- Негізгі бет
- Жаднама
- Сізге жазда қажет...
Сізге жазда қажет маңызды 4 дәрумен
Жазда ағзаға дәрумен жетіспеуі мүмкін емес секілді көрінуі мүмкін. Алайда олай емес. Сыртқы келбет пен жақсы хал-жайды сақтау үшін жылдың ыстық мерзімінде мына маңызды 4 дәруменді тұтыну керек.
Жаз айларында суық мерзімге қарағанда ағзаға мүлдем басқа дәрумендер қажет. Ол қатты ыстық ауа-райымен, жылдам зат алмасумен және қуаттың көбірек керек болуымен байланысты. Физикалық денсаулық үшін маусымдық дәрумендердің жеткілікті болуы маңызды. Егер олар ағзаға түспесе, өзіңізді шаршаңқы және жабырқаңқы сезінесіз.
А дәрумені
Жазғы күннің ультракүлгін сәулелері жасушаларды зақымдайды. Ол терінің қартаюына және әжімдердің пайда болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан қалыпқа келтіруші А дәруменін қабылдау маңызды. Оның ағзаға жетіспеуі тері проблемаларын ғана емес, тіс, сүйектер, тырнақ және шаш жағдайының нашарлауын болдыруы мүмкін. Сондай-ақ ол көруге және жалпы хал-жайға әсер етеді.
А дәруменін брокколи, кәді, сәбіз, картоп, қызыл бұрыш, бұршақ, қауын, қарбыз, грейпфрут, сүт, май, ірімшік, йогурт, жұмыртқа және балық майынан алуға болады.
С дәрумені
С дәрумені иммунды жүйе үшін өте қажет. Ағзаға С дәрумені жетіспесе, тері құрғақ, ал шаш түйіндері әлсіз бола түседі. Сондай-ақ, мұрын жиі қанауы мүмкін, жаралар ұзақ жазылады және бұлшықеттер мен буындар ауырады.
С дәруменін құлпынай, киви, апельсин, грейпфрут, мандарин, лимон, қауын, қаражидек, итмұрын, ақжелкен, руккола, кресс-салат, пияз, қызыл қырыққабат, брокколи, жасыл үрмебұршақ, бұршақ, жасыл және қызыл бұрыш, тәтті картоптан ала аласыз.
Е дәрумені
Е дәрумені жасушалы жарғақшаға антиоксиданттық әсер береді және жасушалардың жаңаруына ықпал етеді. Сондай-ақ, ол тері мен шаш саулығын жақсартады. Оның бұл артықшылықтары оны жаз мерзімі үшін маңызды элемент етеді.
Жазда Е дәруменін алу үшін мына өнімдерді рационыңызға қосыңыз: күнбағыс дәні, бадам, жержаңғақ, орман жаңғағы майы, бадам майы, мангольд, асжапырақ, қасқыржем, сарымсақ.
D дәрумені
D дәрумені күн сәулесінің әсерінен синтезделетіндіктен, ұзаққа созылған суық мерзімде оның деңгейі қатты түсіп кеткен болуы мүмкін. Егер ағзаға D дәрумені жетіспесе, әлсіздік, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы, артық салмақтың қосылуы және асқорыту проблемалары пайда болады. Ағза қысқа дайын болуы үшін оның орнын жазда толтырған жөн.
D дәрумені ағзада күн сәулесінің әсерінен синтезделеді. Алайда оны кей өнімдерден де алуға болады. Құрамында D дәрумені бар негізгі өнімдерге ірімшік, айран, йогурт, сүт, сұлы, ақжелкен, саңырауқұлақ, балық майы, скумбрия, албырт және бауыр жатады.
А. Жапатова