаттардың көшірмелерін салып қою керек. Өтінішті ескертпесі бар хатпен бірге жіберу қажет. Сатушы (орындаушы) он күн ішінде өтінішке жауап беруге міндетті.

Дереккөз: kaz.altaynews.kz

Massaget.kz