Суықта жылытатын 7 азық-түлік

Суықта жылытатын 7 азық-түлік
Фото: crello.com

Күз-қыс мерзімінде бізге күннің көзі, жарық және жылу жетпейді. Оның үстіне кей адамдар қатты тоңғақ келеді. Диетологтар кей өнімдерді жеу қатты тоңбауға және жылынуға көмектесетінін айтады.

Құрма
Құрма — пайдалы заттардың көзі. Біріншіден, бұл жеміс қан тамырлар жұмысын реттейді. Қала тұрғындарында артериялық қысымның кенеттен өзгеруі және бас ауыруы жиі кездеседі. Мұндай проблемалармен күресуге құрма көмектеседі. Екіншіден, құрма жеу арқылы ағзадағы жылулықты сақтауға болады. Себебі ол — кальцийдің көзі, ол өз кезегінде жүректің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді. Сондықтан ол ағзаны тұрақты қан айналыммен қамтамасыз етеді.

Анар
Анарды тыныштандырушы құрал ретінде пайдалануға болады. Себебі оның құрамында В тобының дәрумендері өте көп. Ол ағзаға күйзеліске қарсы құрал ретінде әсер етеді. Оған қоса, оның дәндерінде қандағы холестерин деңгейін төмендететін және иммунитетті қатайтатын заттар бар. Анар жемісі гемоглобин мөлшерін көбейтуге көмектесетінін білеміз. Гемоглобиннің төмен болуы денсаулыққа қатысты көптеген  проблемаларға әкеледі, оның бір белгісіне үздіксіз тоңу жатады.

Ашытылған қырыққабат
Ашытылған қырыққабаттың құрамында бізге балалық кезден таныс аскорбин қышқылы бар. Бұл қысқы өнімнің 100 грамының өзінде аскорбин қышқылының тәуліктік нормасы бар. Оған қоса, оның құрамындағы С дәрумені ашу кезінде көбейе түседі. Сондықтан дұрыс дайындалған бұл тіскебасар жаңа піскен қырыққабаттан бірнеше есе пайдалы.

Картоп
Үнемі аяқ-қолдардың салқын болып тұруы қан тамырлар проблемасын білдіруі мүмкін: қан бүкіл ағзаны бірден жылумен қамтамасыз ете алмайды. Ал картоптың құрамында қан айналымды жақсартатын және аязды күні тоңбауға көмектесетін калий пайдалы элементі бар. Алайда картоп калориялы өнім болғандықтан, оны көп мөлшерде жемеген жөн. Сондай-ақ оны дайындау жолына мән беріңіз. Оны майға қуырғаннан гөрі суға қайнатқан немесе буға пісірген пайдалы.

Теңіз қырыққабаты
Балдырлар В тобының дәрумендеріне бай. Бұл топтың дәрумендері бүйрек бездерінің жұмысын реттейді, сәйкесінше, адреналин гормонын қалыпта ұстайды. Үнемі тоңып жүрсеңіз, ағзаға йод жетіспеуі мүмкін. Ал балдырлар — йодқа бай өнім.

Бал
Бұл өнім — жөтелмен және тұмаумен күресетін ең жақсы құралдардың бірі. Сондай-ақ оны жиі иммунитетті қатайтуға қолданады. Бал ағзадағы жылуды ұстап тұрады. Егер суық күні далада жұмыс бабымен ұзақ жүру керек болса, үйден шығарда аздап қара бұрыш қосылған бір шай қасық бал жеп шығыңыз. Бұл қоспа денеңізді жылумен қамтып, микробтардан қорғайды.

Шомыр (редька)
Ағзаны С дәруменінің тәуліктік нормасымен қамтамасыз етуге бір орташа шомыр жеткілікті. Ол да картоп секілді қан тамырлар қабырғасын қатайтады. Ол қан тамырлар жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді және суық уақытта ағзаға жылу береді.

А. Жапатова