Тәжірибе: Балаңызды таныс емес адаммен қалдырыңыз!

Үйреншіктік теориясы Гордон Ньюфелд есімімен ассоциацияланады. Алайда үйреншіктіктің 3 классикалық моделін Мэри Эйнсворт ашқанын көпшілік біле бермейді. Ата-ана мен бала қарым-қатынасын түсінуге көмектесетін «Таныс емес жағдай» тәжірибесін ұсынамыз.

Бөлмеде бала анасымен бірге ойнайды, анасы шаруаларымен шығып кетеді, содан соң қайтадан оралады — бұлар балалары бар әр отбасыда орын алатын жағдайлар. Бір қарағанда аса маңызды емес көрінетін осындай жағдайлар үйреншіктік теориясының негізіне айналған.

Жақсы отбасыдан шыққан білімді қыз

Мэри Динсмор Солтер 1913 жылы 1 желтоқсанда Огайо штатындағы Глендейл шағын қаласында дүниеге келген. Оның ата-анасы Дикинсон колледжінің түлектері болған. Мэри болса, 3 жасында еркін оқи алатын, сондықтан анасы оған әлсін-әлсін жаңа кітаптар таңдап әкелетін.

1929 жылы ол Торонто Университетінің психология факультетіне түседі. Оның жетекшісі психопатия курсының аясында «қауіпсіздік теориясынан» сабақ берген Уильям Блатц болды. Сол кездің өзінде ата-ана мен бала қарым-қатынасына қызығып жүрген қыз үшін бұл тақырып жанына жақын болады.

Кейін Мэри өз жетекшісі жайлы былай дейді: «Мен оның (Уильям Блатцтың) бала ата-анасының қасында өзін қауіпсіз сезінеді деген идеясына таң қалдым. Ол «бала әлемді зерттеу үшін ата-анасын сенімді база ретінде қолданады» деп айтты ма есімде қалмады, алайда мен оның идеясын өзім үшін солай тұжырымдадым».

1935 жылы Мэри факультетті үздік бітірді, содан соң психология докторының деңгейін алды. Оның кандидаттық диссертациясы Уильям Блатцтың қауіпсіздік теориясына арналды. Ал 1939 жылы университетте сабақ бере бастады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Канада армиясында қызмет еткеннен кейін ол Торонтоға қайта оралып, бұрынғы жетекшісімен зерттеуді жалғастырады.

1950 жылы зерттеуші қыз Леонард Эйнсвортқа күйеуге шығады. Леонард психология бойынша дипломын енді алғандықтан, күйеуі білімін жалғастыруы үшін Мэри өз жұмысын тастап, екеуі Лондонға көшіп келеді.

wikipedia.org

 Психологияны өзгерткен кездесу

Мэри The Times-тан психиатр Джон Боулби командасына ассистент керегі жайлы жазылған хабарландыруды көреді. Джон Боулби Тависток институтында ата-ана мен бала қарым-қатынасын зерттеумен айналысатын. Мэри атақты зерттеушінің командасында 4 жыл болады және өміріндегі бұл кезең оның мансабының бағытын толықтай өзгертеді. Джон Боулби мен Мэри Эйнсворттың кәсіби одағы жемісті болады. Уақыт өте Мэри оқушыдан жетекшісінің әріптесіне айналады.

Мэри Джон Боулбидің адамдары жинаған шикі деректердің шексіз санын ары қарай қалай қолдануға болатынын ойластырумен айналысатын. Солардың арасында оның қолына ауруханаларда бала мен ата-ананың бөлінуіне арналған Джеймс Робертсон зерттеуінің материалдары түсті.

Осы зерттеулер негізінде 1952 жылы «Ауруханадағы екі жасар бала» атты деректі фильм түсірілді. Сол фильм арқылы Джон Боулби командасы аурухана ережелерінің өзгеруіне қол жеткізді: ата-анаға күні бойы баланың қасында болуға, тіпті, түнде бірге қонуға рұқсат берілді.

Мэри бұл бағытта жасалынған жұмыстарға, сондай-ақ Джеймс Робертсонның табиғи ортада отбасыларды зерттейтін әдісіне қайран қалды. Бірнеше жыл өткен соң Мэриге бұл бағыттағы жұмыстарды өздігінше жалғастыруға мүмкіндік түсті.

