Толыққанды және сапалы ұйқы — денсаулықты сақтауға және күні бойы сергек жүруге қажет шарт. Ұйқының бұзылуы зейін қоюдың нашарлауына, артық салмақ проблемасына, есте сақтаудың нашарлауына және артериялық қысымның артуына әкелуі мүмкін. Проблеманы жеңу үшін оны шешуге жауапкершілікпен қарау керек. Бірінші кезекте жұмыс режимін реттеу, ұйықтауға аз қалғанда құрамында кофеині бар сусындар ішпеу немесе тәттілер жемеу, күні бойы көбірек қозғалу және рационды ретке келтіру керек. Ұйқының бұзылуымен шөптер негізіндегі кей құралдар да күресе алады. Олардың қолжетімді түрлерін ұсынамыз.
Күреңот (иван-чай)
Ферменттелген күреңот тұнбасын тәуліктің кез келген уақытында ішуге болады, себебі оның құрамында кофеин жоқ. Ұйқыны реттеу үшін күреңот тұнбасын 3-4 апта бойына күніне 2 рет ішкен дұрыс. Бұл өсімдік иммунитетті қатайтады және тыныштандыратын әсерге ие. Оның құрамына магний, В тобының дәрумендері және жүйке жүйесіне жағымды әсер ететін заттар кіреді. Күреңотты дәріханалардан немесе интернет-дүкендерден сатып алуға болады.
Оны дайындау үшін 250 мл жылы суға 1 ас қасық немесе 1 қалташа күреңотты салу керек. Содан соң жарты сағаттай тұндырып, кейін сүзіп алу керек. Шайдың тыныштандырушы әсерін күшейту үшін оған кішкене жалбыз немесе 1 шай қасық табиғи бал салуға болады.
Зімбір шайы
Зімбір тамыры — ұйқының бұзылуымен күресуге көмектесетін тағы бір табиғи өнім. Ол сондай-ақ қабынуға қарсы қасиетке ие. Зімбір зат алмасуды жақсартады және иммунды жүйені қатайтады.
Зімбір шайын дайындау үшін зімбір тамыры мен жарты шай қасық куркумаға 4 стақан ыстық су құйыңыз. Сусын аздап тұрып, сәл суыған соң оған 1 шай қасық сұйық бал салыңыз.
Лаванданың кепкен жапырақтары мен гүлдері
Кептірілген лаванда гүлдері жүйке және тыныс алу жүйелеріне тыныштандырушы әсер етеді. Кептірілген лаванда гүлдерін кішкентай мақта немесе зығыр қапшықтарға салып, оны жақстықтың астына немесе кереуеттің қасындағы сөреге қояды. Хош иісті қапшықтың әсерін арттыру үшін оған лаванда немесе жалбыз эфир майының бірнеше тамшысын тамызуға болады.
Жұпаргүл
Жұпаргүлде зат алмасу процестерін жақсартатын, қанның ұйығыштығын азайтатын және жалпы ағзаға сауықтырғыш әсер ететін пайдалы заттармен қаныққан эфир майы болады. Жұпаргүлді кептірілген немесе престелген шөп түрінде, сондай-ақ тұнба немесе ұнтақ түрінде сатып алуға болады. Кептірілген жұпаргүлден лавандамен секілді қапшық жасауға, ал ұнтақ түрінен емдік шай дайындауға болады.
Шүйгіншөп (валериана) сығындысы
Шүйгіншөптің кептірілген тамырсабағы ұйқы сапасына жағымды әсер етеді және ұйықтап кету уақытын қысқартады. Шүйгіншөп сондай-ақ антиневроттық және жалпы қуаттандырушы қасиеттерге ие.
Шүйгіншөп қайнатпасын дайындау үшін 1 ас қасық шүйгіншөп тамырын жылтыр сырлы ыдысқа салыңыз. Оған бір стақан қайнаған су құйып, оны 15 минутқа қалдырыңыз. Суыған сусынды дәкемен сүзіп, оған тағы да кішкене қайнаған су құйыңыз. Мұндай тұнбаны тамақ ішуге жарты сағат қалған кезде 1 ас қасықтан ғана ішу керек. Бұл процедураны 5-10 күн бойы қайталаған дұрыс.
Жаужапырақ (мелисса) эфир майы
Жаужапырақ — емдік және антисептикалық қасиеттерге ие хош иісті шөпті өсімдік. Ол ағзаға босаңсушы және тыныштандырушы әсер етеді. Жаужапырақ майы бас айналудан және ұйқы проблемаларынан арылуға көмектеседі. Оны теріге жағуға немесе ингаляция түрінде қолдануға болады. Ол үшін суық суы бар стақанға оның бірнеше тамшысын тамызып, оның үстінен 5-7 минут демалу керек.
Түймедақ шайы
Бұл сусын тыныштандырушы әсерге ие және ұйқысыздықтың алғашқы белгілерімен күресуге көмектеседі. Түймедақтың құрамындағы апигенин заты ағзаға жұмсақ әсер етеді және үйреніп қалуды болдырмайды. Түймедақ шайының дәмі де жақсы, сондай-ақ ол қолжетімді өнім: оны кез келген дәріханадан табуға болады.
Түймедақ шайын дайындау үшін 1 шай қасық кептірілген түймедаққа 200 мл ыстық су құйып, 5-10 минутқа қалдырыңыз. Оның дәмін жақсарту үшін оған бал немесе бірнеше жалбыз жапырағын салуға болады.