- Негізгі бет
- Жаднама
- Сыйлық таңдағанда талғам...
Сыйлық таңдағанда талғам танылады
Сыйлықтың қымбат, ауқымды болуы міндетті емес. Алайда, сыйлық арналған адамның талғамына, қалауына сай келуі тиісті. Сыйлықты таңдаған кезде өз талғамыңыз бен оған деген қарым-қатынасыңыз көрініс табатындай болсын.
Сыйлық пайдалы-пайдасыз болуы жағына келсек, ол мағынасы кең ұғым. Мысалы, қандай да бір жақсы заттың өзі сыйлық ұсынылған адамға пайдасыз болып көрінуі ықтимал. Мысалы, түсі киімдерімен үйлеспейтін сөмке, қолына симайтын қолғап, иесінің талғамына сай келмейтін картина т.б. Біздің эстетикалық түсінігімізге қайшы келетін дөрекі, талғамсыз заттардың бәрі пайдасыз болып көрінеді.
Сыйлықты талғаммен таңдай білу қажет. Бірақ кімнің талғамы бойынша? Сыйлық ұсынушының талғамы бойынша ма, әлде сыйлық алушының талғамы бойынша ма? Екеуінің талғамдары сәйкес келсе, тіпті жақсы. Мұндай жағдайда ерекше икемдік көрсету қажет. Кейде сіз сыйлық ұсынатын адамның талғамы жетілмеген болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда сіздің шынайы ниетпен таңдап алған сыйлығыңыз ол адамды сүйсіндіріп қана қоймай, оның әсемдік жөніндегі ұғымын өзгертуге жәрдемдесетіндей болуы керек.
Сыйлықтың арзан-қымбат болуы әркімнің мүмкіншілігіне байланысты. Кейбір адамдар тек қымбат заттарды ғана жақсы әрі әдемі санайды. Тек есепқор, тоғышар адам ғана осылай ойлауы мүмкін. Ал дұрысында арнайы жасалған, ешбір жерден сатып алуға болмайтын сыйлықтар, мысалы, досқа арналып шығарылған өлең, ән, арнайы салынған картина, сурет немесе қолданбалы өнердің қайсыбір заттары да ең қымбат сыйлық саналады. Кейде қандай да бір елеулі оқиғаның, естеліктің ерекше белгісі болатын фотосурет те, картина да, жазған хат та қымбат сыйлық орнына жүреді.
Ж. Исакаев