- Негізгі бет
- Жаднама
- Іштегі майды кетірудің...
Іштегі майды кетірудің 6 жолы
Ішке май жиналу – көп адамның бас қатырар проблемасы. Сыртқы сымбатыңды бұзып қана қоймай, диабет пен жүрек дертіне шалдықтыруы да мүмкін екен. Сондықтан да іштегі майдан ертерек құтылуға тырысыңыз.
Ішке май жиналғанын қалай білуге болады? Ол үшін белді өлшейтін арнайы сантиметрлер көрсетілген лента қажет. Беліңізге ораңыз да, өлшеп көріңіз. Ер адамдар үшін 102 см-ден, әйелдер үшін 88 см-ден аспаған болу керек. Егер бұл нәтиже жоғары болса, төмендегі кеңестерге құлақ асқан абзал.
1. Қант пен тәтті сулардан татып алмаңыз
Қант зат алмасуға кері әсер етеді. Сондықтан көп тұтынбаған жөн. Егер көп жейтін болсаңыз, бауыр оны майға айналдырады. Зерттеулер бойынша анықталғандай, ол май белге жинала бастайды.
Таза қанттан да қауіптісі – сұйық күйде болуы. Тәтті сусындар құрамында қант көп болады. Ми оны торт немесе кәмпит сияқты қабылдамайды. Сондықтан адам тәтті сусындарды тоқтаусыз іше береді. Әсіресе құрамында қанты көп сусындар балаларды семіздікке шалдықтырады.
Ең бірінші жол – күнделікті жейтін тағамдар мен сусындарды назарға алу. Газды сусындар, тәтті шырындардан бас тартыңыз. Олардың орнын жеміс-жидектермен алмастырғаныңыз абзал. Сондай-ақ кез келген тағамды немесе сусынды сатып аларда құрамындағы қант мөлшеріне мән беріңіз.
2. Ақуызы мол тағамдарды жеңіз
Ақуыз – салмақ тастауға айтарлықтай көмектесетін макроэлемент. Зат алмасуды жақсартып, тоқ жүруге де көмектеседі. Сондай-ақ салмақ тастауға ғана емес, кейін қайта семіріп кетпеу үшін де септігі бар. Зерттеулер бойынша, ақуызы мол тағамдарды көп тұтынатын адамдардың ішіне май жиналмайды екен.
Әрине, нәтиже шығару үшін ақуызы мол тағамдарды көп жеңіз. Ақуыз жұмыртқа, балық, теңіз өнімдері, бұршақтұқымдастар, жаңғақ, ет пен сүт өнімдерінде молынан болады.
3. Көмірсуға бай тағамдарды азайту керек
Көмірсулар жеміс-жидектерде, көкөністерде, нан мен бұршақта, басқа да күнделікті рационымыздағы тағамдарда міндетті түрде болады. Сол себепті ол артық салмақ қосады екен деп, көмірсулардан мүлдем бас тартқан дұрыс емес. Көмірсулар ағзаның дұрыс жұмысы үшін өте қажет, алайда арықтауға да бөгет болатындығы рас. Сондықтан көмірсуы мол тағамдарды азайтуға болады. Бірден емес, біртіндеп бас тарта бастағаныңыз жөн.
Көмірсу денемізді 60%-ға энергиямен қамтамасыз ететін күш-қуаттың бірден-бір қайнар көзі. Егер мөлшерін азайтсаңыз, денедегі майлар энергия қызметін атқарып, ыдырай бастайды.
4. Жасұнығы мол тағамдарды жеңіз
Тағам құрамындағы жасұнықтар салмақ тастауға көмектеседі. Ішекте астың қимылын баяулатады. Нәтижесінде ас жылдам қорытылып кетпейді. Тез арада қарын ашып, асқазан шұрылдамайды.
Кей зерттеулер бойынша күніне 14 грамм жасұнықты тұтыну 4 ай ішінде 2 кило салмақ тастауға көмектескен. Тағы бір тәжірибе бойынша күніне 10 грамының өзі майды ыдыратуға айтарлықтай әсер еткені анықталған. Ол үшін күніне жеміс-жидек, көкөніс пен бұршақ өнімдерін көбірек жеу керек.
5. Жаттығу жасау керек
Жаттығулар салмақ тастау үшін ғана керек емес, бастысы – денсаулыққа пайдалы. Егер іштегі майдан құтылғыңыз келсе, онда қарынға арналған жаттығуларды ғана жасау керек емес. Одан жүру, жүгіру, суда жүзу мен аэробикалық жаттығулар әлдеқайда пайдалы. Мұндай жаттығулар салмақ тастауға көп көмектеседі. Қан құрамындағы қант мөлшері төмендейді әрі астың дұрыс қорытылуына септігін тигізеді.
6. Қалай тамақтанып жүргеніңізге мән беріңіз
Тамақтану – саулық негізі. Күнде не жеп жүргеніміз маңызды. Жеген тағамның құрамында не бар екеніне және қанша грамм жеу керек екеніне мән беріңіз. Ол үшін кішкене таразы алып, жейтін тамағыңызды өлшеп жүріңіз. Ылғи осылай жасап жүруге де мүмкіндік болмайтыны рас. Дегенмен диета ұстағанда немесе салмақ тастау үшін ниеттенген кезде осы әдіс көмектеседі.
Егер тағамның мөлшеріне, оның құрамындағы калория, нәруыз, май мен көмірсуларға мән бермесеңіз, онда салмақ тастауға асықпай жүргеніңіз.
Деніңіз сау болсын!
Н. Үсенова