Жазда үйге таракан, шыбын, маса, күйе көбелек, кене секілді ұсақ жәндіктердің үйір келетіні белгілі. Көп адам дүкенде, дәріханада сатылатын дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға алғанымен, кей жағдайда олар күткендей нәтиже болмайды. Ендеше, мына кеңестерді қаперге ұстау керек. Көптеген жәндіктер үйге тағам іздеп келеді. Сондықтан асханадағы тазалықты сақтау керек. Таза үстел, жуылған ыдыс-аяқтар, тоңазытқышқа салынған жеміс-жидектер, дер кезінде шығарылған қоқыс үйді жәндіктерден қорғауға мүмкіндік береді. Еденді және жұмыс үстелін спиртті уксус және 10 тамшы эфир майы қосылған сумен жуып тұрған дұрыс. Тараканнан құтылудың ең оңай тәсілі мынадай: Дәріханадан немесе мал дәріханасынан Борная кислота деген ұнтақты сатып алыңыз. Үйде 3-4 жұмыртқаны қайнатып (картоп та бола береді), сарысын әлгі ұнтақпен жақсылап араластыру керек. Дайын болған қоспадан кішкентай түйіршіктер жасап, үйдің әр бұрышына, қуыс-қуыстарға тастап қойыңыз. Көп өтпей таракандардан құтылатыныңызға кепілдік береміз. Егер шыбыннан дәрісіз-ақ құтылғыңыз келсе, сіріңке шиін ыдыстағы топыраққа басын төмен қаратып тығып қойыңыз. Сонда бірнеше күннен кейін шыбындардың азайғанын көресіз. Шиді он күнде бір рет ауыстырып тұрсаңыз, шыбындар мүлде жоламайды. Масалар лавр жапырағының иісін ұнатпайды. Лавр жапырағына 500 миллилитр өсімдік майын құйып, 14 күнге сақтауға қойыңыз. Губканы осы майға малып, ыдыстың ішіне салып қойыңыз. Уақытымен май қосып отырыңыз. Ал құмырсқадан қорғану үшін мына тәсілді қолдануға болады. 0,5 л спиртті уксус, 5 тамшы қалампыр (гвоздика) майы, 5 тамшы балқарағай (кедр) майы, 5 тамшы жалбыз (мята) және 5 тамшы сарымсақ эфир майларын араластырып, пульверизатормен құмырсқа жүретін жолдарға себу керек. Тағы да төте жол бар: құмырсқаның илеуін тауып, оған таза эфир майын тамызу керек. Күйе көбелектерін жалбыз және балқарағаймен жоюға болады. Шкафқа балқарағай майына қаныққан мақта түйінін қойсаңыз, ол шкафыңыздағы киіміңізді күйеден сақтайды. Үй кенелері қауіпті ауру қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін. Мысалы, қышыма, астма секілді ауру түрлеріне алып келеді. Кенелер ылғал және жылы жерді ұнатады. Олардың пайда болуының алдын алу үшін күн сайын бөлмені желдетіп отыру керек. Кенелер 14 градустан төмен температурада өмір сүре алмайды. Күн сайын кілем-алашалардың шаңын шаңсорғышпен тазалап, шаңдарды сүртіп отыру керек. Матрастарды айына бір рет эфир майымен өңдеп отырған дұрыс. Ескерту:Эфир майын қолданарда абай болған абзал. Таза күйінде кездесетін эфир майы теріге тисе, оны күйдіреді. Дереккөз: zamana.kz