- Негізгі бет
- Жаднама
- Телефон нөмірін есте...
Телефон нөмірін есте сақтаудың 5 жолы
Кейде өзгенің телефон нөмірі түгілі, өзіміздің телефон нөмірімізді есімізге түсіре алмай жататын кездеріміз болады. Болмаса, біле тұрсақ та күмәнмен қараймыз. Ендеше ұмытпау үшін не істеуге болады?
Телефон нөмірін жаттап жүрудің пайдасы зор. Ойда-жоқта смартфоныңның қуаты таусылып, қажет нөміріңді таба алмай қалуың мүмкін. Сол кезде «неге жаттап алмадым екен деп» өкініш танытатынымыз рас. Ендеше сол өкініш танытпас үшін телефон нөмірін есте сақтаудың 5 тәсілін айта кеткенді жөн санап отырмыз.
1. Өзге айтқанда мұқият тыңда. Өзгенің телефон нөмірін сақтағанда жаттап алуға тырысып бақ. Айтушыға телефон нөмірін асықпай, жай айтуды өтін. Бұл уақыт аралығында телефон нөмірі есіңде сақталып үлгереді.
2. Телефон нөмірін топтастыра жатта. Мәселен, алғашқы екі санын, сосын үш санын, одан кейін қалған екі санын жаттап ал. Көбіне біздер алғашқы үш санын, кейіннен екі-екі саннан жаттаймыз. Бұл қатып қалған қағида емес. Өзіңе ыңғайлы жолмен жаттауыңа болады.
3. Телефон нөміріндегі сандарды белгілі бір оқиғалармен байланыстыра жатта. Өзіңнің туған күнің, туған жылың, белгілі бір оқиға уақытымен сәйкестендіріп жаттауға тырыс. Мысалы, соңы 1024 болса, 1024 килобайт, 1991 болса, еліміз тәуелсіздік алған жыл деп жаттап алуға болады.
4. Телефон нөмірін жаттауға уақыт бөл. Күніне бірнеше жақын адамыңның телефон нөмірін дауыстап қайталап (өлең жаттағандай) жаттауға тырыс.
5. Телефон нөмірін көру түйсігіңіз арқылы жаттауға болады. Ол үшін қажетті телефон нөміріңізді тергенде қай саннан кейін қай санды басатыныңызды көру арқылы есте сақтауға тырысыңыз.
Ал сіз жақын жандарыңыздың телефон нөмірін қалай есте сақтайсыз?
О. Сансызбай