Адам – қоғамды жасаушы күш. Оның еңбегі мен еңбек ету үдерісі түрлі бағытта болады. Бұған жұмыс жасау уақыты кіреді. Бір тәуліктің (24 сағаттың) сегіз сағаты адамның жұмыс істеуіне, сегіз сағаты демалуға, сегіз сағаты түрлі әрекеттерге бөлінген. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ осы сағаттарды тұрақты емес, әрқалай пайдаланып жатамыз. Соның әсерінен адам бойында әлсіздік пайда болып, жұмысқа деген ынтасы өледі.
Әлемде екі түрлі бағытта жұмыс жасау кестесі бар. Күндіз және түнде. Сонымен түнде жұмыс жасау қаншалықты зиян әрі пайдалы?
Зияны
Түнде жұмыс істеу негізінен өте қауіпті. Өйткені адам ағзасы түнде негізінен жұмыс істеу үдерісін тоқтатады. Тек қана ми түнде жұмыс істеу керек белгілі мүшелерге ғана тапсырма береді. Бұл – әрекет адам баласының ішкі механизмі.
Түнде жұмыс істеу кезінде адам бойындағы қайрат пен жігер сарқылып, оның шаршауы көбейеді. Ал шаршаудың көбеюі тек түнде ғана емес, күндіз де жұмыс жасауға кедергі болуы мүмкін. Әлеуметтік жағдайларға байланысты екі мерзімде де жұмыс жасайтын адамдар үшін бұл уақыт тіптен қауіпті.
Бір қызығы түнде жұмыс жасаудың пайдасы да бар
Түнде жұмыс жасау кезінде жұмысыңыз тез әрі тиянақты орындалады. Себебі мазалайтын қаланың шуы мен адамдардың дүбірі аз болады. Бір сөзбен айтқан кезде тыныштықта отырып ойлаған ісіңізді жүзеге асырасыз. Түнде жұмыс жасау түрлі жаңа идеялардың тууына себеп болады. Себебі күні бойына жұмыс жасап, тоқтаусыз әрекет еткен ми кешкі уақытта өзіне жинаған ақпаратты сізге тың қалпында беріп отырады.
Түннің бір уағында қозғалыста болу, мидың қызметін жетілдіру әсіресе шығармашылық адамдарға тән. Ақындар мен жазушылардың, суретшілердің, композиторлардың керемет туындылары жеті қараңғы түнде туындап жататыны осыдан.
Ескерту: түнде жұмыс жасауға қабілетіңіз артса, күндіз сол уақытқа сай демалып алған жөн. Бұл таңнан кешке дейін ұйықтау деген сөз емес, тек ырымын жасау керек.