- Негізгі бет
- Жаднама
- Сіз анаңызды сатасыз...
Сіз анаңызды сатасыз ба?
Бұл оқиғаның өткеніне көп уақыт болса да, осы бірнеше ауыз сөз мен жүрек түкпірімнен өшпей қойды. Отырсам да, тұрсам да әлгі кісінің: «Інім, анаңызды сатасыз ба?» деп сөзін аяқтаған сәті көз алдымнан кетпейді. Әлгі сөздер құлақ түбімде әлгі жаңғырып тұрғандай.
Дәл сол күні үнемі жұмыстан кейін бас сұға кететін кітапханамның ішін шолып, жаңа келген кітаптарды қарап, есіктен шыға бергенде, бірнеше кісінің қызу пікірталаста тұрғанын көрдім.
«Қазір сол жерді сатсаңыз мол ақшаға жарайды емес пе?! Бұрынғымен салыстырғанда жиырма есеге көп болады» деп бойы аласалау, арық кісі орта жастардағы денелі азаматтың жүзіне шалқая төніп сөйлеп тұр еді.
Әлгі кісі: «Мен де сатып жіберуді ойлап-ақ тұрмын, бірақ үйдегі шалекең, әкей сатуға болмайды деп табандап отырып алды. Қалған дүниенің бәрін сата бер, жерді сатуыңа жол бермеймін дейді. Осы кісі қартайып, миы дұрыс жұмыс жасамай қалды-ау деймін...» деп сөзінің артын жұтып қойды.
«Әкеңіз өте дұрыс айтқан. Жерді сатуға бола ма екен?! Сіз түсінбедіңіз інім, әкеңіздің сөзін тыңдаңыз, жерді сатуға болмайды» деп үшінші кісі сөзге араласты.
Мына бәле қайдан шықты дегендей: «Мұныңыз қалай сонда, жер сатпай, апиын сатайын ба?» деп мысқылдағысы келгендей тіл қатты жер иесі.
«Мені тыңда інім, - деді әлгі кісі, - Сіз Отан–ана дегенді естіген бе едіңіз?» деп сұрады.
«Естігем!» деді жас балаша әлгі кісі.
«Ана топырақ, Жер-ана дегендерді естіген бе едіңіз?»
«Естігем» оның дауысы бәсеңдей түсті.
«Ендеше, ана топырақ деп, Жер-ана деп олар тектен-текке қойылмаған. Ол жерде сіздің анаңыз сізді тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге әкелген. Сізді сәби күніңізден бағып-қағып, ержеткізген. Сол топырақта сіздің іздеріңіз жатыр, ата-бабаңыздың рухы жатыр. Інім, сенен тағы бір сұрақ сұрайын, сіз анаңызды сатасыз ба?»
Соңғы сауал жауапсыз қалды. Әлгіндегі даурыққан әңгіме, пікірталастың бәрі су сепкендей басылды.
Бүгінгі естіген сөз мен әлгі кітапханадағы бар кітапты оқып шықсам да кездеспейтін сөздер еді. Мен қолымдағы кітапты қайта апарып қойдым да, өз жолыма түстім. Бірақ құлақ түбімде әлгі кісінің сөзі жаңғырып тұра береді.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: akjunis.kz
M. Auelkhan