Сүйіктіңізге не сыйлайсыз? Мысалға жүгінейік. Мәселен, көктемнің алғашқы айы әйелдер мерекесімен басталады. Нәзік жандылардың жыл сайын асыға күтіп, ардақтыларынан сыйлық алатын да осы күн. Бірі сүйіктісіне гүл берсе, бірі жақұт жүзік сыйлайды. Ал кейбірі адамнан да үлкен ойыншыққа тапсырыс беріп, арулардың көңілін аулап әлек. Иә, бұл мерекеде көріктілерге арнап бөріктілер түрлі сыйлықтар жасауға даяр. Мерекелік сыйлықардың жалпы сипаты осындай.
Бірақ бұл күні сүйіктісінен ұнатқан сыйлығын күтіп, қанша күтсе де еш сыйлық ала алмайтын әйелдер қауымы жетерлік. Ұнатып, өзі қалаған сыйлығы жайында, тіпті сөз қозғауға келмес. Мерекеде сыйлық тұрмақ, бір тал раушан гүлін де қимайтын мырзаларымыз бар екен. Расымен, қаражатын қимай, «шық бермес Шығайбайдың» кебін киіп жүргені ме олар? Жоқ, әлде...
Иә, мерекелік көңіл күйде құрбыларыңыз, достарыңыз сыйлық алғаны жайында «сүйінші» сұраған болар? Барлығы үшін қуанып, құттықтап жылы жаба салсаңыз да, «маған не берер екен?» деп тағатсыздана сүйіктіңізден сыйлық күтіп отыратыныңыз ақиқат. Бірақ, ғашығыңыз үйге түк болмағандай келіп, сыйлық тұрмақ, құттықтауды да ұмытып кетеді. Сүйіктіңіздің осы әрекеттерінен кейін, сізді «ол мені сүймейді не болмаса, маған сыйлық әперуге келгенде неге ақшасы тауысылып қалады?» деген ойлар мазалары анық. Бірақ істің байыбына бармай сөйлеу – қате. Барлығын өзіңізше пайымдап, мәселенің мән-жайын білмей шешім қабылдау дұрыс емес. Психологтардың зерттеуінше, ер азаматтар әйелдер аса мән беретін нәрселерді елемейді екен. Оларға сыйлық сыйлау, құттықтаулар айту ұсақ-түйек боп саналады. Сондықтан жігітіңіз сізге сыйлық бермеген жағдайда, одан жаһандық проблема туындатпаңыз. Егер басыңыздан осындай жағдай өтсе, сабырлық танытып, барлығын анықтап алуға тырысқан жөн!
Көшеде серуендеп жүрген кезде, түрлі дүкендерге соғып, өзіңізге ұнаған нәрсені қараңыз. Ол әтір, киім, зергерлік бұйым бола ма, әрине, өз еркіңіз. Сізге сол заттың қатты ұнайтынын айтып, сатушыдан жеңілдіктердің қашан болатынын сұрасаңыз да артық етпейді. Ең маңыздысы, жігіт сіз таңдаған нәрсені анық көріп, ұнатқан нәрсеңіз осы екеніне көзі жетуі тиіс.
Бірге жүріп, сырлас болыңыз. Өзіңізге қажет, ұнайтын нәрсенің бағасын ашық айтып әперуін де өтінуіңізге болады. Бірақ, көп жыламсықтап, барлығын әпер деу ұят, әрине.
Жігіттердің қыздар елеп-ескеретін жайттарға мән беремуіне де көптеген себептер бар.
Ең әуелгі, табиғаты мәрттігінен болар. Бірақ сүйіктісін қуанту да мәрттікке жататын сияқты.
Жоғарыда көрсетілген нұсқаулықты қолданып көріңіз, көмегі тиіп қалар. Ал егер одан еш нәрсе шықпаса, істің анық-қанығына көшіңіз!
Отбасылық дәстүр. Расымен, жанұясында мұндай ілтипатты көрмеген бала, есейгенде елемеуі мүмкін. Әкесі анасына сирек сыйлық жасап, көңіл бөлмесе керек. Сондықтан сіздің сүйіктіңіз де сол отбасылық салтты қайталап отыр.
Сараңдық. Жұбыңыздың бұл мінезі де сізді қуанта қоймасы анық. Сараң мінез ақшаны өз еңбегімен тауып не өмірге бейімделу кезінде пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл мінезді жеңу мүмкін емес. Сол себепті сіз де қарсы қадам жасауыңыз керек. Барлығын түсіндіріп, сізге сыйлық алған ұнайтынын, оның талғамын бағалайтыныңыз жайында айтсаңыз да артық етпейді.
Ұмытшақтық немесе нағыз жігіттік мінез. Бүгінде жігіттер өз құнын доллардан да асырып, менменсіп кеткенге ұқсайды. Гүл не кішігірім сыйлық жасаса, тәуелділік деп түсінеді. Қыздың дегеніне көніп, бар жағдайын жасаған жағдайда, достарының арасында күлкі болады екен. Міне, егер жігіт осы қағиданы ұстанатын болса, сыйлық күтпегеніңіз абзал. Не барлығын түсіндіріп, ойын тазалауға өзіңіз ат салысып, уақыт беріңіз. Әлде барлығы басқаша болуы ықтимал. Расымен, күнделікті жұмыстың кесірінен ұмытып кетуі де әбден мүмкін.
Көңілі қалу. Осы күнге дейін сүйіктіңіз сізді қуантпақ болып, сыйлық жасады. Бірақ оның талғамы сізге ұнамай, бетін қайтарған кезіңіз болса, ренжуге еш себеп жоқ. Барлығына өзіңіз себепшісіз. Оның жасаған сыйын сіз тағы ұнатпай қалады деген күдік басым.
Әрине, сіздің сезіміңіз жүзікпен не гүлмен бағаланбайтыны анық. Мәселе қымбат не арзан сыйлықта да емес. Тек шынайы пейілмен табысталған жүрек қана маңызды. Алдағы мейрамда ғашығыңыздың сыйлығымен бірге адал ниет, ақ махаббаттын да қабыл алыңыз!