- Негізгі бет
- Жаднама
- Толқуды басудың 3...
Толқуды басудың 3 әдісі
Барлық адамдар кейде толқиды және ол жиі қолайсыз уақытта келеді. Әсіресе, сабырлы көрінетін жерлерде ол жөнсіз орын алады. Мысалы, емтихан тапсырарда немесе маңызды кездесуге барарда толқи бастайсыз. Сондықтан, толқу мен абыржуды жылдам кетіретін әдістерді білген артық етпейді.
1-әдіс. Ішпен демалу
Йога мектептерінде тыныс алу тәжірибесі ең қарапайым әрі маңыздысы екендігі бекерге емес. Өкпенің төменгі бөлігімен тыныс алу кезінде көкет құрсақ қуысындағы барлық мүшелерге табиғи түрде массаж жасайды, энергетикалық орталықты ынталандырады, жүрек қызметін жақсартады. Йогада мұндай демалуды «тандеммен тыныс алу» деп атайды. Оны отырып, жатып және тұрып жасауға болады. Ол үшін іш бұлшықеттерін қозғалта бастап, мұрныңызбен баяу ауа алыңыз, ойдан 5-ке дейін санап, ары қарай деміңізді ұстаңыз. Қайтадан 5-ке дейін санап, ауызбен жайлап ауаны шығарыңыз. Ауаны шығару жұтқанға қарағанда ұзағырақ болуы мүмкін. Тынышталу үшін жаттығуды 3-5 рет қайталаңыз.
2-әдіс. Күлкі
Өзіңізде күлкі ұстамасын тудырыңыз. Мысалы, күлкілі жағдайды есіңізге түсіріңіз. Мүмкіндік болса, әрқашан сізді күлдіре алатын досыңызға телефон шалыңыз. Себебі күлу кезінде бақыт пен рақаттану гормоны бөлінетіні дәлелденген. Соның нәтижесінде жүрек қызметі реттеледі, зат алмасу жақсарады, қандағы күйзеліс гормоны азаяды.
3-әдіс. Құлақ қалқаны массажы
Құлақ қалқанында түрлі ауруларды емдеуге болатын түрлі биологиялық белсенді нүктелер бар. Тіпті, құлақтың нүктелі массажымен айналыспай-ақ, жай алақаныңызбен құлағыңызға бірнеше минут массаж жасаудың өзі керемет нәтиже береді. Мұндай массаж толқуды басып, тыныштануға көмектеседі.
А. Жапатова