- Негізгі бет
- Жаднама
- Спортпен айналысу күйзелістен...
Спортпен айналысу күйзелістен арылуға қалай көмектеседі?
Спортпен айналысу тек физикалық формаға ғана әсер етеді десеңіз, қателесесіз. Өмірдегі қиын да, проблемаға толы кезеңде жаныңызға спорттан артық серік жоқ. Бұл пікірді тек спортшылар ғана емес, ғалымдар да растайды.
Спортпен шұғылдану сіздің бойыңыздағы төзімділікті арттырып қана қоймай, өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектесетінін байқадыңыз ба? Кейбір спортшылардың айтуы бойынша, күнделікті жаттығулар спорт алаңынан тыс уақыттарда да өз өнімділігін сақтап, көп болмаса, аз пайдасын тигізбеген. Сондай-ақ спортпен айналысатындар қарым-қатынаста да жаңғақтай берік келеді екен.
Бір қызығы, тұрақты спорт сізді бастықтың айқайы немесе уақыт тығыз кезде сабырлық пен салқынқандылықты сақтай отырып, асығыс шешім қабылдамауға үйретеді. Қарым-қатынастағы қиындықтардың да күрмеуі шешіле бастайды.
Барлық нәрсе шаршағанға ғана байланысты деп ойлауыңыз мүмкін. Жаттығулардан қатты шаршағандықтан болмашы нәрселерді уайымдауға әліңіз қалмайды.Алайда, шаруа мұнымен бітті деген сөз емес. Зерттеуге сүйенсек, спорт мидың белсенділігін қалыпқа келтіріп, зейінді арттырады. Спортпен тұрақты түрде айналысатын адамдар жаттығулардан біразға дейін босаңсыған күндерде де күйзеліске қарсы тұра алады.
Спортпен шұғылдану диабетті емдеп, инсульттың алдын алатынын, жүрек соғысын қалыпқа келтіріп, гипертония мен остеопорозды емдейді дегенді жиі естиміз. Алайда, ауыр спорт түрлерімен шұғылдану өмірдегі қиындық атаулыға тап келгенде мойымауға жағдай жасайтынын айта бермейтініміз өкінішті.
Спортшыларға жаттығулар қалай әсер етті
Бұл дағды әсіресе ауыр спорт түрлерімен айналысатын адамдарда жақсы дамыған. Бұл спортшылар көпшілік төзе бермейтін қиындықтарға төтеп беру арқылы нәпақасын табады. Айтуларынша, спорт оларды кез-келген сәтте сына бермейтін беріктікке баулыған.
Америкалық желаяқ Дезире Линденнің айтуынша, ұзақ қашықтықты жүгіріп өту кезінде жиған тәжірибелері оған тіпті дем жетпеген уақытта да сабырлық сақтауға көмектескен. Осылайша, ауыр кезеңде жігерін жиып, өзін іштей сабырға шақырған.
Әлемдегі білікті серфингшілердің бірі Ник Лэмбтің пайымдауынша, қорқыныш пен қолайсыздық оған ең үлкен толқындарды еңсеруге көмектескен. Бұдан бөлек спорттың бұл түрі Никке жігер мен тұлғалық дамуға күш берген. Ник тіпті, жігер сарқылған кезде де, қайта күш алып, еңсеңді тіктесең, кез-келген қиындықты жеңіп шығуға болатынына сенімді.
Альпинист Алекс Хоннольд қандай да болсын қиындықты тұрақты жаттығулармен жеңуге болатынына шүбә келтірмейді. Себебі, «жаттығу кезіндегі небір қиындықтарды сезінгеннен кейін, тауға шығудың өзін қорқынышты деп айтуға аузың бармайтын болады» дейді. Бұл қағиданы өмірде қолдануға әбден болады.
Америкалық велошабандоз Эвелин Стивенс сағаттық рекордты орнатқан кезде, ең қиын сәттерде «мұның бәрі қашан бітеді?» деп күтпей, күш салып, қиындықтарды барынша сезініп, оларды жеңуге тырысқан.
Экстремал-фотограф Джимми Чин қауіпті жағдайларда ақылға құлақ түріп, нақты және қиялдағы қауіпті ажыратып алуға кеңес береді.
