- Негізгі бет
- Жаднама
- Смартфоннан болатын 6...
Смартфоннан болатын 6 жағымсыз әсер
Әлеуметтік желілер, ойындар, мессенджерлер: әлемдегі соңғы жаңалықтарды оқу үшін және жаңа суреттегі лайктар санын тексеру үшін күні бойы қолымыздан смартфон түспейді. Кітап оқуға немесе спортпен айналысуға уақыт жетпейді деп жатамыз. Алайда ұялы телефон мен басқа гаджеттерге қанша уақыт жұмсайтынымызды байқамаймыз. Күнде смартфонға ұзақ қарап отыру біздің эмоциялық та, физикалық та жағдайымызға әсер етеді.
Арқа ауырады
Егер смартфонға ұзақ қарап отыруға немесе ыңғайсыз күйде ойын ойнап отыруға үйреніп қалған болсаңыз, арасында арқаңыз және беліңіз ауыратынын байқаған боларсыз. Себебі кеуде және мойын бөліктері қиналады. Мысалы, ұялы телефоннан бірдеңе оқырда басыңызды төмен салбыратасыз, мойын бұлшықеттеріне салмақ түсіресіз, ал ол жүйкелердің қысылуына әкелуі мүмкін. Мұндай ауырсынулар асқынып кетпес үшін және омыртқа қисаюын болдырмас үшін әрқашан басты тіке ұстауға тырысыңыз. Сондай-ақ, жүріп оқудан бас тартыңыз және телефонды беттен 40 сантиметр алшақтықта ұстаңыз. Әрине, ең бастысы — жаттығулар жасауды ұмытпау.
Көру нашарлайды
Егер жұмыс күнін тек монитор алдында өткізсеңіз, ал одан кейін үйге келе жатқанда және тамақ ішіп отқанда экранға қарап отсаңыз, құрғақ көз синдромына жолыққан болуыңыз әбден мүмкін. Оған қоса, смартфондағы ұсақ мәтінді оқу кезінде көзді қатты күйзеліске шалдықтырасыз. Гаджеттермен әуестену көздің тез шаршауын шақырады. Бұл әдетіңізді өзгертпесеңіз, уақыт өте нашар көре бастауыңыз мүмкін. Мұндай жағдай орын алмас үшін көзді әр 20-30 минут сайын демалтуды ұмытпаңыз және экранға сирек қарауға тырысыңыз.
Тері проблемалары пайда болады
Смартфон — түрлі бактериялардың ұясы. Оның күні бойы лас заттармен жанасатынын ұмытпаңыз. Ал сіз оны сөйлесу үшін немесе дауыстық хабарлама тыңдау үшін бетіңізге қайта-қайта тақайсыз. Смартфон бетінде болатын бактериялар бөртпе мен дерматит пайда болуына және тері тітіркенуіне итермелеуі мүмкін. Мұндай проблемалардың пайда болу қаупін азайту үшін гаджеттер тазалығын сақтаңыз. Мысалы, оларды антибактериялық майлықтармен сүртіңіз және кез келген жерге қоя беруді қойыңыз.
Мазасыздануға жаңа себептер пайда болады
Қазір қылмыстар, экологиялық және экономикалық проблемалар, түрлі апаттар жайлы ақпарат көп. Мұндай жазбалардың жағымсыз эмоцияларды шақырмауы және мазасыздануға әкелмеуі мүмкін емес. Үнемі әлеуметтік желілерде отыру — заманауи адамда депрессияның пайда болуына себепші фактордың бірі. Егер жаңалықтар оқығаннан кейін өзіңізді мазасыз сезінетініңізді байқасаңыз, әлеуметтік желілерде өткізетін уақытты азайтуға тырысыңыз.
«Уыстан шығарылған пайда» синдромы дамиды
«Уыстан шығарылған пайда» синдромы — үнемі қызықты нәрсені (жаңалықты) немесе қандай да бір мүмкіндікті жіберіп алудан қорқу. Әлеуметтік желілердегі адамдардың қарым-қатынасын көре алмау да бұл синдромның пайда болғанын білдіреді. Басқа адамдардың бақытты өмірін бақылай отырып, біз өзімізді күйзеліске түсіртеміз және өз өмірімізді іш пыстырарлық санаймыз. Мұндай ойлар өз-өзіңізді бағалауыңызды түсіріп жіберуі мүмкін.
Басқалармен сөйлесу дағдысы нашарлайды
Әрбір адамның мынадай бір танысы бар: сіз онымен сөйлесіп отсаңыз да, ол әлеуметтік желідегі лентасын жаңартып отырады. Бұл әрекетті психологияда фаббинг деп атайды және ол әңгімелесушіні елемеудің бір әдісіне жатады. Ал басқа адамдар өздерін сенімсіз сезінсе, телефонды пайдалана бастайды: олар үшін смартфон құтқарушы затқа айналған. Әлеуметтік желілерде жиі отыру және тұйық өмір салты уақыт өте адамның басқалармен араласу дағдысының нашарлауына әкеледі. Сондықтан достарыңызбен жиі кездесіңіз және әлеуметтік желілерді ұмытуға көмектесетін жаңа хобби табуға тырысыңыз.