Rescuetime қосымшасын ойлап табушыларының есептеуінше, смартфон иесі орташа есеппен күніне 3 сағат 15 минут уақытын телефонда өткізеді екен. Бір қарағанда көп емес, бірақ бұл дегеніміз – жылына 49 күн. Бұл орташа есеппен алынған мәлімет, ал арамызда одан да ұзақ отыратындар жеткілікті.
Қазіргі өмірімізді смартфонсыз елестету қиын. Ол арқылы санаулы секундтар ішінде кез келген ақпаратқа қол жеткізесіз, жақын адамдарыңызбен байланыс орнатасыз, ешқашан барып көрмеген елдерді көре аласыз... Бірақ смартфонды шектен тыс қолдану өзін-өзі бағалауды төмендетеді, күйзеліс деңгейін көтереді және өмірден ләззат алуға кедергі болады.
Ендеше, тепе-теңдікті қалай табуға болады? Әркім үшін оның "қақ ортасы" әртүрлі. Бұл үйлесімді табуға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз.
Смартфонмен қарым-қатынасыңызды зерттеңіз
Смартфонда өткізетін уақытыңыздың қанша бөлігі өнімді? Әлде телефонға қарай беру әдетке айналды ма? Хабарламаны қаншалықты жиі тексересіз? Оны анықтауға арнайы бағдарламалар (Rescuetime, Checky, Moment) көмектеседі. Бұл бағдарламадағы мәлеметтерге қарап, уақытыңыздың көп бөлігі не нәрсеге кететінін оңай көруге болады.
Қажет емес қосымшаларды "тығып" қойыңыз
Біз қосымшаларды жиі санасыз түрде ашамыз. Ол қосымшаларға кіретін ойымыз болмаса да, телефонды ұстаған бойда оны автоматты түрде ашамыз. Бұл әдеттен құтылуға болады: ол үшін ондай қосымшаларды смартфонның бас бетінен алып, папкаларға салып қойыңыз. Бастысы, әркез телефонды қолыңызға алған кезде таныс белгі көз алдыңызда тұрмауы керек.
Тағы бір әдіс – аса пайдалы емес қосымшаларды (мысалы, әлеуметтік желілер) өшіріп тастау. Егер хатты оқып жіберу немесе сурет жазып алу керек болса, оның веб-нұсқасына да кіре аласыз. Әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істемесеңіз, оны өшіріп тастағаннан ештеңе жоғалтпайсыз.
Хабарламаны өшіріп тастаңыз
Әрине, барлық хабарламаны өшірудің қажеті жоқ. Бірақ смартфоныңызға орнатылған ондаған қосымшалар сіздің жедел реакцияңызды қажет етпейді. Суретке қойылған лайктар, ойындағы сыйлықтар, жаңартылған бағдарлама туралы жаңалықтар – олардың бәрі күте тұрады. Хабарламаның көпшілігін өшіріп тастап, маңызды нәрседен қалып қоятындай уайымдамаңыз. Сіз ештеңе жоғалтпайсыз, керісінше, айналаңызға, шынайы өмірге мән бере бастайсыз.
Аз сөз қолданыңыз
Бітпейтін мәтіндік хаттар жаза бергенше, сөздердің орнына стикерлер мен смайликтер қолданыңыз.
Жаңа хобби табыңыз
Бұл кеңес бір қарағанда "біртүрлі" көрінуі мүмкін. Өзі уақыт жоқ кезде қай уақытта жаңа іспен айналысуға болады? Бір жағынан, зерігу – адамның смартфонға "кіріп кетуінің" ең кең таралған себебі. Достарыңыздың немесе танымайтын адамдардың суреттерін қарап, көңіліңізді түсіріп, лента мен историяны тауысқанша отыра бергенше, йогамен айналысуға, сурет салып үйренуге немесе тамақ дайындауға болады. Бұларды үйренуге күніне 1 сағаттың өзі жеткілікті, ал нәтижесі сізді ұзақ күттірмейді.