Түр-түстерді өлшеуге бола ма?

Түр-түстерді өлшеуге бола ма?
Фото: digitalgipsy.org

Колориметрия теориясында түр-түс реңктерін сезінудің әртүрлі заңдылықтарын ашу - негізгі мақсаттардың бірі. Түстерді қабылдаған кезде көру сезіміндегі өзгерістерді дұрыс түсіну үшін ең алдымен түр-түстің табиғатын білген жөн. Мәселен, бөлме жылы немесе суық екенін білу үшін температурасын анықтауға тырысамыз. Оны өлшеудің түрлі жолдары бар. Ал түр-түсті өлшеуге бола ма?

Иә, өлшеуге де, дәл анықтауға да болады. Түр-түс өлшемінің эталоны ретінде әртүрлі боялған үлгілер мен түрлі түсті сәулелерді пайдаланады.

Егер түр-түстің мөлшерін анықтауға әртүрлі түске боялған үлгі-эталондар қолданылса, біз олардың жүйесін пайдаланғанымыз. Ал егер оларды өлшеуге әртүрлі реңкті сәулелердің қосылыстары арқылы өлшем жүргізілсе, онда біз өлшем ретінде колориметриялық жүйені қолданғанымыз.

Бұл екі әдіс те жеке-дара дамып, белгілі дәрежеде өз бағаларын алған, іс жүзінде көбірек қолданылып дүрген топтастыру жүйелері. Қазіргі кезде оларға колориметриялық мән беріліп, өндірісте кеңінен пайдаланылып келеді.

Түр-түстерді эталон бойынша топтастыру әдісінің өндірістің әр саласында мәні бар. Эталон-үлгілер арқыл мата, пластмасса және басқа заттардың реңктері анықталып, бояулары таңдалады, түр-түстеріне қарай іріктеледі. Мұндай эталондар, әсіресе полиграфияда көп қолданылады. Бірақ бұл әдіс түр-түс сәулелерінің көзге қаншалықты мөлшерде әсер ететінін білуге мүмкіндік бере алмайды.

Ғылымда көбіне колориметриялық әдіс қолданылады. Колориметр деген оптикалық аспап бар. Ол түрлі түсті сәулені салыстыру арқылы түр-түстің сан мөлшерін белгілейді. Колориметрдің фотоэлектрлік түрі түстер мөлшерін фотоэлементтер арқылы анықтайды. Аддитивтік араласу заңдылығына сүйеніп, стандартты үш сәуле – қызыл, жасыл, көкті пайдаланып, колориметрдің көмегімен өзімізге керек түстің өңін есептеп шығаруға болады.


dv-expert.org

Колориметриялық түр-түс өлшемі сәулелердің мөлшеріне байланысты үш санмен сипатталады. Ол сандар түр-түс коэффициенті немесе коорлинаттары деп аталады да, түс атауларының бас әріптерімен (латынша R, Q, B) белгіленеді.

Колориметриялық әдістің ең қарапайым түріне жоғарыда айтылған бірізді араласу жатады. Атап айтқанда, бұл әдіс түр-түстің бірнеше үлгісін дөңгелек бетіне орналастырып, оны жылдам айналдырғанда олардың бір-біріне араласып көзге басқа бір түс болып көрінеді. Бұлай істеу кімнің болсын қолынан келеді. Мәселен, минутына 2000 рет айналатын дөңгелектің бетіндегі екі-үш түстің үлгілері бір-біріне араласудан көз алдымызда екінші бір түс пайда болады, оны өлшеу үшін негізгі үш түстің үлгілерімен салыстырып қарайды. Егер өлшеу үшін алынған түс пен негізгі үш түстің қосындысы сәйкес келмесе, онда негізгі үш түстің ара қатынастарын өзгерту арқылы оларды бір-біріне сәйкестендіруге болады.

Түр-түсті өлшейтін колориметрден бөлек компаратор, спектрофотометр сынды аспаптар да бар.

Н. Үсенова