- Негізгі бет
- Жаднама
- Тауарды өткізу үшін...
Тауарды өткізу үшін тұтынушыңызды таныңыз
Өз кәсібіңізді бастадыңыз. Барлық сыбайластармен келісім жасап, тауарды қоятын жерді де дайындадыңыз. Маркетингтік компанияңызды барлық ережеге сай құрдыңыз. Тұтынушыларыңыз да біртіндеп келе бастады. Ал келген адамның нешеуі сауда жасап, нешеуі құр қол шығып кетті? Әр келген адам бір зат сатып алмаса шықпайтындай жағдай жасауды білесіз бе?
Өкінішке орай, сауданың барлығы таза емес, мұндай алдау-арбау да, қулық-қиғылық та кездеседі. Ал тұтынушылар өмірі ештеңеге көңілі толмайды. Жақсы кәсіпкер болу үшін өзіңізді және өз ісіңізді сүю қажет, сонымен қатар барлық адамды бірдей жақсы көру керек.
Бірнеше дүкенде бағасы да, сапасы да бірдей тауар тұрса, біріне адам көп келеді де, екіншісіне бірең-сараң кісі бас сұғады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Жауабы – біреу-ақ. Бар мән әр сөзімен кез келген кісіні баурап алатын сатушыда. Оның жұмысы әртістер мен режиссерлерден кем емес.
Жақсы сатушы тұтынушысын бірден тануы тиіс. Тұтынушылардың қандай түрлері бар?
☺ Қауіпсіздік. Мұндай тұтынушылар тауардың қауіпсіз әрі сенімді болуына баса мән береді. Олар тауарды сатып алуға шешім қабылдауы үшін есеп, дәлел-дәйек, факт болса жеткілікті. Қояр сұрағы көп. Сезімін іште жасырып, эмоциясын тұншықтырады, сізге түр алдырмайды. Оның бір нәрсені ұнатып-ұнатпай тұрғанын бет-әлпетінен байқай алмайсыз. Ағытылып тұрған түймесін де байқай алмайсыз, өте ұқыпты киінеді. Жаңадан шыққан нәрселерге назар салмай, адамдар бұрыннан қолданып, пайдасын көріп жүрген тауарларға тоқтайды. Ұнатқан тауарын сатып алу үшін сертификат, лицензия, тауардың құжаты және басқа да құжаттарды сұрайды.
☺ Мәртебе. Бұл тұтынушы сауда жасауы үшін тауарыңыз адамдардың аузында жүрген, танымал нәрсе болуы керек. Мұндай адамдар өзіне сенімді. Әр қадамын нық басады. Эмоцияға беріліп, дауысын көтеріп сөйлейді. Ашық түсті киімдер киеді, еркін стильді таңдайды. Киімінің алдын ашып тастап жүреді. Бір қарағанда дөрекі секілді көрінуі мүмкін. Ол адамға ең жаңа, ең жақсы тауарыңызды ұсынасыз.
☺ Достық. Мұндай адамдар ашық жарқын, тез тіл табысқыш және көп сөйлейді. Эмоциясы басым, қолын ары-бері бұлғап сөйлейді. Ұқыпсыз, еркін киінеді. Далақтап қалған адам. Сізбен бірнеше минут сөйлескеннен кейін бірден «сізден» – «сенге» көшіп алады. Сізді жүз жылдық танысындай жақын тартып тұрады. Сіздің де оған ашық қабақ танытып, достық шырай білдіргеніңізді күтеді. Осы райын түсінсеңіз, ол сіздің тұрақты тұтынушыңызға айналды дей беріңіз. Бір нәрсе сатып алуы үшін ұсынатын тауарыңызды көпшілігі пайдаланатынын не ортақ досыңыз қолданатынын айтсаңыз жетіп жатыр.
☺ Тиімділік. Мұндай тұтынушы шешім қабылдауға тиімділік түрткі болады. Бұл жерде бағасы ғана емес, уақыттың да ұтымды болуы маңызды. Олар өзіне сенімді және тұйық жандар. Қою түсті киімдер киеді, киімінің алдын тас қылып жауып алады. Адамдармен араласқанда аса сабырлылық танытады. Көзге тік қарайды. Оларды тек сауданың қандай пайда әкелетіні қызықтырады. Оны бонустық картамен, жеткізіп беру қызметімен, бонустармен, ұзақ кепілдік уақытымен, жеңілдікпен қызықтыра аласыз.
Біз сізге кімге не керек екенін ұсындық. Ары қарай барлығы өз қолыңызда!
@. @assel_assanova