Тез арада тастайтын үйдегі артық 30 зат

Мидағы артық ой мен проблемадан арылу үшін үйдегі реттілікті де сақтау керек. Сөредегі артық дүниелер санаға да, көзге де салмақ болады. Керек, керек емесін анықтап, біреуге сыйлайтындарын сыйлап, тастайтынын тастап, өткізетінін өткізіп, ойыңызды тазартқан абзал. Ол қандай заттар? Мына тізімде кездесуі мүмкін.

Киім-кешек, аяқ киім мен бұйымдар

1. Қайта қалпына келмейтін киімдер. Созылып кеткен футболка, дағы кетпейтін жейде, құрт көбелек жеп тастаған жемпірді киім сөреңізде сақтаудың қажеті жоқ. Жөндеу жұмыстарына киерсіз. Шығарып тастаңыз.

2. Өлшемі келмейтін киімдер. Себебі белгілі шығар. 

3. Ескі аяқ киімдер. Егер қалыпқа келетін болса, тырысып көріңіз. Түрін келтіре алмасаңыз, тастай салыңыз. 

4. Шұлық, жылулықтар. Түтіліп не тесіліп қалса, қоқысқа тастаған дұрыс.

5. Түрі "шаршап" кеткен бұйымдар. Бижутериядан сынған сырма, үзілген алқа, көзі түскен жүзіктерді тастаңыз. Ювелир бұйымдарын лақтырып керек емес, дұрысы – жөндеуге беріңіз.

6. Мерекелік ескі киімдер. Мысалы осыдан 4 жыл бұрын мектеп бітіру кешіне киген көйлегіңіз қазір сәнде болмауы мүмкін. Әдемі, қымбат, сапалы киім болса әрі тек бір-ақ рет кисеңіз, сатуға шығарсаңыз болады. Болмаса, секэндхэндке өткізіңіз. 

7. Ескі сөмкелер. Әмияндар да осы тізімге кіреді. 

8. Ескі суда жүзу киімдері. Созылып кеткен не түсі өнген мұндай киімдерге сіздің сөреңізде орын жоқ. 

9. Көптен киілмей жүрген киімдердің түймесі. Бір-біріне еш ұқсамайтын түйме-тиектерді не істейсіз? Дұрысы, тігін шеберханасына өткізіңіз. Сізден гөрі тігіншіге керек болады.

Косметика

10. Кеуіп қалған лак. Түсі сирек кездесетін, табылуы қиын болса да кеуіп кеткен лакты ұзақ сақтамаңыз. Арнайы ерітетін сұйықтық құйсаңыз да, бастапқы қалпына келмейді. 

11. Сынама әтір, косметикалық заттар. Кішкентай құтыдағы әтірді де, далапты да, кремді де жинамаңыз.

12. Созылып кеткен шаш буғыш резиналар. Шаршамайтын резина керек десеңіз, ескі телефон баусымындай резиналарды қолданыңыз. Созылып кетсе, ыстық суға салып, қалыпқа келтіріп алу оңай.

13. Шаш бұйымдары. Шаш үйреуіш, шаш қыстырғыш қажеті болмаса, жинамаңыз.

Тамақ, асхана бұйымдары

14. Бұзылған, ашыған, сақтау мерзімі асқан тағамдар. Сіз жейсіз бе? Жоқ? Онда сақтамаңыз.

15. Ескі дәмдеуіштер мен соустар. Бұларға да орын жоқ.

16. Қажеті жоқ саптыаяқтар. Шеті сынған, шытынаған ыдыстарды да ұстамаңыз, жаман ырым деседі.

17. Бос құтылар. Банка қабылдайтын апайлар көрсеңіз, сол кісілерге өткізіңіз. 

Үй заттары

18. Тесілген не ескі, түтігі шыққан орамал. Су сорса, еден жууға арнасаңыз болады. 

19. Ескі жамылғы тысы. №1 киімдермен бірге жөндеу жұмыстарына арнаңыз. Үй әктегенде не сырлағанда еденге төсеуге ыңғайлы.

20. Тозған жастықтар. Егер шебер болсаңыз, мамығынан орындық бетіне төсейтін көпшік жасап алғаныңыз дұрыс.

21. Үй интерьеріне сай емес құмыралар. Флористерге сыйға берсеңіз болады.

22. Сынған, істен шыққан электроника, тұрмыстық техника. Тілін ұғатын монтер, инженерлерге ұсынып көріңіз. "Темір аламыз" деушілер де табылады.

Макулатура

23. Чек. Кепілдік мерзімі асса, бұл чектерді тастай беріңіз. Коммуналдық төлем түбіртегін үш жылға дейін сақтаған жөн.

24. Мектеп не университет жазбалары. Оқитын бауырыңызға, көршіңіздің баласына бергеніңіз дұрыс болар, әрине, оларға қажет болса.

25. Тойға шақыру билеті, құттықтау ашықхаттары. Бұлар да – бұрынғының көзі. Қазір тілектер мен шақырулар онлайнға ауысқан. Ескі дүниеден естелік деп бір-екеуін қалдырып, қалғанын тастаңыз.

26. Қайта басып шығарылған суреттер. Түпнұсқасын, өңі кетпеген, түр-түсі анығын ғана сақтаңыз.

Неше түрлі заттар

27. Тұрмыстық техника қораптары. Ең үлкенін алып қалып, оны бүктелген тұсынан жинап, сақтап қойыңыз да, қалғанын шетінен қоқысқа салып тастай беріңіз.

28. Мерзімі өткен дәрі-дәрмек. Түсініктеме керек емес те шығар.

29. Түсініксіз баусымдар. Кез келген үйден табылатын дүние. Дұрысы, керегін, түпнұсқасын ғана алып қалып, қалғанын тастау керек.

30. "Көне" CD және DVD. Коллекция жинайтын танысыңыз болса, бере салыңыз.