Қазақта «сөз киесі» дейтін мәні терең, үлкен аталы сөз бар. Тегінен сөзге тоқтап, дау мен соғыстың бетін қайтарған осы сөз. Өкінішке орай киесі барын біле тұрып, киелі сөзді, соның ішінде кие дейтін атауға лайық атауларды кірме сөздермен ластап жүрміз. Бір сөзбен айтқан кезде бұлай сөйлеу мода.
Қазақ тілінде «әке» дейтін сөз бар. «Әке» деген үш-ақ әріптен тұратын сөзді түп тамырымен негізі сіз ойлағаннан да тереңде жатыр. Қазақ дәстүріне сай әкенің рөлі, оның тәрбиесі мен мінезі және болмысы ерек. «Әке – асқар тау», « Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейтін аталы сөздердің қалыптасуы сол сөзді жасап тұрған образдың ерекшелігінде. Ал біз осы бір киелі сөзді «батья» деп қысқартамыз. Жоқ қазақ тіліндегі қысқартуы емес, орыс тілінен енген сөздің қаңсығы. Қазіргі жастардың ауызынан «әке» деп шақыратын қаратпа сөзден гөрі, «батья» дейтін сөзді көп естиміз. «Ә» әрпіне тілі не икемі келмеуден де емес, бұл солай атауды қызық көретін баланың әрекеті немесе оның әкесі әкесін «батья» деп атаса керек, қалыптасып кеткен. Посткеңістік, совет үкіметі дейтін түсініктердің санада қалуы үлкен қауіп. Сондықтан барынша төл тілге тілді сындыру керек және икемдеу маңызды.
«Ана» дейтін ұлы сөзді «мам» деу сіз ше дұрыс па? «Шеше» деп шақырса анайы деп санайтын, дәстүрлі төл тілдегі ең керемет «шеше» сөзін де ластап біттік. Түсінікті өзгертіп жібердік. Бұл қасірет емес пе? Есіктен кіріп «Шеше шай дайын ба?» деп сұраудан гөрі, «Мам, шай дайын ба?» деу жастар үшін жеңіл әрі ерекше естіледі. Ал бұған құлақ үйреткен ата-ананың «қой» деп айтуға шамалары жетпей ме? Тәрбие түгілі, ертең ел азаматы болатын ортаны қоғам емес, отбасындағы, ошақ қасындағы әңігме өсіреді. Ендеше анаңызға «мам» дегенше «шеше» дегеніңіз әлдеқайда дұрыс жол болар еді.