Қазақстанда орын алған жағдай көбін абдыратып тастады. Елде төтенше жағдай жарияланып, жүріп-тұруға шектеу қойылды, бірнеше күн интернет болмады. Жаңа жылдық демалыста шетел асып не өңір-өңірге жол тартқан, ұшақпен саяхаттауға шыққан жандар елден қол үзіп, жырақта қалды.
Олар тығырақтан қалай шығады, мұндайда не істеуі керек? Air Astana әуе компаниясы өз ұсынысы мен кеңесін берді.
Ұшақ билетін қайтаруға, не ауыстыруға болады
Ұшаққа алған билетім күйіп кетеді деп қорықпаңыз. Air Astana компаниясы мұндай жағдайда билетті айыппұлсыз қайтарып беруге, не басқа күнге ауыстыруға мүмкіндік береді. Мәселен осы жолғы төтенше жағдайда билетті ақпан айының аяғына дейін кез келген күнге тегін ауыстыруға, бронь жасауға, не қайтарып, ақысын толық беруге жеңілдік жасалды. Бұл жерде ескерер бір нәрсе бар: билетті қай жерден сатып алсаңыз, сол жерге барып қана ауыстырып, не қайтарып ала аласыз.
Елде коменданттық сағат енгізілгенде...
Мұндай жағдайда әуе компаниясы халықаралық және ішкі рейстердің ұшу мен қону уақытын салыстырып, жолаушыны үйіне дейін қауіпсіз жеткізудің жолдарын қарастырады. Есіңізде болсын: қаланың ішінде жүру үшін міндетте түрде жеке төлқұжат пен отырғызу талонын алып жүруіңіз керек.
Санитарлық талаптар өзгерсе
Шетелге ұшарда, тіпті, туроператормен шықсаңыз да жоспарлаған жол шығындарынан бөлек қалтаңызға қосымша қаржы салып алғаныңыз жөн. Алда-жалда керек болып қалмаса, артық етпесі анық.
Қазір әлемдік пандемияға байланысты санитарлық талаптар жиі өзгеріп жатыр. Мәселен, осы аптада Қазақстанға кірудің санитарлық талабы өзгеріп, енді шетелден ұшып келгендердің қолында міндетті түрде ПТР-тест болуы тиіс деген ереже енгізілді.
ПТР-тестінің бағасы әр елде әртүрлі. Ал жарамдылық мерзімі – 72 сағат.
Санитарлық талаптардан хабардар болу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Air Astana компаниясының хабар тарату қызметіне жазылып алыңыз.
Интернет өшірілсе, байланысу мүмкіндігі болмаса
Төтенше жағдай орнаған кезде, интернет пен басқа да байланыс құралдары бұғатталатыны белгілі. Ондай жағдайда компанияның өзі де броньдау, билет беру сынды техникалық қиындықтарға тап болады. Ал ондай кезде әуе компаниясының ұшып келген еліңіздегі өкілдігін іздеуге, соған жүгінуге тырысу қажет. Ірі әуе компанияларының барлығы шетелде өз өкілдіктері бар.
Ал интернет қосылған, телефон шалу мүмкін болса, онда Air Astana-ның колл-орталығына хабарласыңыз. Телефон нөмірі: + 7 727 244 4477, +7 717 258 4477, +7 702 702 4477. Ал whats app нөмер +7 702 702 0148, э-поштасы – call.centre@airastana.com. Сондай-ақ www.airastana.com сайтындағы чат-ботпен байланысуға болады.
Бұл нөмірлерді телефоныңызға міндетті түрде жазып алыңыз.
Репатриациялық рейске үлгеру
Төтенше жағдай орнағанда әуебайланыс қысқартылып, не толық тоқтатылуы мүмкін. Мұндайда әуе компаниясы шетелден жолаушыларын алып кету үшін арнайы репатриациялық рейс ұйымдастырады. Оның уақытын үкімет белгілейді. Бірақ әуе компаниясы белгіленген уақытқа үлгермеуі, кешігіп жетуі мүмкін. Өйткені шетелдегі азаматтарды алып кететін ұшақ Қазақстаннан бос шығады. Оның келуіне біршама уақыт кетеді.
Ал ұшақтың келу уақытын білу үшін әуе компаниясымен байланысып, репатриациялық рейске тіркелу керек. Турагенттікпен келгендерге агенттік қызметкерлері хабарласып, өздері ескертеді.
Сондай-ақ, репатриациялық рейстердің уақыты Air Astana компаниясының ресми сайтында да көрсетілген. Ақпарат жиі жаңартылып отырады. Бір аптаның ішінде Air Astana мен FlyArystan компаниялары 178 халықаралық, 621 ішкі рейсін кері шегерді. Ел астанасы мен Қазақстанның басқа қалалары арасындағы әуебайланыс 7 қаңтар, ал Алматымен 13 қаңтар күні іске қосылды. Соған қарамастан осы уақыт аралығында әуе компаниясы 178 халықаралық рейс пен 343 ішкі рейсті орындап, 7500 жолаушыны елге қайтарды.
Тіпті, төтенше жағдайдың өзінде қазақстандық азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туды. Әуе компаниясы жолаушыларын тығырықтан шығару үшін жеңілдік жасап, қолдау көрсетуге әзір.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!