Тауық еті – тез пісетін, жегенге оңай, асқазан жылдам қорытатын тойымды ас. Әрі мал етіне қарағанда арзандау, қолжетімді. Десе де тауықты жеудің өз әдебі мен жөн-жосығы бар көрінеді. Әсіресе, дұрыс жерін жеуге келгенде.
Мәселен, мамандардың айтуынша, тауық етінің сыртқы қабатын – қабығын жеуге болмайды екен. Піскен тауықтың сыртқы жағы тері сияқты сыпырылып тұратыны белгілі. Соны жемеген жөн көрінеді. Өйткені ол жер – тауықтың ең майлы тұсы, холестерин мен май жиналған жақ. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, фабрика мен өндірістен шыққан тауық етінің сыртын тауарлық кейпін сақтау үшін хлормен жуатындықтан, сыртына зиянды қоспалар сіңіп қалуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, тауықтың қанатын (крылышек) да жемей қойған жөн. Өйткені қанатта ет болмайды, өте аз болады. Ал оны асхана мен мейрамханада майға "қатты қуырып" бере салады. Бір қарағанда ет жеп отырған сияқтысыз, алайда қуырылған майды жеп отырғаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз.
Тауықтың ішкі құрылысын жемеңіз. Бауыр-бүйрегінде бактерия мен патогенді заттар болуы мүмкін. Олар етті қанша қайнатса да өлмейді.