Тайм-менеджмент уақытты дұрыс жоспарлау дегенді білдіреді. Яғни, бұл әдіс арқылы барлық жоспарлаған жұмыстарыңызды уақытында орындап үлгеруге мүмкіндік аласыз. Егер әрдайым кешігіп, басыңыз қатқан болса, Balbal.kz ұсынған кеңестер жиынтығын кәдеңізге жаратыңыз.
Ең алдымен, уақытыңыздың көбін қайда жұмсайтыныңызды анықтаңыз. Ол үшін күнделікті немен айналысатыныңызды жазып отырыңыз. Бір қағазға жасаған жұмыстарыңызды, іс-әрекеттеріңізді түртіп, кешке қарай сараптама жасаңыз. Уақытыңыздың біразын текке құртып жатуыңыз әбден мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желіге, достарыңызбен бос әңгімеге немесе ұйқыға кеткен уақытты пайдамен өткізуге болатынын түсінесіз.
Жұмысқа бар ынтаңызбен кірісіңіз. Белгілі бір тапсырманы орындау үшін бар назарыңызды, ойыңызды соған аударып, тек соны аяқтауға талпыныңыз. Телефонға келген қоңырау мен желідегі жаңа хаттарға мән бермес үшін оларды өзіңізден алыстау ұстаңыз. Басқа бөлмеге немесе сөмкеңізге салып қойыңыз. Сол тапсырманы орындамайынша, орныңыздан тұрмаңыз. Тіпті, шөлдеп бара жатсаңыз да тапжылмай жұмысқа беріліңіз.
Күнделікті бір іспен айналысуға міндетті емес екеніңізді түсініңіз. Өзіңізге уақыттың жетпейтіні де содан. Бір күн үй жинамасаңыз, ештеңе етпейді. Ертең-ақ жинап үлгересіз. Үнемі белгілі бір жоспармен жүру — ішпыстырарлық, оған қоса уақытыңызды аямайды. Сол себептен, үйдегі жұмысыңызды, басқа да шаруаларды аптаның әр күніне бөліп тастаңыз. Сонда күніне 1-2 сағат артылып, өзіңізге көңіл бөлуге болады.
Көп міндетті мойныңызға іле бермеңіз. Кеңсенің жылдық есебін жасау керек, үйге азық-түлік алу бар, сыныптастардың кездесуін ұйымдастыру да сіздің мойныңызда. Иә… Мұндай кестемен барлығына бірдей үлгеру мүмкін емес. Нәтижесінде барлық шаруаны суға батырасыз. Түсініңіз сіз — робот емессіз! Сол себепті, жұмыста болсын, үйде болсын күніне 2-3 шаруа жоспарлап, сол жоспарды ғана орындаңыз.
Маңыздылыққа мән беріңіз. Жасау керек жұмыстарыңызды маңыздылық бойынша сұрыптап, ең маңызды дегендерге бірінші кезекте кірісіңіз. Маңыздылығы аз немесе аса қажеті жоқ шаруаларды ысырып қойсаңыз болады. Тіпті, өшіріп тастасаңыз да ештеңе етпес. Бастысы —маңыздылығын дұрыс анықтау. Қалай анықтайтыныңызды білу үшін Эйзенхауэр матрицасына көз жүгіртіп шығыңыз.
Өміріңізді жеңілдетіңіз. Коммуналды төлемдер, су, жарық сынды шоттарды ғаламтор арқылы төлеуге тырысыңыз. Кезекте тұрғанда, метрода, түскі асқа үзіліс кезінде ұялыңыздың 1-2 пернесін басу арқылы жасауға болатын жұмыстарды үйреніп алыңыз. Ол уақытыңызды біраз үнемдейді.
Біздің кеңестер сізге көмектеседі деген сенімдеміз. Сәттілік, құрметті оқырман!