Қылышын сүйретіп, қаһарлы қыс келе бастағанда шкафтан барлығымыз да жылы жемпірлерімізді, сырт киімдерімізді шығарамыз. Басым көпшілігіміз неше түрлі теріден тоқылатын тон (дубленка) киеміз. Өйткені оның жылулығы да, сұлулығы да керемет. Алайда оны тазалаудың жолын бәріміз бірдей біле бермейміз. Сондықтан кішкентай дақ түссе болды, химиялық жолмен тазалайтын орындарға апаруды жөн көреміз. Бірақ ол жердегі адамдардың қызметін төлеуге көбіміздің ақшамыз жетпей жатады. Сол себепті оны өзіміздің тазартуымызға тура келеді. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға тонды қалай тазалау керектігін ұсынып отырмыз.
Алдымен тонды таза ұстау үшін мына қағидаларды ескергеніңіз абзал:
1. Тоныңызды ешқашан оттың төңірегінде және отынмен жылытатын құралдардың қасында кептірмеңіз.
2. Оны өзінің арнайы қабына салып, іліп қойған дұрыс. Қалтасына міндетті түрде лаванда майы тамызылған мақта немесе орамал жүру керек. Бұл майдың иісі тоныңызға күйе көбелектерді түсірмейді.
3. Тонды ешқашан кір жуғыш машинаға салмаңыз. Себебі терісін түсіріп, түсін кетіреді.
4. Оның орнына сабын езіндісімен тазалап алуға болады. Содан кейін киіміңізді кептіріп, глицерин жағып қоясыз.
5. Қарапайым тонды резеңке щеткамен, ал басқаларын сулы шүберекпен тазалағаныңыз жақсы.
Былғары тонды тазалауға керекті кеңестер:
1. Ең әуелі байқап көріңіз. Қолданайын деп тұрған құралды киіміңіздің көрінбейтін жеріне жағып қарауыңыз қажет. Егер бәрі дұрыс болса, барлық жеріне жаға бересіз.
2. Егер үстіңізге май тамып кетсе, оны сол жерде крахмалмен сүртіп жіберіңіз. Майдың ізі де қалмайды.
3. Қатты майлы емес дақтарды резеңкенің кішкентай бөлігімен де кетіруге болады.
4. Тез кірлейтін жаға, жең секілді жерлерді тіс тазалайтын ұнтаққа бір-екі тамшы мүсәтір тамызып, арнайы щеткамен тазалаңыз.
Күдіреден жасалған тонды тазалап үйреніңіз:
1. Күдерідегі таңбаны қайнатпа тұзбен кетіруге болады.
2. Сүт пен сода да көмектеседі. Ол үшін бір стақан сүтке бір қасық сода қосып араластырып алыңыз. Содан соң бұл қоспаға таза шүберекті салып сулап, үстінен сүртіп шығыңыз. Артынан таза сумен жеңіл-желпі жуып жібересіз.
Міне, енді тонды арнайы жерлерге апарып, ақша шығармай-ақ, өзіңіз үйде отырып тазалай аласыз. Киіміңіз дүкеннен қазір сатып алып келгендей болады.