Стендап деген не?

Стендап сөзі ағылшын тілінен аударғанда «standup» – тік тұру деген мағына береді, кадрдегі журналист сөзі деп айтсақ та болады. Бұл – журналистің тікелей оқиға орнынан телебағдарлама дайындау барысында жасайтын түсірілімі. Қазіргі кезде журналистер теледидарға ғана емес, видеохостингтерге арналған түсірілім үшін де, кез келген жағдайда стендап түсіреді.

Сырт көзге камераны қосып, ойындағы сөзді айта салатындай тым оңай көрінеді. Алайда, біз ойлағандай емес, стендап түсірудің машақаты жетерлік. Оны отырып, тұрып, жүріп түсіруге де болады.

Бірінші мәселе, мәтін дайындау. Сөзіңіз 20-30 секундтан аспайтындай, 7-8 сөйлемнен құралатын мәтін жазыңыз. Жаттанды сөздерді қайталамай, көрерменмен сөйлесіп тұрғандай өз сөзіңізбен айтыңыз. Сөздердің мағынасын түсіндірме сөздіктен қарап, қолданылу орны дұрыс-бұрыстығына көз жетізіңіз. Мәтінде айтылуы күрделі сөздерді қолданбағаныңыз жөн, оны синоним сөздермен алмастырыңыз. Егер оқыс оқиға болған жерден репортаж жасасаңыз, стендап мәтініне "менің артымда", "мен тұрған жерде" деген секілді сөздер қоспаңыз.

Екінші жайт, түсірілім алдындағы қобалжу. Бұл әдетпен күрес бір күнде бітетін іс емес. Күн сайын түсірілімге қатысып жүрген адамның өзі бір күні қобалжып қалуы ықтимал. Камера да киелі сахна секілді тылсым күшке ие. Сондықтан, жақсы стендап жасау үшін үнемі айна алдында жаттығып, жай бейнежазбалар түсіре беріңіз. Осылай ғана камераға үйренісе аласыз. Тура түсірілім кезінде камераның орнында досыңыз тұр деп елестетіңіз.

Түсірілім кезінде журналист ең алдымен сыртқы келбетіне көңіл қоюы керек. Қандай жағдай болса да, күннен қорғайтын көзілдірік не бас киім кимегені дұрыс. Үстіндегі киімі жинақы, классикалық стильде немесе тақырыпқа сай болса құба-құп. Артқы фоны да айтар ойына үйлесіп не бөгде назар аумайтындай қарапайым болады. Тыныс белгілерін және интонацияны басты изеп білдірудің қажеті жоқ.

Соңында монтаж жасау оңай болуы үшін, стендап басына және аяғында бес секунд үнсіз кідіріңіз. Мүмкіндігінше, екі мәрте не екі нұсқасын қатар түсіруге тырысыңыз. Аяқталған соң, жақсырақ шыққанын таңдап аласыз. Ең маңызды сөзіңізді басында айтыңыз не қорытынды сөзге қалдырыңыз. Санаулы секундта айтылатын әр сөзіңіз зор мән арқалап тұруы тиіс.