Ал, КСРО-ның 16 дүркін чемпионы, альпинист Валерий Балезинмен сұхбаттасудың сәті түскен адамдар оның төзімділігі кез келген жағдайға тән екенін атап өтеді: тауға өрмелеу кезінде де, қарапайым өмірде де.
Ғалымдар не дейді?
Алайда, бұл дегеніңіз, қауіпті спорт түрлерімен айналысып, әлемдік рекордты жаңартуға ұмтылыңыз дегенді білдірмейді. Денсаулық психологиясы саласын зерттеу барысында бұрын-соңды мүлдем спортпен айналыспаған колледждің студенттеріне аптасына екі немесе үш рет спортзалға баруға кеңес берілген. Нәтижесінде, зерттеуге қатысқан студенттер жаттығулардың күнделікті өміріне жақсы әсер еткенін алға тартады. Бұдан бөлек, студенттердің бойынан стресстің азайғаны, алкоголь, шылымнан бас тарту немесе темекі мөлшерін азайту әрекеттері байқалған. Оған қоса олар пайдалырақ тағамдарды да тұтынып, оқу үлгерімдерінің сапасын да көтере бастаған.
Айта кетерлік тағы бір жайт, 2 айлық тұрақты жаттығудан кейін зерттеуге қатысушылар арасында өздерін қадағалау көрсеткіші жоғарылаған. Басқаша айтқанда, студенттер оқу барысындағы ең қиын сәттерде де сабырлық пен жинақылықты таныта бастаған. Сондай-ақ, спорт оларға күйзелістен арылып қана қоймай, ауқымы үлкен ақпараттарды оңай қабылдауға жәрдемдескен.
«The Power of Habit» атты кітаптың авторы Чарльз Дахигтың пікірінше, күнделікті жаттығулар әуелі өмірдің бір бөлігіне әсер етіп, содан кейін өмірдің басқа тұстарын өзгертуге кіріседі екен. Бұл әдеттердің күштілігі соншалық, өзімізге қатысты пікірді өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерді байқауға жол ашатын көрінеді.
Мәселен, Back on My Feet деп аталатын қайырылымдылық жобасы айтарлықтай нәтиже көрсеткен. Ол жоба аясында өткен марафонға 5000-нан астам үйсіз адам қатысқан. Марафонға қатысқандардың 40 пайызы жұмыс табуға мүмкіндік алса, 25 пайызы тұрақты баспанаға қол жеткізген.
Тағы бір айта кетерлігі, ұзақ қашықтықты жүгіріп өтуді күнделікті әдетке айналдыру ажырасу, жақын адамның өлімі секілді өмірдің қиындықтарына төтеп беруді үйретеді екен.
Басқа бір зерттеудің нәтижесінде тұрақты түрдегі жаттығулар күйзелістің алдын алып, тап келе қалған жағдайда еңсені тіктеуге көмектеседі екен. Тағы бір мысалды келтіре кетейік. Бірінші жарты жылдықтың басында Германиядағы Карлсруэ Технологиялық институты студенттерді екі топқа бөлген. Топтардың біріне аптасына екі рет жүгіріп тұру тапсырмасы жүктелген.
Зерттеу бас-аяғы 20 аптаға жалғасқан. Бір қызығы, соңғы 20-апта студенттер үшін ең қиын кез емтихан тапсыру кезіне тап келген. Осы кезде, зерттеушілер арнайы құрылғының көмегімен екі топтың студенттерінің жүрек қағысын анықтап, едәуір айырмашылықтарды байқаған. Нәтижесінде, жүгірумен айналысқан студенттердің күйзеліске берілу деңгейі жүгірмеген студенттерге қарағанда әлдеқайда төмен екені анықталған.
Байқағандарыңыздай, керемет нәтиже алу үшін міндетті түрде асыра сілтеп күш салу керек емес екен. Жай ғана өзіңізге ұнайтын спорт түрін таңдап, тұрақты түрде айналыссаңыз жетіп жатыр. Осылайша жалқаулықты жеңіп, көптен күткен нәтижеге қол жеткізетін боласыз.
Дереккөз: bilim-all.kz