- Негізгі бет
- Жаднама
- Сөздік қорды қалай...
Сөздік қорды қалай байытуға болады?
Сөздік қорды байыту және көпшілік алдында еркін сөйлеу үшін кітап оқыған пайдалы. Бұған қоса қосымша көмегі тиер әдістерді де қолданған жөн. Бұл жайында Massaget.kz тілшісіне Жұлдыз FM радиосының редакторы әрі жүргізушісі Анар Мыңбаева айтып берді.
Тіл байлығын дамытып, сөз қорын байытудың ең дұрыс жолы – кітап оқу. Бұл орайда көрінген кітап емес, қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын көбірек оқуға кеңес берер едім. Жай судыратып оқып шықпай, әр сөзін ұғынуға тырысқан жөн. Түсінбеген сөздер болса, түсіндірме сөздіктердің көмегіне жүгінсеңіз болады, - дейді маман.
Жаңа сөзді немесе сөз тіркесін есте сақтаудың түрлі әдістері бар. Біреу кітап оқығанда ұнаған тұстарын түрлі түсті қаламмен сызып кетсе, енді біреулер арнайы қойын дәптеріне жазып алып жүреді. Журналист Анар Мыңбаева да кейінгі айтқан әдісті қолдануды құп көреді.
Ұнаған сөз тіркестерін, әдемі цитаталарды жазып отыратын арнайы дәптер арнаңыз да, соған түртіп алып жүріңіз. Бірақ жаңа сөздер сол дәптер беттерінде қалып қоймауы тиіс. Оқыған кітаптарымыз – пассив сөз қорына қосылады. Санамызда жатталып, белсенді сөз қорына енуі үшін оларды қолдану керек. Мәселен, әлеуметтік желідегі парақшаңызға жаңа сөздерді пайдаланып, түрлі тақырыпта пост жазып тұруға болады. Оқыған кітаптар, көрген фильмдер туралы достарыңызға әңгімелеп беруді әдетке айналдырыңыз. Әңгімелеу барысында жаңа сөздерді қолдануға, бір сөзді қайталай бермей, синонимдерін пайдалануға тырысу керек, - дейді Анар Мыңбаева.
Сөздік қорды байыту жайлы келесі кеңестерге де көз жүгірте кеткен артық болмас.
1. Паразит сөздерден арылыңыз
Жаңа сөз өрнектеріне орын беріңіз. "І-і-і... (ы-ы-ы...)", "не ғой", "мына", "жаңағы" сияқты сөздерді айтудан алшақ болыңыз. Бұл сөздердің орнына нақты әрі түсінікті тіркестерді қолданыңыз.
Паразит сөздер сөздік қорды сұйылтып, ойды дұрыс жеткізуге кедергі болады. Көркем әрі нақты сөйлеуден алшақтатады. Мұндай сөздерді көп қолданбау үшін түрлі әдістерді қолдануға болады.
Өлең оқып, телефондағы диктофонға жазып алыңыз да, тыңдай жүріңіз. Өзіңізді радиожүргізуші ретінде елестетіп, диктофонға әр алуан тақырыпта шағын спичтер жазсаңыз болады. Мұның арқасында тілдік қорды да ұлғайтып, дикцияны да түзеп, әдемі сөйлеуге машықтанасыз, – дейді радиожүргізуші.
Камера немесе диктофон арқылы өз-өзіңізге сұхбат беріп, сөз саптауыңыз бен сөздік қорыңызды тексеріңіз. Қажет емес сөздерді тізіп жазыңыз. Оларды келер жолы қолданбауға тырысыңыз.
2. Әртүрлі бағыттағы шығарма мен жазбаларды оқыңыз
Сөздік қорды байыту үшін оқудың орны бөлек. Бірақ тек әдебиетпен ғана шектелуге болмайды. Әртүрлі сала бойынша хабардар болған абзал. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жазбаларды, бейтаныс адамдардың блогтарын және өзіңіз қызықпайтын газет-журналдарды да оқыған пайдалы.
3. Кез келген сөздің мағынасын білуге тырысыңыз
Кей сөздің мағынасын білмесеңіз сөздік қараудан, интернеттен іздеуден ерінбеңіз. Егер қасыңыздағы адам айтса, онда мағынасын сұраудан қымсынбаңыз. Білмегенді сұрағанның ұяты жоқ. Бұл сіз бәрін түсініп тұрғандай көрінгеннен, нәтижесіз сұхбатты жалғастырғаннан және жаңа нәрсе білу мүмкіндігін жоғалтқаннан гөрі жақсы.
4. Басқа саладағы маманмен де сырлас болыңыз
Біздің араласатын ортамыз тілдік қорымызға, сөйлеу мәнерімізге тікелей ықпал етеді. Сондықтан жаңа адамдармен танысып, өзіңізге ұқсамайтын, мүлдем басқа мамандық иелерімен араласып тұрған жөн, - дейді Анар Мыңбаева.
Кез-келген жаңа адам сізді өзгертеді. Сондықтан ортаңызды үнемі кеңейтуге ұмтылыңыз.
5. Жазыңыз
Әлеуметтік желіде пост жазыңыз немесе арнайы блог ашыңыз. Өз ойыңызды, көргеніңізді, өзге де қызықты оқиғаларды күн сайын егжей-тегжейлі сипаттап жазып отырыңыз. Жай жазбай ізденіп, пайдалы дүние ұсыныңыз.
Достарыңызбен сөйлескенде де қажетсіз хабарламалардан аулақ болыңыз және сөздердің орнына эмодзиді көп қолданбаңыз.
Жазу – үйренгендеріңізді қолданудың және оны жұртқа жеткізудің тамаша тәсілі.
6. Афоризмдер, өлеңдер мен дәйексөздер жаттаңыз
Қарапайым сөз тіркестерін жаттап алудан гөрі, жанға әсер ететін қанатты сөз тіркестерін үйрену әлдеқайда жағымды. Ұнағанның бәрін белгілеп, жазып алыңыз. Оқыңыз, қарап шығыңыз және қайта оқып шығыңыз. Уақыт өте келе сөздік қорыңыз тамаша сөз тіркестерімен толыға түседі.
7. Танымдық сайт және пайдалы парақшаларды оқыңыз
Қазір интернетте танымдық сайттар мен пайдалы парақшалар көп-ақ. Жыл санап қатары көбейіп келеді. Осы сайт пен парақшаларды жиі қарап, пайдалы танымдық дүниелерін оқудың өзі сөздік қорды дамыту мен сауатты жазуға көп көмегін тигізеді.
Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз. Мәселен, Telegram-да қолданыстан шығып қалған әдеби сөздердің мағынасын ашып, мысалдар көмегімен түсіндіріп беретін, сауатты жазуды үйрететін парақшалар көп. Осындай парақшаларға жазылып, күнделікті бір шолып отырсаңыз, пайдасы зор, - дейді Анар Мыңбаева.
Ақмарал Жанахметова
Н. Үсенова