Ең алдымен тағамның құрамы маңызды екенін біле тұра, адамдар көп жағдайда өнімді сыртқы қаптамасына қарап таңдайды. Сондықтан болар, әлемдік дағдарыс кезеңіне қарамастан, өндіруші компаниялар өнімнің сыртқы дизайнына қомақты қаражат жұмсаудан тартынбайды.
Өнімнің сыртқы қаптамасына алданбау үшін не білу керек?
Қаптаманың негізгі міндеті – өнім туралы ақпарат беру. Десек те, өндірушілер, қаптаманың негізгі мақсаты – тұтынушының қызығушылығын ояту деп түсінеді.
Сарапшылардың пікірінше, маркетингтің құрылымы ережеге сай, соқыр сезімге құрылған. Әрине, бұл көз арбаушылық (гипноз) деген сөз емес. Маркетингтік механизм ойлануға ерік бермейтін, адамның сезімтал қабылдауына әсер етеді. Маркетологтық зерттеу жүргізген кезде, мамандар алдымен ол өнім адамның қабылдауына қалай әсер ететінін зерттейді.
Тұтынушы шешімді небәрі бірнеше секундтың ішінде қабылдап үлгереді. Ал өнімді сатып алуға негіз болатын дүниелер – оның түстерінің үйлесімі, көлемі және оның қорабы. Мұның бәрі бейсаналы түрде жүзеге асады, - дейді сарапшылар.
Көпшілік тұтынушылар сапалы өнім сатып алғысы келеді. Сонымен бірге, өнімнің бағасына да қарайды. Бұл жерде де өнімнің сыртқы бейнесі маңызды рөл атқарады. Өйткені, адамдар сапалы саналатын әр өнімнің бейнесін алдын-ала елестетіп алады. Мысалы ішімдіктер – мөлдір бөтелкеде болады, сүттің қорабында сиыр және оның жайылымының суреті және т.б. бейнеленеді. Өнімдер неғұрлым осы мінездемеге сәйкес келсе, олардың өтімі де жақсы болады екен.
Адамдардың көпшілігі қорабы жақсы өнімнің сапасы қарапайым оралған өнімге қарағанда, жақсы болады деп есептейді. Жүргізілген зерттеулерге сүйенетін болсақ, бұл сенім оларға ләззат сезімін көбірек сыйлайды екен. Мәселен, тұтынушылар сапасы жоғары йогурттарға қарағанда, сыртқы дизайны әсем әрі оңай ашылатын йогурттарды көп сатып алған.
Тағы бір айта кететін жайт, өндірушілер қымбат тұратын өнімдерге оның сапасының жоғары екенін білдіру үшін сыртқы қорабына алтын түстес реңктерді, ламинатталған, тығыз картондарды қолданады. Супермаркетке кіргенде қай затты аларыңызды білмей, абдырап қалатын кездер жиі болады. Сондайда көзіңізге ерекше көрінген затқа назар аударатыныңыз жасырын емес. Бұл да маркетологтардың ұшқыр ойының жемісі. Олар өнімнің сөреде көрінбей қалмауы үшін барын салады.
Біреулер өнімнің орамасына назар аударса, енді біреулерге тек отандық өнімдер ұнайды. Кейбіреулер сапалы оралған өнімдерді алу арқылы, өзін жоғары сезінеді.
Сарапшылар айтуынша, әр адам өзінің не қалайтынын және не нәрседен ләззат алатынын анықтап алған жөн. Сонда ғана ол уақыты мен ақшасын үнемдеп, маркетологтардың арбауына түспейді.