Сізді кедей қылатын 9 әдет

Сізді кедей қылатын 9 әдет

Адам баласының бай болуға деген құлышынысы өте биік. Өйткені жақсы өмір сүру, бармен шалқып жүру кімге ұнамайды дейсіз. Әрине бақыттың базарында шалқып өмір сүргенге не жетсін. Дегенмен аңсаған дүниеге жету үшін аталған тоғыз әдеттен арылу керек. 

1. Өз өзін аяушылық

Кедей болатын адамдар өздеріне үнемі аяушылықпен қарайды. «Менің пешенемде бай болу жазылмаған, тағдыр тым қатал» деумен өздерін өздері алдап жүреді. Әрине, жеке тұлға ретінде қалыптасып, өзіңіздің іс-әрекетіңізге рухани-адамгершілік тұрғысынан баға беріп, көп күш жұмсағанша, өзіңізді аяу — тамаша әдіс. Әсіресе, кедей болуға ұмтылсаңыз.

2. Сараңдық

«Жеңілдігі» бар ғана тауарды іздеу, «Жаппай сатылымдардан» қалт қалмау, өз баласының сапалы білім алуына ақша аяу, жеке фирмасының қызметкерлеріне неғұрлым кішкентай сомаға көбірек жұмыс жасату — кедейлік жолындағы екінші әдет.
Ал бай болатын адам әр заттың тиісілі құнын төлейді және өзінің көмекшілерінің еңбегін лайым жоғары бағалайды.

3. Ұнатпайтын іспен шұғылдану

Мамандықты дұрыс таңдай білген адам өз ісінің шебері бола алады. Әрине тапжылмай еңбектенсе. Ал егер Сіз өзіңізге ұнамайтын жұмыспен айналысып жүрсеңіз? Онда Сіздің еңбек жолыңызда кедергілер кездесе бермек, себебі Сіз үшін жұмыс жай күнелту, ақша табу. Сіз жұмысыңыздан рухани күш ала алмасаңыз, онда кедейліктің тағы бір әдеті бойыңызда бар деп біліңіз.

4. Жұмыс жемісін тек ақшамен өлшеу

Қолына ақша түссе ғана қабағы ашылып, бақыт құшағында жүретін адамдар — нағыз кедейлер. Табысты адам өз бақытын басқа құндылықтармен өлшейді. Кім қандай құндылықты таңдайды — әркімнің өз еркі.

5. Ақшаны босқа шашу

Банкке кредит алуға барсаңыз, күлімдеп тұрған банк қызметкерлері Сізді қарызға батыру үшін барлық мүмкіндікті оп-оңай жасап бере алады. Бірақ табысты адам кәсібін кеңейту мен мақсатсыз шығын арасын ажырата алады.

6. Әп-сәтте пайда көру

Әп-сәтте бірден молынан пайда көріп қалу — тек қана кедейлерге тән қасиет. Кедей болатын адам алпауыт компанияларға жұмысқа орналасқан кезде, бірнеше жылдан кейін қол жеткізетін мүмкіндіктерінен гөрі бір айдан кейін алатын айлығы туралы көбірек ойланады.

7. Шағымдану

Заман қиындап барады. Адамдар бұзылды. Қайда барсаң да жемқорлық, танысың болмаса, жұмыс таба алмайсың — бұның барлығы табысты болуды көздейтін адамның аузынан шығатын сөз емес. Ал, керісінше, сәтсіздікті серік еткен бейбақ бұл пікірмен бірден келіседі. Дей тұра, аталмыш әдетке дауа бар ма? Ия, ол — креативтілік.
Қоршаған ортаның келеңсіздіктерімен күресудің креативті, жаңа жолдарын іздестіруден жалықпаңыз. Кез келген жағдайдан барынша жеңімпаз болып шығуға тырысыңыз.

8. Өзін басқалармен салыстыру

Серік өзін басқалардан мықытымын деп ойлайды, себебі ол мектепті алтын белгіге бітіріп шыққан жалғыз түлек. Берік өзін басқалардан кем санайды, себебі ол жазғы демалыста жұмысқа орналса алмады. Ал Айжан өзінің құрбысына жыны келеді, себебі оның құрбысын ұнататын жігіттер көбейіп барады. Осылардың барлығы — кедей болатын адамдардың сегізінші әдеті.
Рухани жан әлеміңізге сыртқы ортаның билік құрғанынан абай болыңыз!

9. Байлықты ақшамен теңестіру

Шынайы бай адамдар бақыт пен ақшаның арасына теңдік қоймайды. Нағыз байлық — есебіндегі миллиондар мен миллиардтар емес. Бай адам үшін — нағыз байлық оның өмірлік позициясы, жаңа кәсіп көздерін ашу, жаңа жобалар арқылы өзінің мүмкіндігін тағы бір сынға салып, сол сыннан сүрінбей өту.

jas.kz

М. Ақан