Уганда сәбилері

1954 жылы Мэри күйеуімен бірге Угандаға жол тартады. Мэри лабораториясыз, көмекшілерсіз және өте аз қаржымен Кампала ауылдарындағы еметін 28 баланы зерттейді. Ол сәбилердің аналарымен қалай араласатынын, қалай қоршаған ортаны зерттейтінін бақылады.

Өкінішке орай, Мэридің баласы болмады. Сондықтан да бұл зерттеу оған құнды ақпаратты жинаумен қатар, балалармен байланысуға мүмкіндік берді. Мэри болжалды шкала жасады, оның көмегімен анасының бала әрекетіне деген жауапты реакциясына баланың сезімталдық деңгейін өлшеуге болатын. Бұл сол жылдардағы психология үшін жаңашылдық болды. Себебі ғалымдар ол кезде эмоциялық дамуды емес, есте сақтауды, зейін қоюды зерттейтін.

Балтимордағы зерттеу

Мэри Балтиморға көшіп келіп, Хопкинс Университетіне мұғалім болып жұмысқа тұрады. Ол келесі зерттеуін 1960 жылы жүргізеді. Ол Угандада қолданған әдісін сақтайды, алайда бұл жолы проблемаға жүйелі түрде қарауды шешеді.

Ол грант алып, төрт адамнан тұратын команда жинайды. Команданың әр мүшесі 26 отбасыдағы ана мен бала қарым-қатынасын жазу керек болды. Әр отбасыда 4 сағаттың ішінде 18 рет бақылау жүргізілді. Зерттеу үй секілді жасалынған лабораторияда да өтті. Бірақ Мэридің ойынша, табиғи жағдайда ғана сәбиден келген белгіге анасының шынайы реакциясын көруге болады. Мэри мен оның көмекшілері бақылау жүргізген отбасылардың бір бөлігіне айналды, алайда бұл жұмыс барысында Мэри күйеуімен ажырасады.

Зерттеулер нәтижелері бойынша, Африкада да, АҚШ-та да еметін сәбилер үйреншіктіктің бір тілінде сөйлейтін болып шықты.

Бірақ бір үлкен проблема болатын: Уганда сәбилері күні бойы анасымен бірге болып, анасының үнемі қасында болғанына үйреніп қалды; ал Балтимордағы балалардың аналары күні бойына бір келіп, бір кететін.

Сол кезде Мэри бұрын 1943 жылы оқыған Жанна Арсенианның «Қауіпсіз емес жағдайдағы кішкентай балалар» мақаласын есіне түсіреді. Онда жазылған тәжірибеде балаларды екі топқа бөлген: бірі ойын бөлмесінде аналарымен бірге болады, ал басқаларын ол жерге өздерін кіргізеді. Жанна Арсениан балалардың әрекетіне байланысты сұрақтармен айналысқан жоқ, алайда ол анасымен бірге болған балалар айналасын зерттейтінін, ал басқаларының тек жылап отыратынына мән берген.

Бұл бақылау 1965 жылы Мэриді бұрын зерттеген барлық балалар мен олардың аналарын зертханалық шартқа орналастыруға итермелейді.

«Таныс емес жағдай»

Тәжірибенің мақсаты — 1-1,5 жастағы балалар қоршаған ортаны зерттеу үшін аналарын қалай қолданатынын білу.

Арнайы тәжірибе үшін Хопкинс Университетіндегі шағын бөлменің қабырғасына тек бір жағынан көрінетін экран орналастырды. Ол арқылы сәбилердің әрекеттерін бақылауға болатын және бұл жер ойын бөлмесіне ұқсастырылып жасалды. Тәжірибеде 3 минуттан тұратын 7 эпизод болды. Егер бала қатты мазаланса, уақытты азайтып отырды. Бір зерттеу жалпы 20 минутты құрады.

Нәтижесінде, Мэри былай дейді: «Біздің шешімдеріміз бұрынғы 72 сағат бақылауымызбен сәйкес келді. Бірақ бұл жолы біз «Таныс емес жағдайды» 20 минутта жүргізе алдық».

