Қазір өзін телефонсыз елестете алмайтын адам көп. Ал сол жан серігіңізге айналған құрылғыны қолдану тәртібін білесіз бе? Телефонды қолға алып, цифрларды теріп, қоңырау шалуды тілі шықпаған бала да біледі. Ал ары қарай қолдануда қандай әдептер сақтау керек?
«Сөз атасы – сәлем!». Біреуге қоңырау шалғанда алдымен амандасыңыз, бейтаныс болса, өзіңізді таныстырыңыз. Содан кейін ғана хабарласқан шаруаңызды айтуға болады.
Өзіңіз біреуге қоңырау шалып тұрып, «Бұл кім?» деп сұрамаңыз.
Хабарласатыныңызды алдын ала айтып, келісіп қойған болмасаңыз, сағат түнгі оннан кейін ешкімді мазалауға болмайды. Әсіресе, бейтанысқа, үлкен адамдарға, оқытушыларға қоңырау соғатын болсаңыз, бұл ісіңізді тым әдепсіздікке балап, сізге деген теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін.
Сөйлесу кезінде байланыс үзіліп кетсе, бірінші хабарласқан адам қайта қоңырау шалады.
Айналаңызда адамдар бар болса, олар сіздің телефонмен сөйлесуіңізге қарсы еместігін анықтап алған жөн.
Телефонмен сөйлесу кезінде тамақ жеу, сағыз шайнау, қағаз шықырлату да әдепсіздік белгісі.
Аса қажеттілік тумаса, әңгімелесушіңіздің сөзін бөлмеуді үйреніңіз.
Кім қоңырау шалған болса, әңгімені сол аяқтайды. Одан бұрын «сау бол» айтып, байланысты үзіп тастамаңыз.
Сізге қоңырау шалған кісі нөмірден қателесіп кеткен болса, оған сабырлы да байыпты түрде түсіндіріңіз. Қайтадан хабарласа беретін болса, техникалық ақауларға байланысты болуы мүмкін. Ашу шақырып, бейтаныс кісіге дауыс көтермеңіз. Әдейі істемейді ғой.
Ыңғайсыздық туындамас үшін хабарласып тұрған адамыңыздың сізбен сөйлесуге уақыты мен мүмкіндігі бар ма, жоқ па – осыны сұрап алған абзал.
«Өзім сізге қайта хабарласамын» деп айтқан екенсіз, міндетті түрде орындаңыз. Сөзінде тұру тек қана ерлерге міндетті қасиет емес.
5-6 қоңырау барғаннан кейін, қарсы жақ телефонға жауап бермесе, тұтқаны орнына қойыңыз.
Айналаңыздағы адамдарға кедергі келтіретіндей қатты дауыспен сөйлеспеңіз. Бұл қағида, әсіресе, қоғамдық көлікпен жүретіндерге қатаң ескертіледі.