Кейде достарыңызды өзге жолдастарыңызбен немесе бауырыңызды, ата-анаңызды құрбыңызбен таныстырып, түрлі игі қарым-қатынас себепкері болуыңыздың сәті түсіп жатады. Сіз білесіз бе, таныстыра білу де – мәдениет. Бұл "мәдениеттің" қыр-сырын меңгеріп үлгермеген болсаңыз, жазбамызға зер салыңыз.
Қай жерде және қашан таныстыру қажет?
Өзіңіз бұрыннан білетін танысыңыз жұмысқа орналасып, әріптес атанып жатса, оны өзгелермен таныстырғаныңыз жөн. Қызметкерлер саны көп мекемеде жұрттың бәрімен таныстырып шығу ақылға сыймайтын жағдай. Қызмет кезінде, өз міндеттерін орындау үстінде оны өз мекемесінің атынан таныстырыңыз. Бұл жағдайда таныстырғыңыз келген адамның есімін атау міндетті емес.
Көшеде де танысу ережелерін ұстану қажет. Қысқа уақытқа ғана кездескенде өз серігіңізді таныстырып жатудың қажеті жоқ. Оның алысырақ барып, күтіп тұрғаны жөн. Егер әңгімеңіз ұзаққа созылса, оған серігіңізді де тартып, бейтаныс адамдарды бір-бірімен таныстыру керек. Егер сіздің олай еткіңіз келмесе, ол күтіп қалмас үшін әңгімені мүмкіндігінше тез аяқтауға тырысыңыз.
Жол үстінде (пойызда, ұшақта, кемеде және т.б.) өз серіктеріңізді өзгелермен таныстыру аса қажеттілік етпейді, онда бейтаныс адамдар да бір-бірімен әңгімелесе береді.
Аз уақытта мейманханаға ат басын бұра қалсаңыз не жалпы үстел басында жолдастарыңызбен кездескенде оларды бір-бірімен таныстыру міндетті емес. Мұнда дастарқандастар аздап иіліп сәлемдесумен шектеледі. Ал егер танысыңыз амандасу үшін үстеліңізге келсе, оны өзгелермен таныстыруыңыз керек.
Жеке адамды топ адамға таныстырады. Лекторды – аудиторияға, жаңа мұғалімді – сыныпқа, сөз сөйлеушіні – жиналыста отырғандарға таныстырған жөн.
Қалай таныстыру керек?
Танысу үшін арада жүретін адам керек. Ортақ таныс сондай рөлді атқара алады. Егер сіз сенген адам өз қызметіне кіріспесе, одан өзгелермен таныстыруын өтініңіз.
Таныстырушы тынысушылардың есімдерін анық етіп, жылы шыраймен атайды. Бұл реттегі негізгі ереже: жасы кішіні үлкеніне, ер адамды әйелге таныстырады. Егде тартқан ер кісіге қызды немесе жас келіншекті таныстыру керек. Таныстырушы әуелі жасы кіші адамның, ер азаматтың, бағынышты адамның есімдерін айтады.
Өзінің әпке-қарындастарын, әйелін, әсіресе, әкесі мен анасын олардан әлдеқайда жас адамдарға таныстырмайды, қайта негізгі ереже бойынша, яғни, кішілерді жасы үлкендерге таныстырады.
Қонақ қабылдағанда, отанасы оларды бір-бірімен таныстырады. Әйелінің орнына мұны отағасы да істей алады. Егер қажет кезде ол да болмай қалса, бұл міндетті жақын туысы немесе досы өз мойнына алады.