Тәжірибе барысы қарапайым болды. Алдымен ойын бөлмесіне анасы мен баласы кірді. Балаға жаңа жерге үйренуге уақыт берілді. Содан соң сол бөлмеге таныс емес адам кірді. Келесі кезеңде анасы баланы таныс емес адаммен қалдырып, шығып кетті. Содан кейін анасы қайта оралып, таныс емес адам шығады. Кейін анасы тағы да шығып, баланы жалғыз қалдырады. Келесі кезеңде таныс емес адам жалғыз қалған баланың қасына келіп отырады. Соңында анасы бөлмеге кіріп, таныс емес адам қайтадан шығу керек. Таныс емес адам рөлі Мэри командасындағы жүзі жарқын  аспирант қызға берілді.

Балалардың әрекеттері әртүрлі және әр эпизодта өзгеше болды. Мэри бала анасы бөлмеден шыққан кезде өзін қалай ұстайтынын, ол жаңа жағдайды зерттеуге қаншалықты дайын екенін, бала таныс емес адамға қандай реакция беретінін және ол анасымен қосылғанда қалай әсер беретінін бағалайды.

Үйреншіктіктің 3 моделі

20 минут, 7 эпизод және 4 өлшемнің нәтижесінде психологияда төңкеріс жасаған үйреншіктіктің 3 моделі туындады:

- Сенімді. Бала анасы қасында болған барлық жағдайда өзін сенімді ұстады және анасы келгенде қуанды. Бұл балалардың аналары үйде қайырымды болды және балалар үйде көп жыламайтын;

- Екіжақты немесе мазасыз. Мұндай үйреншіктік моделіне жататын балалар үнемі анасының жанында болуға тырысты, оның қай жерде тұрғанын бақылап отырды және ойыншықтарға мүлдем қызыққан жоқ. Олар анасы кеткенде жылады, бірақ анасы оралғанда біресе оған жақындап, біресе оны итеріп отырды. Мұндай балалардың аналары үйде өздерін екіжақты ұстады: олар біресе қайырымды әрі мейірімді болса, біресе аяқ астынан баланың шақыруына мән бермейтін;

- Қашқақтау. Мұндай балалар анасының кеткеніне де, келгеніне де немқұрайлы қарады. Алайда олар үйде анасы кеткенде сенімді үйреншіктік моделіне жататын балаларға қарағанда қатты жылайтын. Олардың тәуелсіздігі мен қашу әрекеті анасынан бөлінуін жеңуге көмектесетін қорғаныш механизмі болды. Олар анасынан алшақ болып, оның құшағынан шығып, бетіне қарамайтын. Үйде мұндай балалардың аналары қашқақтаушы деп бағаланды.

Ғылыми қоғамдастықтың мойындауы

Бұл тәжірибенің нәтижелері 1969 жылы жарияланды. Ол кезде оның маңыздылығын көпшілік түсіне қойған жоқ. Мэридің зерттеуінің айналысында екітүрлі пікірлер қалыптасты. Тіпті, Джон Боулби бастапқыда бұл теорияға суық қарады, бірақ кейін өзінің ойын өзгертіп, бұл жұмысты «бағалы» санады.

«Таныс емес жағдай» жалпы балалар тәрбиесін және сәбилердің қабылдауын зерттеуде үлкен өзгеріс әкелді. Ол балалардың когнитивті қабілеттерін емес, эмоциялық және әлеуметтік дамуын өлшеуге мүмкіндік беретін алғашқы процедура болды.

«Таныс емес жағдай» ересектің өміріне және адамдардың әрекетіне оның сәби кезіндегі ата-анасымен өзара әрекеті тікелей әсер етенін түсінуге көмектесті.  

Мэри Эйнсворт бала дамуына қосқан үлесі үшін көптеген марапаттар мен ғылымға қосқан үлесі үшін Американдық психологиялық қауымдастық премиясын алды. 1992 жылы ол Американдық өнер және ғылым академиясының профессоры мен мүшесі болды.

Мэри Эйнсворт 1999 жылы 21 наурызда 85 жасында өмірден өтеді.